ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Түркиядағы «реформа» және Армения дағдарысы өрши түсті, АҚШ сайлауға қамдануда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан аптада әлемде бірқатар маңызды оқиғалар орын алды. Brent маркалы мұнайдың бағасы Лондон биржасында соңғы үш айда тіркелген ең төмен көрсеткішке дейін құлдырады. Түркия билігі өз қатарын «тазартуды» мықтап қолға алды. Бүгінгі деректер бойынша, Түркияда сәтсіз ұйымдастырылған әскери бүлікке қатысы бар деген күдікпен 18 мыңнан астам адам ұсталды. Олардың қатарында 17 журналист бар. Еуропа Түркияның ел ішінде жасап жатқан қатаң шараларын айыптауда. Армения астанасы - Ереванда жаппай тәртіпсіздіктер орын алып, салдарынан 165 адамды полиция қамауға алды. Жаралылар да аз емес. Ал АҚШ-та сайлауалды науқан қыза түсті. Сарапшылардың пікірінше, бұл сайлау өзге сайлаулардан өзгерек болмақ. Демократтар алғаш рет АҚШ президенттігіне әйел кандидатты ұсынса, республикалық партия сонау Авраам Линкольн заманынан бері Дональд Трамп сияқты саясатқа қатысы жоқ тұлғаны алғаш рет таңдап алды. Енді барлығын жеке-жеке жіктесек...

ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Түркиядағы «реформа» және Армения дағдарысы өрши түсті, АҚШ сайлауға қамдануда

Мұнай бағасы төмен сырғыды

 Лондонның ICE биржасында мұнай бағасы соңғы үш айда тіркелген ең төмен көрсеткішке дейін түсті. 2016 жылдың маусым айымен салыстырғанда, Brent мұнайы баррелінің арзандауы 20 пайыздан да асып кеткен. Сарапшылар мұнай бағасының 40 долларға дейін арзандайтынын ескертеді.

 ICE биржасындағы жұма күнгі сатылым барысында Brent мұнайының құны 2016 жылдың 18 сәуірінен бері тұңғыш рет 42 доллардан төмен түсті. 2016 жылдың қыркүйек айында жеткізілетін Brent мұнайына фьючерс құны 41,85 долларға кеміді, яғни бейсенбі күнгі сатылым жабылуымен салыстырғанда 1,99% төмендеген.

Brent баррелі 53 долларға дейін шарықтаған маусым айының басынан бері мұнай бағасының құлдырауы 20%-дан асып кетті. Сарапшылар мұнай бағасының құлдырауын АҚШ бұрғылау қондырғысындағы жұмысшылар санының, жеткізулердің көбеюінен инвесторлардың қауіптенуімен және бірқатар ливиялық порттардан мұнай экспорттаудың жаңғыртылуымен байланыстырып отыр.

  Ақша ағынын тұрақты ұстап тұру мақсатында және бағаның құлдырауына байланысты шығынды қалай да өтеу үшін америкалық компаниялар мұнай өндірісін ұлғайта бастады. Baker Hughes мұнай саласында қызмет көрсететін компанияның деректері бойынша, екі апта ішінде АҚШ-та бұрғылау қондырғыларының саны 16-ға көбейіп, 463-ке жетті. Бұл жағдай әлемдік нарықты, керісінше, тығырыққа тіреп отыр. Бұрғылау қондырғыларының көбеюі - мұнай өндірісінің ұлғаюына алып келеді. Бірақ нарықта ұсыныс көлемі артылып жатқан жағдайда, бұл - мұнай бағасының ары қарай да құлдырауына әкеліп соғады.

Түркияны «Гүлен» түртті ме?

Түркия мемлекеттік органдарды, білім беру саласын, әскер қатарын, тіпті БАҚ саласын жаппай «тазартуға» кірісті. Ресми деректерге сәйкес, қазір Түркияда бүлік ұйымдастырды деген күдікпен 17 мыңнан астам адам ұсталған. Мыңдаған адам жұмыстарынан босатылды.

