ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: ҰҚШҰ шалыс басты. Орталық Азиядағы күш балансы өзгеруде
АСТАНА. 30 маусым. ҚазАқпарат - Осы апта ішінде орын алған халықаралық саяси өмірдегі барынша өзекті оқиғалардың бірі ретінде орталық-азиялық өңірдегі қауіпсіздік амалдары жүйесіндегі айтарлықтай тоқырауды атап өтуге болатын сияқты.
Белгілі болып отырғандай, өткен аптада Өзбекстанның Сыртқы істер министрлігі Мәскеудегі Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының хатшылығына нота жіберді. Онда республиканың ұйымдағы өз қызметін тоқтататындығы айтылған еді. Бұл ақпаратты бейсенбі күні Өзбекстан Республикасының үкіметі де қуаттады. Дегенмен мұндай шешімге не үшін барып отырғандықтарын басын ашып, түсіндірер емес.
Бірқатар дереккөздерінің мәліметтеріне сәйкес, ресми Ташкентті өңірдегі қауіпсіздіктің жалпы саясатын қалыптастыру және үшінші елдермен қарым-қатынас мәселелері бойынша ҰҚШҰ-ға мүше елдердің көзқарастары жүйесінің қалай қалыптасатындығы оң жамбасына келмейтін көрінеді. Ал өзбек сарапшыларының атап өтуінше, осы әскери-саяси блоктың аясында жүзеге асырылатын бастамалар барлық әріптестердің замануи және төніп келе жатқан қауіп-қатерлерді бағалауда бірдей өлшеммен бағалауын талап етеді. Кейде біреулердің дақпыртпен қауіптенуі не болмаса қорқуы басқа әріптестерімен сыртқы саяси байланыстардың дамуына тежеу болады. Бұған қоса, кейбір бастамалар, тіпті елдің стратегиялық саласын (мәселен, ұлттық қорғаныс) бір тарапқа жөнсіз тәуелді етіп қоюға да қауқары жетеді, деп санайдыолар.
ҰҚШҰ туы астында ұйымдастырылатын түрлі ұжымдық бітімгерлік жобалар да Ташкенттің ұйымнан аяғын тартып, сыни көзбен қарауына айтарлықтай үлес қосып отырғандығы да шындық. Өзбекстан шұғыл әрекет ету ұжымдық күшін құру бастамасын қолдамады әрі оның оқу-жаттығу жиынына қатысудан да үнемі сыртта қалып келеді. 2010 жылы Бішкекте өткен кезекті төңкерістен және Ош қаласындағы оқиғалардан кейін Ташкент үшін бұл мәселе одан сайын қышыма қотырға айналған еді.
Соңғы 2 жылдың ішінде ҰҚШҰ-ның қызметі барынша жанданып, кеңейе түскен болатын. Ендігі уақытта бұл тек қана әскери альянс емес -лаңкестікпен, экстремизммен, есірткі тасымалымен, заңсыз көш-қонмен күрестегі өзара іс-қимыл дамуда, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және төтенше оқиғалар барысында шараларды жүзеге асыру бағытындағы бірлескен жұмыстар жүргізілуде.
Бірақ та түсініспеушіліктердің әлі күнге дейін бар екендігі жасырын емес. Өткен жылдың желтоқсанында өткен ҰҚШҰ саммиті құрғақ уәдесі мол шешімдермен аяқталған болатын. Сол кезде алқалы жиынға қатысушы елдер ҰҚШҰ-ға мүше елдердің аумағында шетелдің әскери нысандары ұйымға қатысушылардың барлығының келісімінен кейін ғана бола алады деген шешім қабылдаған еді. Бірақ та уақыт көрсетіп отырғандай, бұл құжатты бірде бір ел ұлттық деңгейде ратификациялаған жоқ. Бұған қоса, осы көктемде бұл мәселе Мәскеуге қатысты кінәлаудың басты себебі болған еді. Яғни бұл бастаманы барынша белсенді қолдап жүрген Ресейдің өзі кейде оны елемей отыр. Өйткені ұйымдағы басқа әріптестерінің келісімінсіз-ақ Кремль Ауғанстандағы НАТО күштері үшін Ульяновскіде транзит бекет ашуға ұмтылып отыр.
