ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Түркияның Суруч қаласындағы теракт, Франциядағы фермерлер наразылығы және Лафейетт кинотеатрындағы атыс
Суруч қаласындағы қанды қырғын
Дүйсенбі күні Түркияның оңтүстігіндегі түркия-сирия шекарасынан 10 шақырым жерде орналасқан Суруч қаласындағы мәдениет үйінің қасында лаңкес-содыр жарылғыш затты іске қосты. Жарылыс кезінде аталған ғимаратта солшыл және күрдшіл қозғалыстардың 300-ге жуық белсенділері жиналған болатын. Олар Сириядағы Кобани қаласына баруға дайындалып жатқан. Айта кетейік, бұл қала күрд жасақтары мен «ДАИШ» содырларының арасындағы көпке созылған қақтығыстардан әбден қираған еді. Елдің құқық қорғау органдары сараптама қорытындысы негізінде өзін-өзі жарған лаңкестің кім болғанын анықтады. Ол 20 жастағы ШейхАбдуррахман Алагуз атты студент болып шықты.
Жарылыс салдарынан 32 адам қаза тауып, тағы100-ден астамы түрлі дәрежедегі жарақаттар алды, зардап шеккендердің көбі - күрдтер. Түркия билігі жарылысқа жауапкершілікті «ДАИШ»-тің мойнына артып отыр. Ел басшысы Реджеп Тайып Эрдоған қаза болғандардың туыстарына көңіл айтып, жараланғандарға тез сауығып кетулерін тіледі. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та жеделхат жолдап, жарылыс құрбандарының жақындарына көңіл айтты.
Осыдан бірнеше күн өткеннен кейін Түркия билігі Сириямен арадағы шекараны беріктетіп, ұзындығы 150 шақырым болатын модульдік қабырға тұрғызуға шешім қабылдады. Кейбір жерлерде тікенекті сымдар қоршауы күшейтілетін болады. Сонымен қатар, шекараның 118 шақырым жеріне түнде жарық түсіретін прожекторлар орнатылмақ. Шекараны мықтау шараларына қатарында ұзындығы 365 шақырым болатын жыра қазу жұмыстары және шекаралық аймақта ұшқышсыз ұшақтардың күзет жасайтынын айта кету керек.
Франциялық фермерлердің наразылығы
Өткен аптада Франция ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің наразылық шерулері бүкіл елді шарпыды. Демонстранттар бірнеше күн бойы елдегі кейбір ірі автожолдарды жауып тастады. Аграршылардың басты талабы өнімдерін нарыққа шығару бағасын көтеру, әсіресе, ірі сауда желілері мен ет өңдеу өнеркәсіптері олардың өнімдерін қымбат бағамен алуы тиіс. Осы мәселені реттеуде олар Үкіметтің араласуы керектігін талап етті. Нормандияда жүздеген фермерлер «шарасыздық акциясына» қатысып, шаруашылықтардың тұралап қалу алдында тұрғандығын биліктегілерге жеткізгісі келді. Дүйсенбі күні 300-ден астам трактор Кан қаласына кіретін жолдарды жауып тастады.
Сейсенбі күні наразылық шаралары Пикардия мен Британияда жалғасын тапты. Солтүстіктегі шерушілерге оңтүстіктің шаруалары қосылды. Сәрсенбіде Лионда, Клермон-Ферранда және тағы да бірнеше аймақтық орталықтарда сап түзеген ауыл шаруашылық техникалары бірнеше ірі магистральдерді жауып тастады. Бейсенбі күні Франция Президенті Франсуа Олланд Дижон қаласында агроөнеркәсіптік кешеннің өкілдерімен кездесті. Дискуссия қорытындысынан кейін ол ет пен сүт өндірушілерді бірлесе отырып осы өнімдердің бағасын көтеруге барын салуға шақырды. Үкімет өз тарапынан аграршыларға көмектесетін жоспарларын да таныстырды, ол бойынша жуық арада фермерлерге 600 млн еуродан кем емес қаражат бөлінеді.
Сонымен қатар шаруа қожалықтарына салынатын салықазайтылып, жағдайлары тым ауырлап кеткен шаруашылықтардың қарыздары қайта қаралды. Осы күні жолдарды жапқан техникалар алынды. Дегенмен фермерлердің көбі министрлер кабинеті қсынған жоспардың салықты азайтатына сенсе де, өнімдердің сату бағасының көтеріле қоятынына күмәнді екендерін білдірді. Сондықтан шаруалар мәселе толығымен шешілді дегенге сенбейді. Енді олар өздерінің өнімдерін өңдейтін өндіріс жүйелерінің бағаны көтергенін талап етіп отыр. Егер де олардың талаптары алдағы апталарда орындалмаса, онда олар наразылық шерулерін қайтадан бастамақ. Жаппай наразылық шерулерін ұйымдастырған «Ұлттық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер одағының» мәліметтері бойынша, шеруге 15 мың француз шаруалары қатысқан.
Лафейетт қаласының кинотеатрдағы атыс
Бейсенбі күні АҚШ-тың Лузиана штатықұрамындағы Лафейетт қаласындағы «Grand 16 Theatre» кинотеатрында көрсетілім кезінде егде тартқан ақ нәсілді ер адам залда отырған адамдарға оқ жаудырды. Тәртіп сақшыларының хабарлауынша, оқиға «Девушка без комплексов» фильмінің көрсетілімі кезінде орын алған. Фильм басталған соң шамамен 20 минуттан кейін залға ер адам кіріп келіп, тапаншадан оқ жаудырған. Күдікті оқиғадан соң қашып кетпек болған, алайда полицияның келіп қалғанын көріп, кинотеатрға қайтадан кіріп кетіп, өзін-өзі атып өлтірген. Оқиға салдарынан 2 адам қаза тауып, 9 адам жарақаттанды. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, оқ атқан адам 59 жастағы Джон Рассел Хаусер. Оның бұл әрекетке не үшін барғаны беймәлім.
«The New York Times» газетінің жазуынша, Хаусер ультраоңшыл сепаратистерді қолдайтын, оның үстіне психикалық ауытқулары бар адам болып шықты. Сонымен қатар ол үйіндегі адамдарға зорлық-зомбылық көрсеткені үшін үйден қуылып, қаржы тапшылығын көріп жүрген екен.