 «Тазартуға» БАҚ өкілдері де ілікті. Жұма күні Стамбұл соты Фетхуллах Гүленнің жақтастары болуы ықтимал деген күдікпен 17 журналисті қамауға алу туралы үкім шығарды. Жалпы сотқа 21 журналист тартылған болатын. Алайда 4 тілші жұма күні болған сот отырысынан соң, сот залында босатылды.

Бұның алдында, Журналистерді қорғау комитеті таратқан мәліметтер бойынша, 15 шілде күні Түркияда бүлік ұйымдастыруға атсалысты деген күдікпен 88 тілші полиция қолына түскен. Сонымен бірге 330-ға тарта журналист аккредитацияларынан айырылды. Оның алдында Түркия билігі 3 ақпараттық агенттік, 16 телеарна, 23 радиостанса, 45 газет пен 15 журналды жабу жөнінде шешім шығарған болатын.

 Өз кезегінде, Түркия Премьер-министрі Бинали Йылдырым ел армиясы Фетхуллах Гүленнің жақтастарынан толық тазартылғандығын мәлімдеді.

 Премьер Түркияның Жоғары әскери кеңесі мемлекеттік армияның қатарын тазарту жұмыстарын аяқтағандығын атап өтті. Жүргізген тексерістен кейін, Түркияның Жоғары әскери кеңесі 99 полковниктің шенін генерал мен адмиралға дейін жоғарылату туралы қаулы шығарды. Бұрын хабарланғанындай, Түркияда әскери төңкеріс жасамақ болды деген күдікпен 1684 офицер қудалауға ұшырады. Олардың ішінде 149 генерал мен адмирал, 1099 орта буынды офицер бар.

 Түркияның қатаң шаралары бірқатар батыс елдерінің түсінбеушілігін туғызды. Олардың ойынша, бұндай жаппай қудалаудың арты жақсылыққа соқтырмайды.

 Өз кезегінде Түркия Президенті Реджеп Тайип Ердоған түрік демократиясына емес, керісінше, төңкеріс жасаушылардың тағдырына алаңдап отырған мемлекеттер Анкараның досы бола алмайтындығын мәлім етті.

 «Кейбір адамдар бар, бізге кеңес беретін. Олар алаңдап отырғандықтарын айтады. Өз істеріңе алаңдаңыздар! Өздеріңнің жасаған істеріңе қарап алыңыздар», - деп төтесінен кесті Р.Ердоған.

  Бұның алдында Түркия президенті бүлікшілердің «көшбасшысы» Фетхуллах Гүленге АҚШ тарапы, атап айтқанда, бүлікші әсерилерді қудағалауға қатысты қарсылық білдірген АҚШ Қарулы күштерінің Орталық колбасшылығының жетекшісі Джозеф Вотелді айыптаған болатын. Дегенмен Д.Вотел, БАҚ арқылы баяндама жасап, бұл айыптаулар негізсіз екендігін ашып айтты. 

   CNN Turk-тің хабарлауынша, жексенбі, 31 шілде күні АҚШ Қарулы күштері штабтары басшылығы комитетінің жетекшісі Джозеф Данфорд Түркияға іс-сапармен келеді деп күтілуде. Дипломатиялық дереккөздер таратқан мәліметтер бойынша, Данфорд Анкарада бірқатар келіссөздер жүргізіп, Түркияның оңтүстігінде орналасқан Инджирлик әуебазасына барады деп жоспарланған. Бұл америкалық жоғары лауазымды әскери тұлғаның Түркиядағы бүліктен кейін жасағалы жатқан алғашқы сапары болмақ.

