ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Таяу Шығыс 2012 немесе парсыша тізбекті реакция
МӘСКЕУ. 14 қаңтар. ҚазАқпарат /Нарымбек Ысмағұлов/ - Жаңа жыл басталғанымен де жалпыәлемдік проблема өзінің маңызын еш жойған емес. Керісінше, Таяу Шығыстағы тұрақсыздық пен еуропалық және әлемдік экономикадағы алдағы дағдарысқа байланысты негізгі қатерлер жаңа бейінге ие болып, көңілге кірбің ұялататын перспективаны айқындап келеді.
Сірә, қазіргі күні көптеген байқаушылар тарапынан көтеріліп отырған ең негізгі мәселе Иран мен АҚШ және басқа Таяу Шығыс өңіріндегі өзге де елдермен арадағы әскери текетірестің бастау алу ықтималдығы болып отыр. Мәлім болып отырғандай, МАГАТЭ-нің арнайы комиссияның жұмысы туралы есеп жарияланған өткен жылдың 8 қарашасынан Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі ахуал шиеленісіп кетті. Сәл кейінірек АҚШ, Еуропалық одақ және басқа да бірқатар мемлекеттер Теһранды ядролық бағдарлама бойынша келіссөздерді жаңғыртуға мәжбүрлеу үшін Иранға қатысты санкцияларды, оның ішінде иран мұнайын сатып алуға эмбарго қою арқылы күшейтуге келісті.
Өткен жылдың соңында Иранның бірінші вице-президенті Мохаммад Реза Рахими иран мұнай экспортына эмбарго енгізілген жағдайда Теһран әлемдік нарыққа Парсы шығанағының мұнайы өтетін Ормуз бұғазындағы жолды жабатындығын мәлімдеді. Қазіргі күнде осы маршрут арқылы барлық әлемдік көмірсутек шикізаты жеткізілімінің 40 пайызы тасымалданады. Бұғаздың солтүстік жағалауы Иранның, ал оңтүстігі АҚШ-тың стратегиялық әріптестері болып табылатын БАӘ мен Оманның бақылауында.
Иран өз пиғылының салмақтылығын аталған бұғазда әскери күштерінің онкүндік ауқымды оқу-жаттығу жиынымен көрсетті. Онда олар су кемелерінің жолына шектеу қоюумен қатар алыс радиустегі зымырандарына сәтті сынақ та жүргізді. Міне осындай қауіпті мәлімдеме, әрине, Вашингтон тарабының да назарынан тыс қалмағаны сөзсіз. Қаңтардың алғашқы күнінде-ақ АҚШ оқу-жаттығу ауданына өзінің ұшақ тасымалдайтын әскери кемелерін жіберсе, осы аптада Парсы шығанағы ауданын Әскери-теңіз күштерінің амфибия-десант тобы мен Теңіз жаяу әскерлері экспедициялық батальонымен күшейте түсті.
Дегенмен, енді бір аптадан кейін, яғни 23 қаңтар күні ЕО кеңесінің отырысында СІМ басшылары иран мұнайын жеткізуге эмбарго енгізу туралы мәселені түбегейлі қарайтын болады. Егерде барлық тараптар құптайтын болса, онда иран мұнайы экспортының шамамен 18 пайызы елдің резервуарларында қалады. Ал одан кейін не болатындығы ешкімге де беймәлім.
Бірақ, бүгінде де 2008 жылдың жазындағы жағдай қайталанады дегенге үмітіміз зор. Есте болса, дәл осындай Ормуз бұғазын жауып тастау турасындағы АҚШ пен Иран арасындағы қоқан-лоққы жасасу болып, ол тек мәлімдеме деңгейінде қалған еді.
Шындығында Еуропа одағында да мұнай эмбаргосын енгізуге қатысты ортақ пікір жоқ. ЕО-ға тасымалданатын иран мұнайының шамамен үштен екісі Грекия, Италия және Испанияға тиесілі. Сондықтан да онсыз да еуроның проблемалы аумағындағы жағдай қиындыққа тап болуы мүмкін.
Қазірдің өзінде жағдайдың беймәлімділігі мұнай құнына айтарлықтай әсер етіп отыр. Жыл басынан бері барреліне 110 АҚШ долларын құрауда. Теһранның мемлекеттік кірістің басты көзінен айырылуы көмірсутек шикізатының жетіспеушілігіне және мұнайдың әлемдік бағасының айтарлықтай көтерілуіне әкелетіндігіне еш шәк келтіруге де болмайды. Жекелеген бағалаулар бойынша, мұнай құны барреліне 240 АҚШ долларына дейін көтерілуі мүмкін.
Осындай жағдайда бірқатар мұнай жеткізуші елдер өзіндік өндірістің көлемін ұлғайту есебінен жетіспейтін энергоресурстарды толықтыруға дайын екендіктерін мәлім етіп отыр. Осы аптада Біріккен Араб Әмірліктері Жапонияға жеткізілетін иран мұнайы жеткізілімінің орнын толықтыруға дайын екендіктерін жариялады. Оған дейін Сауд Арабиясы өзінің ресурстары есебінен әлемдік тұтыну көлемін қамтамасыз етуге міндеттеме алған-ды. Дәл осындай көңіл-күй ресейлік экспорттаушылар арасында да бар. Олардың бірқатары шикізатты өндіру көлемін ұлғайту мүмкіндігін әрі негізінен еуропалық нарыққа шоғырланатындықтарын жоққа шығармайды.
Дегенмен, негізгі мұнай жеткізуші елдердің экспортты ұлғайтуы әркезде де олардың айрықша ілтипатына сай келмейтіндігін мойындау керек. Біріншіден, көп жағдайда онсыз да өз мүмкіндігінің шегінде жұмыс істеп жатқан мұнай өндіру қуаттарын асығыс өрістету ертеңгі күні санкция алынып тасталып, иран мұнайы қайтадан рынокқа ағылғанда өзін ақтамауы мүмкін. Екіншіден, халықаралық нарықтағвы көмірсутектерінің өте тапшылығы мұнай фьючерстері бағасының шұғыл жоғары көтерілуіне әкеп соғады, ал бұл өз кезегінде ешқандай әрекет жасамаса да экспорттаушы елдерге шаш-етектен пайда келтіреді.
Толықтай алғанда, бүгінде әлем әзірше біржақты векторы жоқ маңызды қатерлердің алдында тұрғандығы айқын және де бұл жағдайда тамырын басып, дәл диагнозын қою мүмкін емес. Бірақ та, заманауи жағдайда бір елдің немесе жекелеген өңірдің проблемасы халықаралық қоғамдастықтың ағат әрі асығыс қарарының салдарынан онсыз да әлем қорқынышпен күтіп отырған 2012 жылда өркениеттің күйзеліске ұшырау катализаторы болуына әкеп соғуы мүмкін.