Дегенмен де ҰҚШҰ-дан Өзбекстанның шығу мүмкіндігі саясат пен қауіпсіздік саласында маманданған халықаралық сарапшылар талқылауының басты тақырыбына айналып отыр. Ресейлік сарапшылар Ташкент осылайша мойнындағы қамыттан арылуға ниет танытып отыр әрі осы арқылы таяу аралықта американдық әскери база үшін республика есігін айқара ашпақ деген пікірлер білдіріп отыр.
АҚШ үшін Азиядағы стратегиялық маңызды елде болу мәселесі 2014 жылы Ауғанстаннан әскерін шығарғаннан кейін барынша өзекті бола түсетіндігі айқын. Дегенмен, қазірдің өзінде Өзбекстан Солтүстік тарату бөлігі аталатын жер арқылы НАТО-ның жүктері мен әскерін тасымалдауда маңызды рөлге ие болып отыр. Бұған дейін Альянстың негізгі жүктері Ауғанстанға Пәкістан арқылы жөнелтілетін. Алайда АҚШтың Әскери-әуе күштері қателікке бой алдырып, жергілікті тұрғындарды қырып салғаннан кейін жеткізу туралы әскери келісім күшін жойған болатын, бұл келісімді қалпына келтіруге талпыныс әлі де нақты нәтиже берер емес.
2005 жылы әндіжан тәртіпсіздігі күшпен басып-жаншылғаннан кейін Батыс Өзбестанмен арадағы кез келген ынтымақтастыққа шектеу қойған болатын. Қазіргі жағдай айтарлықтай өзгерді - Ақ үйде үшінші жыл демократтар мекен етуде, әрі Ташкент те сын тезіне ілігуге ешқандай мүмкіндік берер емес. Бүгінде АҚШ бастаған НАТО елдері халықаралық құқық қорғау ұйымдарының арыз-шағымдарына көз жұма қарауға әрі байланыстарды барынша белсенді дамытуға дайын. Мұндай мархаббаттық танытудың астарында елде батыстықтардың тұрақты болуы туралы мәселенің соңғы мақсаты да болуы мүмкін. Оны уақыт көрсетеді.
Есте болса, бұған дейін де Өзбекстан ҰҚШҰ қамқорлығынан бас тартып, алайда араға біраз уақыт сала өз келіп қайта бас сұққан болатын. Мүмкін, ресми Ташкент ұйымға екінші мәрте мүше болу кезінде өздерінің сыртқы саяси мүмкіншіліктеріне барынша шектеу жасайтын қадамдар барынша мол болды әрі республикаға ешқандай пайда әкелмеді деп санайтын да шығар. Елдің өңірлік кеудемсоқтығын есепке алар болсақ, онда мұндай соңғы шешімдердің түп-төркінінде дәл осындай уәж жатқаны анық.
Алайда, Ташкенттің қарсы жақты көндіруге бағытталған дипломатиялық қадамы арқылы Ресей тарабынан өз үшін маңызылығы жоғары практикалық қадамдарды саудаға салғысы келіп отырғандығын жоққа шығаруға болмайды. Мұның бірі экономикалық қолдауға қатысты болуы міндетті емес. Бұл ретте айта кетерлігі, Ресей Тәжікстанда шағын және орта су электр стансылары каскадының құрылысына көмек беруден бас тартып, өзбек еліне жақсы сыйлық жасап отыр. Өйткені, өзбек тарабы бірнеше жылдың жүзі болды, аталған нысандардың құрылысы елге келетін судың көлемін азайтады деп қарсылық танытуда.
Сөз соңында айтарымыз, Өзбекстанның ұйымнан шығуы туарлы мәселенің шешім табуына уақыт жеткілікті. Ұйымнан кез келген мүшенің шығу рәсімі белгілі бір уақыт кезеңін (Ұйымның жарғысына сәйкес ел өзінің шығатындығын жарты жыл бұрын ескертуі қажет) қажетсінеді. Сондықтан да Өзбекстан мен басқа да қатысушы елдердің бір-бірімен жақындасу нүктесін таба алады деген пайымды есептен алып тастауға әзірше ерте. Ал өңір елдерінің ортақ ұстаным қалыптастыруы үшін әлеуеттері жеткілікті. Тек тең әрі өзара тиімді әріптестікті дамытуға ниет танытса болғаны.