   Айта кетейік, 15 шілде күні Ыстамбұлда әскери бүлік орын алып, 200-ден астам бейбіт азамат қаза тапты. Бүлік барысында төңкеріс жасауға шыққан әскерилердің 100-ге жуығы өлтірілді. Қазіргі уақытта 17 мыңға тарта адам ұсталды. Бұл көтерілісті «Түрік Қарулы күштеріне еніп алған Фетxуллаxшыл лаңкестік ұйымы ұйымдастырды» деп жарияланды.

Ереван ереуілі бәсеңдер емес

   Кеше, 29 шілде күні Ереванда полиция мен шеруге шығушылар арасында қақатығыс орын алды.

   Ереванда полиция бөлімшесін басып алғандар мен тәртіп сақшалары арасындағы атыста бір полиция қызметкері жараланды. Басып алынған ғимарат маңында жұма күні «Сасна црер» қозғалысының жақтастары қарсылық шеруіне шыққан.

 Айта кетейік, бұл қозғалыс мүшелері екі апта бұрын полиция бөлімшесінде  адамдарды кепілге алған, қазіргі уақытқа дейін олардың өздері сол ғимарат ішінде бекініп отыр. Жұма күні бір топ адам шеруге шығушылардан бөлініп, полицияның қорғаныс сабын бұзбаққа әрекеттенді. Мақсаттары басып алынған ғимаратқа өту болған.  

  Осы уақытта ғимараттағы, полк аумағындағы қарулы топ мүшелері әр тарапқа оқ жаудыра бастады. Атыс салдарынан бір полицей жараланды. Ол ауруханаға жеткізілді.

  Елдің Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хатшысы жалпы 5 полицейдің зардап шеккенін айтып отыр. Оның біреуіне оқ тиіп, жараланған. Қақтығыс барысында 165 адамды полиция ұстап әкетті, олардың 26-сы қамауға алынды. Қалғандары босатылды, деп хабарлайды жергілікті құқық қорғау органдары.

    Айта кетейік, Ереванда жұма күні полиция шеруге қатысушылар акциясына тосқауыл қойды. Оларды тарату үшін түтінді шашкалар мен шулы гранаталар пайдаланды. Шеруге шығушылар полицияға тас атып, қарсылық танытты. Олардың қатары - 3 мың адам. Жалпы, осы қақтығыстан барлығы 30 адам зардап шекті.

      Еске салар болсақ, «Сасна црер» қозғалысының адамдары 17 шілде күні полиция бөлімшесін басып алып, ондағы қызметкерлерді кепілге алған. Бірақ бірнеше күннен кейін адамдарды босатып, өздері ішінде бекініп қалды.

  Қарсылық акциясына қатысушылар ел президентінің отставкасы мен оппозиция жетекшісі Жирайр Сефилянды босатуды сұрады.

АҚШ-тағы сайлауалды науқан қыза түсті

  АҚШ-тағы жалпыхалықтық президенттік сайлау 8 қарашада өтеді. Елдегі ең жоғары лауазымға демократтар атынан АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон мен Республикалық партия атынан ұсынылған кандидат, танымал миллиардер Дональд Трамп таласқа түседі.

    Демократ Хиллари Клинтон АҚШ-та екі ірі партияның бірінен ел президенттігіне ұсынылған алғашқы әйел кандидат болып отыр. АҚШ-тың бұрынғы бірінші ханымы, сенатор және мемлекеттік хатшы көпжылғы тәжірибеге ие. Оның беделі демократ-сайлаушылардың қатарында жоғары бағаланады. Клинтон мен республикалық партияның ұсынған үміткері Дональд Трамп президенттік сайлауда аяусыз әрі ымырасыз тартыс көрсетеді деп болжануда. Осыдан бірер күн бұрын, Дональд Трамп саяси қарсыласы Хиллари Клинтонға «енді бұдан былай жылышырай» танытпайтындығын айтып, оған үлкен айқасқа дайын болуға кеңес берді.

