ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Украинаның еуроықпалдастығы - тәуекел түбі жел қайық

АСТАНА. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішіндегі халықаралық тыныс-тіршіліктің маңызды трендтерінің бірі Украинаның еуроықпалдастығы төңірегіндегі оқиғалармен өрбіді.

ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Украинаның еуроықпалдастығы - тәуекел түбі жел қайық

Естеріңізге сала кетейік, елдегі саяси ахуал 21 қараша күні Үкіметтің еуроықпалдастық үдерісін тоқтату әрі ЕО-мен қауымдастық туралы келісімге қол қоюдан бас тарту шешімінен кейін қиындап кеткен болатын. Еуроықпалдастықты қолдауға бағытталған жаппай шаралар бірнеше қалада бой көтеріп, ал Киевтің орталық алаңы Незалежности майданы елдегі барлық қарсылық танытушы күштердің басты аренасына айналды.

30 қараша күні түнде «еуромайдан» күшпен таратылды. Дегенмен құқық қорғау органдарының қатаң іс-қимылдары отқа май құйып, адамдардың көшеге жаппай шығуына ұласты. Шеру Киев мэрінің ғимараты мен кәсіподақ үйін басып алуымен аяқталса, басты алаңдағы қарсылық танытушылар түрлі заттардан бөгеттер тұрғызды. Қорытындысында, қазіргі уақыттағы шерушілердің басты талабы еуроықпалдастықты жалғастыру, үкіметті отставкаға жіберу, мерзімінен бұрын президенттік және парламенттік сайлау өткізу, полициямен қақтығысқа қатысушыларды босату әрі оларға амнистия беру болып отыр.

Украина бас прокуратурасының мәліметтеріне қарағанда, ағымдағы жылдың 24 қарашасынан бері астана орталығында орын алған тәртіпсіздіктер барысында 400-ден астам адам түрлі дене жарақатын алған. Ал оның жартысынан көбі - құқық қорғау органдарының қызметкерлері. Әлі күнге дейін Незалежности алаңы шерушілерге лық толы, онда шамамен 4 мыңға жуық адам бар.

Соңғы 3 апта ішіндегі билік пен оппозиция арасындағы алғашқы сұхбат кеше «Украинаны біріктіреміз» деген ұранмен өткен дөңгелек үстел барысында өрбіді. Оған ел президенті Виктор Янукович, Премьер-Министр Николай Азаров, оппозиция өкілдері Виталий Кличко, Олег Тягнибок, Арсений Яценюк, сонымен қатар Украинаның бұрынғы президенттері Леонид Кравчук, Леонид Кучма және Виктор Ющенко қатысты.

Кездесу барысында В.Янукович қарсылық шараларына қатысқаны үшін тұтқынға алынғандарға рақымшылық жасауға, сондай-ақ оппозиция мен биліктің келіссөздер жүргізуі барысында күш қолдануға мораторий енгізуге келісті. Сонымен қатар ол Украинаның еуроықпалдастық жолын одан әрі қарай жалғастыра беретіндігін тағы бір мәрте қуаттады.

«Біз реформа жолында келеміз әрі осы бағытта алға жылжи беретін боламыз. Біз елімізді жаңғыртқымыз келеді әрі бұл жұмыстарды 2010 жылдың басынан-ақ орындай бастадық»,- деді В.Янукович.

Ал Украинаның Премьер-Министрі Николай Азаров өз кезегінде қазіргі жағдайда ЕО-мен қауымдастық туралы келісім экономиканың күйреуіне әрі дефолтқа әкелетіндігін баса айтты. Сондықтан да басты міндет - бұл ЕО-мен сауда балансының сальдосын теңестіруге мүмкіндік беретін көшпелі кезең шарты туралы келісімге келу.

Енді үш күннен кейін, нақты айтқанда 17 желтоқсанда Украина мен Ресей Президенттерінің Мәскеуде кездесуі жоспарланған. Іс жүзінде кездесудің күн тәртібі түсінікті де. Дегенмен, еуроықпалдастықты жақтаушылар кездесу барысында Украинаның Кеден одағына қосылу мәселесі қарастырылуы мүмкін деген қауіпте отыр. Бұл кездесуге соңғы күндері Киевке сан мәрте келіп, демократия мен бостандық үшін деген желеумен отқа май құйып жүрген батыстық серіктестер де барынша алаңдаушылық танытуда.

Қазіргі уақытта елдегі ахуалдың одан арғы дамуы қандай болатындығын дөп басып айту мүмкін емес. Украина ЕО-мен қауымдастыққа дайын да сияқты, сонымен бірге Кеден одағымен ықпалдастыққа бір қадам жақын. Бірақ, аталған бірлестіктердің қайсысына кіретіндігі жайында шешім жоқ.

Егер Украина Кеден одағына қарай мойын бұрып, еуропалық вектордан бас тартатын болса, елдегі ішкі саяси ахуалдың шиеленісетіндігі белгілі. Оның салдарынан басшылық биліктен айырылып қалуы да мүмкін. Бүгінде - бұл «сарғылт төңкерістің» қайталануы, оған қазіргі елдегі ахуал нақты түрткі бола алады. Ал ертең - бұл батыс әлемімен басқа да саяси байланыстардың жабылуы, ынтымақтастық бағдарламасының тоқырауға ұшырауы, сондай-ақ билік тарапына қысымның жаңа толқыны орын алуы. Кейбір есептеулерге қарағанда, қазірдің өзінде уақытша шаралардың салдарынан украин тарапы ТМД елдерімен сыртқы сауда-саттықтың шамамен 20 пайызын жоғалтып отыр. Егер Киев ЕО-мен келісімге қол қоятын болса, онда Мәскеудің ықпалымен украин экспортының басым бөлігіне Кеден одағы елдеріне, тіпті толықтай алғанда ТМД-ға шығуына тосқауыл қойылатындығы анық. Шәк келтірудің еш қисыны жоқ, бұл - шынайы қатер. Мұның барлығы алдағы 2-3 ай ішінде қалай өрбитіндігін тап басу қиын. Бәлкім, шерулер, қақтығыстар, төңкеріс те шығар. Сонымен бірге биліктен айырылу қауіпі де зор екендігі белгілі.

Бүгінгі таңда Киевке ел үшін еуроықпалдастық басты вектор екендігін жариялай отырып, қоғамдастық пен елдегі барлық саяси оппозицияны екпінін басу қазіргі статус-квоны сақтап қалу тиімді де шығар. Сондай-ақ Украина шығыс көршілерімен арадағы көпірді күрт үзуге де ниетті емес. Алайда сыртқы ойыншылар қатаң талап қойып, біржақты таңдау жасауға мәжбүрлеуде.

Қазіргі уақытта ең бастысы - елдегі ахуалды тұрақтандырып, тактикалық міндеттер мен стратегиялық мақсаттардың арақатынастарын анықтау. Бірақ ЕО-мен РФ қойып отырған талаптардан шығар жолдың қандай екендігі белгісіз.