ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Украина азаматтық соғыс алдында
АСТАНА. 25 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгінгі Украина екі кеменің құйрығын ұстаған кейіпте. Суға кетіп қалудың, яғни елде азаматтық соғыстың басталып кетуі қаупінің қара бұлты қоюланып келе жатқан сияқты.
Талай жыл тағдыры тоғысқан Ресейден кетісу не болмаса Батыс елдерінен бас тарту қазіргі уақытта украин билігі үшін тым қиын. Былай тартса өгіз өледі, былай тартса арба сынады. Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмау үшін не істемек керек? Бұл сауал талай уақыттан бері ресми Киевтің басын ауыртып, балтырын сыздатуда. Ал сындарлы шешім қабылдап, елдегі тыныштықты қалпына келтіру билік үшін де, елді дүрліктіріп отырған оппозиция үшін де үлкен сын. Жоғарыда атап өткен азаматтық соғыс басталып кетуі мүмкін деген қаупіміздің сыры мында, кеше елдің Ішкі істер министрлігі «Еуромайдан» қатысушыларына қару-жарақ жеткізіп беріп отырған қылмыстық топтың ұсталғандығын мәлім еткен болатын. Ресми ақпаратқа қарағанда, қаскүнемдерден 2 Калашников автоматы, 4 тапанша, 1 карабин, сондай-ақ 800-ден астам оқ-дәрі, бейсбол таяғы мен бетперделер алынған. «Бұл топты ұйымдастырушы «Еуромайдан» қатысушыларының бірі екендігі анықталды. Милицияда аталған ұйымдасқан қылмыстық топтың «Еуромайдан» акциясына қатысуышыларға қару-жарақ жеткізіп тұрғандығын дәлелдейтін айғақтар бар», - дейді ресми билік. Ал бұл ұсталғаны ғана. Осыдан кейін-ақ елдегі бүліктің түнеріп, қоғамды тұңғиыққа тартар террорлық астыртын әрекеттердің де «Еуромайданға» араласып бара жатқандығын байқауға болатын сияқты. Жалпы, 2004 жылғы қызғылт-сары төңкерістен кейін тыныш жатқан елді не түлен түртті? Есте болса, бұған дейін жазғанымыздай, елдегі саяси ахуал 2013 жылдың 21 қараша күні Үкіметтің еуроықпалдастық үдерісін тоқтату әрі ЕО-мен қауымдастық туралы келісімге қол қоюдан бас тарту шешімінен кейін қиындап кеткен болатын. Еуроықпалдастықты қолдауға бағытталған жаппай шаралар бірнеше қалада бой көтеріп, ал Киевтің орталық алаңы Незалежности майданы елдегі барлық қарсылық танытушы күштердің басты аренасына айналды. 30 қараша күні түнде «еуромайдан» күшпен таратылды. Дегенмен құқық қорғау органдарының қатаң іс-қимылдары отқа май құйып, адамдардың көшеге жаппай шығуына ұласты. Шеру Киев мэрінің ғимараты мен кәсіподақ үйін басып алуымен аяқталса, басты алаңдағы қарсылық танытушылар түрлі заттардан бөгеттер тұрғызды. Бірақ Жаңа жыл қарсаңында және одан кейінгі 2 аптада ахуал тұрақтанғандай болатын. Өкінішке орай, 16 қаңтар күнгі Жоғарғы раданың 11 заң мен 1 қаулыны қабылдауы жағдайды қайта ушықтырды. Аталған құжаттардың жартысы экономикаға қатысты болса, қалған бөлігі азаматтардың шеру және түрлі жаппай акциялар ұйымдастыруына шектеу қоятын. Нақты айтқанда, заң жобалары 5 көліктен астам автоколонна қозғалысына, бетперде және басқа да адамды тануға кедергі келтіретін заттарды пайдалануға, фашистік қылмыстарды жария ақтауға жауапкершілікті қатаңдатуды, сондай-ақ ғаламтордағы цензураны күшейтуді қарастыратын. Бұл заң жобаларына 22 қаңтар күні Украина Президенті Виктор Янукович қол қойып, олар күшіне енген еді. Міне, дәл осы жайт жаппай тәртіпсіздіктердің алғашқы толқынына дем берді. Оппозиция өкілдері Үкіметтің отставкаға кетуін, кезектен тыс президенттік және парламенттік сайлау өткізуді талап етті. 19 қаңтарда Украинада жиын өткізуге қатысты ел президенті бекіткен жаңа заңға қарсы ондаған мың демонстрант Киевтегі Тәуелсіздік алаңына жиналған кезде полициямен қақтығыс болған еді. Оппозиционерлер тәртіп сақшыларына қолына түскенін лақтырып, олардың құрған бекінісін бұзып шығуға тырысты. Құқық қорғаушыларға қарсы шыққан топты тыныштандыру үшін көзді жасаурататын газ қолдануға тура келді. Ал Грушевский көшесіндегі оқиғалар фактісі бойынша Украинаның ҚК-ның 294-бабы бойынша (жаппай тәртіпсіздік) қылмыстық іс қозғалды. 22 қаңтар күні шерушілерді алаңнан «тазарту» үшін сегіз мыңға жуық қүштік құрылым жұмылдырылды. «Тазарту» жұмысы - ереуілшілер мен «Бүркіт» жасағы арасындағы аяусыз және қарымта ұрысқа алып келді. Шерушілер көше тастарын және қолдан жасалған жарылғыш заттарды құқық қорғаушыларға лақтырып, көлік дөңгелектерін жағып, алаңды қара түтінге айналдырды. Қақтығыс салдарынан шерушілердің үшеуі мерт болып, жүздегені жарақаттанды. Грушевский көшесіндегі оқиғалардан кейін 254 құқық қорғаушы медициналық көмекке жүгінді, оның 104-і ауруханаға жатқызылды. Зардап шегушілерге бас сүйек-миының зақымдануы, сүйек сынуы, күйіп қалу, пышақ жарақаты, белгісіз заттан улану диагноздары қойылды. 23 қаңтар күні «Удар» оппозициялық партиясының көшбасшысы Виталий Кличко Киев орталығындағы баррикададағы радикалдарды билік пен оппозиция арасындағы келіссөздер аяқталғанға дейін бітімге келуге шақырды. «Келіссөздер аяқталғанға дейін біз бітім жасайтын боламыз. Мен сағат 8-ге дейін келіп, нәтижелері туралы айтып беремін. Олар да сол уақытқа дейін «ешқандай гранат» қолданбайтындығына уәде етті», - деді В.Кличко. Осыдан кейін Украина Президенті әкімшілігінде Мемлекет басшысы Виктор Янукович пен оппозициялық партиялар көшбасшылары арасында елдегі саяси дағдарыстан шығу жолдарын талқылауға арналған кезекті келіссөздер өтті. Алайда бұл ұмытылыс та еш нәтиже бере алмады. Кездесуден оралған В.Кличко «еуромайдандықтар» алдына шығып: «Алдын ала алдауды ойлайтын адаммен келіссөздер үстеліне отырудың еш мәні жоқ», - деді. Сондай-ақ ол жаппай ереуілге шақырып, адамдардың қан төгіссіз-ақ билікті өзгерте алатындығын баса айтты. Әзірше елдегі ахуал осындай, тынышталар түр көрсетер емес. Кейбіреулердің пайымынша, мұндай жайттан кейін Украина батыс және шығыс мемлекеттеріне бөлініп кетуі мүмкін. Ал енді біреулер азамат соғысының орын алу ықтималдығы артып келе жатқандығын баса айтуда. Үшінші біреулер жаңа төңкеріс орын алып, елдегі биліктің өзгеретіндігіне сенімді. Қалай десек те, соңғы күндері орын алып отырған оқиғалар жоғарыда аталған үш сценарийдің де ақиқат ауылынан алыс емес екендігін анық байқауға болады.