     Өз кезегінде Nielsen маркетингтік компаниясының деректері көрсетіп отырғанындай, республикалық съездің жабылу салтанатында Дональд Трамптың жасаған баяндамасы, Хиллари Клинтонның қатысуымен өткен демократиялық партияның съезіне қарағанда, телеэкрандарға 2 миллионнан астам адамға көп телекөрермен жинаған. Жұма күнгі жарияланған деректер бойынша, Хиллари Клинтонның демократиялық партия съезінде сөйлеген сөзін телеарналар арқылы 30 миллион адам тамашалаған. Ал республикалық партия съезінің жабылуында сөз алған Дональд Трамптың баяндамасын 32,2 миллион телекөрермен тыңдаған. Дегенмен демократиялық партияның телекөрермендері әлеуметтік желілерде көбірек белсенділік танытқан, зерттеу авторларының деректері бойынша, 23,4 мың твит әр минут сайын жіберіліп тұрған болса, съезд өткен күні жалпы 583 мың адам 2,8 миллион хабарлама жариялапты. Өз кезегінде, Трамп телекөрермендері баяндама барысында 16 мың твит жолдаса, трансляция жасалған күні жалпы көлемі 2 миллион твит хабарламаларын жіберген.

  Рейтер ақпараттық агенттігі және Ipsos зерттеу агенттігінің жүргізген сауалнамасы бойынша, АҚШ-тағы президенттік сайлауға демократтар атынан ұсынылған Хиллари Клинтон өзінің қарсыласы Дональд Трампты 6 пайыздық көрсеткішпен халық даусын көп жинаған. Клинтон 40,5 пайыз дауысқа ие болса, сауалнамаға қатысқандардың 34,6 пайызы Трампқа сенім артқан. 25-29 шілдеде өткізілген сауалнама барысында, сұралғандардың 25 пайызы «басқа» үміткерді таңдаған. 

    Оның алдында 22-24 шілдеде өткізілген сауалнамада керісінше, Дональд Трамп 39 пайыз дауыс жинап, Хиллари Клинтонды 2 пайыздық көрсеткішпен (жалпы 37 пайыз) басып озған болатын. Қарап отырсақ, Дональд Трамп АҚШ саясатының «алыбы» - Хиллари Клинтонға саяси мінберде дес берер емес, тіпті президенттік тақтан дәмесі көп екендігін танытуда.

    2015 жылдың маусым айында атақты шоумен және миллиардер Дональд Трамп президенттік додаға қатысамын деген мәлімдемесін естіген кезде, көптеген саясаткерлер мен журналистер миығынан күлген болатын. Тіпті көпшілік оның бұл сөзіне сенімсіздік те танытқан.

 Айта кетейік, Дональд Трамп саяси тұлға ретінде танылмаса да, 90-шы жылдары республикалық партия атынан президенттікке кандидат ретінде тіркелген болатын. Оның популистік сөздері ол кезде БАҚ-тың менсінбеушілігін тудырды. Тіпті тілшілердің басым бөлігі дау-дамайға жақын тұратын Трамптың сайлауалды кампаниясын жариялаудан бас тартты. Бірақ Трамп теріс болжамдарға қарамастан, «мүйізі қарағайдай» саясаткерлерді жолынан тайдырып, республикалық партия атынан ресми түрде ұсынылған үміткер атанды. Республикалық партия, сонау Авраам Линкольн заманынан бері, Дональд Трамп сияқты саясатқа қатысы жоқ тұлғаны алғаш рет таңдап алды. Дегенмен Трамптың саяси әдепке көңіл аудармай, бетке айтатын тікшілдігі, сайлаушылардың ызасы мен ашуын өз пайдасына қолдана алу қасиеті оған керемет танымалдылық әкелді және АҚШ президенттігіне келуге үлкен мүмкіндіктер сыйлады. Алайда оның популистік сөздері, нақты ұсыныстардан гөрі, көбіне уәделерді үйіп-төгуі, соңына дейін халық сенімін ұялатпай келеді.