ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Сириялық кикілжің немесе «НАТО-ға қарсы» коалицияның даму катализаторы
МӘСКЕУ. 18 ақпан. ҚазАқпарат - Өткен аптадағы әлемде орын алған маңызды оқиғалар халықаралық қоғамдастықтың айтарлықтай өткір жанжалдар бойынша жаңа шешімдер әзірлеуге ұмтылысымен байланысты болды.
Әсіресе, өткен жылдың көктемінен бері оппозициялық күштер мен билік арасындағы текетірес жалғасып келе жатқан Сириядағы жағдайды реттеу шараларына ерекше назар аударылды. БҰҰ мәліметтері бойынша осы уақыт аралығында 5,4 мың адам және шамамен 2 мыңға жуық үкіметтік күш-қуат құрылымдарының қызметкерлері қаза тапты.
Дегенмен, әлемнің бірқатар жетекші елдерінің өңірдегі тұрақтылықты қалыптастыруға жұмсап жатқан күш-жігері оң нәтиже берер емес. Елдегі зорлық-зомбылық жасандылық сипатқа ие, ал жанжалдарды шешу үшін алғышарт әлі де болса қарастырылып отырған жоқ. Бұдан бөлек Сирия мәселесі бойынша ең беделді халықаралық алаңдарда әртүрлі елдер өкілдерінің басқосуына іле-шала өңірде қарулы қақтығыстардың орын алуы тәжірибесі қалыптасып отыр.
Бейсенбі күні БҰҰ Бас ассамблеясы Египеттің Сирия бойынша дайындаған қарарын қабылдады. Онда Дамаскіні бейбіт оппозиционерлерге қатысты қуғын-сүргінді тоқтатуға шақырған. Дауыс беру барысында 137 мемлекет қарардың қабылдануын жақтаса, 12 мемлекет, оның ішінде Ресей, Қытай, Венесуэла, КХДР және Иран қарсылық танытты, сонымен қатар 17 ел қалыс қалды. Жобаны қуаттамаған елдер аталған қарарда өздерінің Сирияның барлық оппозициялық күштерін зорлық-зомбылыққа жақын қарулы топтардан қашықтатуға шақырған ұсыныстары ескерілмегендігін атап өтті.
Қарарда сириялық билік тарапынан құқық пен бостандықтың жаппай және жүйелі түрді бұзылуы жалғасып жатқандығы айыпталынады. Сирия дағдарысындағы барлық кінә елдің басшылығына жүктеледі. Сонымен қатар осы елге БҰҰ-ның арнайы елшісін тағайындау ұсынылады.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шешімінен бұл құжаттың айырмашылығы ұсыныстық сипатқа ие әрі қандай да бір әскери күштердің араласуын қарастырмайды.
БҰҰ жанындағы Сирияның тұрақты өкілі Башар Джафари Бас Ассамблея қабылдаған қарар жағдайды одан әрі қиындататындығын және «елде бұдан да зор бейберекетсіздікке» әкелетіндігін мәлім етті. Жұма күнінің өзінде-ақ сирия армиясы Хомс қаласын артиллериялық соққының астына алуды бастады.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін жексенбі, 12 ақпан күні Араб мемлекеттерінің лигасы БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесін Сирияға бейбіт мақсаттағы контингент кіргізуге шақырған қарарын жариялаған болатын. Күткендей-ақ Араб мемлекеттері лигасы елдерінің өкілдері Сирияны дипломатиялық оқшаулауға шақырды және сириялық оппозицияға жан-жақты қолдау көрсету үшін онымен тығыз байланыс орнату қажеттігін көтерді. Бұл нұсқаның Дамаскідан және қандай-да бір шетелдік күштердің араласуына қарсы болып отырған басқа да елдер тарапынан сынға ұшырағандығы түсінікті.
Сондай-ақ Париждің «Сирия достары» конференциясын өткізу туралы бастамасы да біржақты болып отырған жоқ. Оның алғашқы отырысы 24 ақпан күні Тунисте белгіленген еді. Бір апта бұрын АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Виктория Нуланд бұл форумда Ресей мен Қытайға орын жоқ екендігін мәлімдеген болатын. Өйткені олар «сөзімен де, ісімен де сирия халқын қолдаушылардың» қатарына кіріп отырған жоқ. Мәскеу балама «достар» тобын құру Ливияға НАТО-ның әскери операциялар бастауына жол ашқандығына сүйеніп, конференция шақыру идеясына сақтықпен қарауда.
БҰҰ Бас Ассамблеясындағы Сирияға қатысты соңғы дауыс беру әлемдік аренада жаңа ауырлық ортасының қалыптасуына біртіндеп үрдіс қалыптасып келе жатқандығын білдіреді. Ең дұрысы, ол болашақ әлемдік құрылым бойынша ерекше пікірді (еуроатлантикалық шеңберден өзгеше) қорғауға бағытталатын болады. Сонымен қатар «НАТО-ға қарсы» қадамдардың күшеюі батыс ойыншыларының ымырасыз әрі шабуылдық ұстанымымен келіспейтін, бірақ өздерінің ұлттық мүддесін қорғауға дайын бірқатар елдер тарапынан мәжбүрлі шараларға айналып келеді.
Қазіргі уақытта Батыс әлемнің басты өңірлеріне ықпал етудегі күресті лайықты қарсыласқа ие болды деп айтуға ертерек. Бүгінде қарардың қабылдануына қарсы болғандар стратегиялық әріптестер емес, керісінше өңірлік және басқа да ықпал етуде өзара бәсекелестер ретінде көрініп жүрген елдер болып табылады.
Дегенмен де олардың Таяу Шығыс бағытындағы ықтимал жетістігі жалпы тұжырымдамасы өзіндік халықаралық бағалау мен қадамдарды алға жылжыту болатын жаңа мығым саяси блоктың қалыптасуы үшін негіз қалай алады әрі көптеген аспектілер бойынша еуроатлантикалық көзқарастан ерекшеленетін болады.