ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Ұлы Жеңіс үшін қан мен тер төккендердің есімі тарихта мәңгі қалды. Олардың ерлігі баға жетпес!

АСТАНА. 11 мамыр. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан аптаның халықаралық жылнамасында фашистік Германияны жеңудің 68 жылдығына орай әлемнің көптеген елдерінде кеңінен аталып өтілген еске алу шараларымен барынша байланысты болды.

ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Ұлы Жеңіс үшін қан мен тер төккендердің есімі тарихта мәңгі қалды. Олардың ерлігі баға жетпес!

Батыс әлемінің басым бөлігі үшін екінші дүниежүзілік соғыс нацистік Германияның 1945 жылғы 8 мамырда тізе бүгуімен аяқталды. КСРО, АҚШ, Ұлыбритания мен Франция Реймсте неміс генералдары қол қойған герман қарулы күштерінің сөзсіз тізе бүгуі туралы акті қабылдады. Дегенмен, КСРО Германияның тізе бүгуі Берлинде бір тарап тәртібімен емес, керісінше антигитлерлік коалицияның барлық елдері жоғарғы қолбасшыларының қатысуымен қабылдануы тиіс деген ұстанымы ескеріліп, құжат қайта рәсімделді. Актіге 1945 жылдың 8 мамырында орталық еуропалық уақыт бойынша 22:43-те, ал мәскеу уақыты бойынша 9 мамыр күні сағат 00:43-те, Берлин түбіндегі Карлсхорсте неміс генерал-фельдмаршалы Вильгельм Кейтелмен және люфтвафф пен кригсмарин өкілдерімен қол қойылды. Кеңес тарабынан оны маршал Георгий Жуков, Ұлыбританиядан одақтас экспедициялық күштер бас қолбасшысының орынбасары, маршал Артур Теддер қабылдады. Куәгерлер ретінде АҚШ пен Франция өкілдері өз қолдарын қойды.

КСРО халқы Ұлы жеңіс туралы 1945 жылдың 9 мамыры күні мәскеу уақыты бойынша кешкі сағат 10-да атақты диктор Юрий Левитанның аузынан Кеңестік информбюро хабарларынан естіп, білді.

Бүгінде 8 мамыр мен 9 мамыр барша халықаралық қоғамдастықта екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарына арналған еске алу және татуласу күні ретінде аталып өтіледі. Бұл дата 2004 жылдың қарашасында екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуының 60 жылдығына арналған БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен жария етілген болатын.

Екінші дүниежүзілік соғыс 1949 жылың 1 қыркүйегінен 1945 жылдың 2 қыркүйегіне дейін жалғасты. Оған 61 мемлекет пен бүкіл әлемнің 80 пайызы қатысты. Соғыс қимылдары үш құрлықтың және төрт мұхиттың аумағында жүрді. Бұл сонымен қатар ядролық қару қолданылған жалғыз жанжал болатын. Түрлі бағалауларға қарағанда, соғыс барысында 50-ден 70 миллионға дейін адам мерт болды.

Батыс Еуропаның көптеген елдерінде бұл күні Еуропа күні ретінде тойланса, АҚШ-та бұл мереке V-E Day (Victory in Europe Day) деп аталады. Көптеген елдерде фашизмді жеңу күніне орай көптеген салтанатты шаралар ұйымдастырылады.

Францияда Жеңіс күні Мемлекеттік мереке болып саналады. Еске алу шаралары париждік парадпен және Белгісіз сарбаз зиратына гүл шоқтарын қою рәсімімен басталады. Қаржылық қозғалысы орын алған әрбір елді мекендерде жоғары мемлекеттік қайраткерлердің қатысуымен салтанатты шаралар өтеді.

1945 жылдан бері Шығыс Еуропаның бірқатар елдерінде кеңестік жауынгер-құтқарушыларға қатысты ой-пікірлері өзгерді. Тіпті, бұл елдердің ресми билігі де соғыс және соғыстан кейінгі кезеңдегі өз елдерінің ұлттық мүддесі туралы біржақты ұстаным айта алмайды, яғни, кеңестік азат етушілерді фашистік Греманиямен қатар қоятын жайттар да кездесіп қалатыны бар. Осыған байланысты көптеген мерекелік іс-шаралар бұл елдерде 8-9 мамыр күндері қоғамдық топтар мен ардагерлердің бастамасы бойынша жүзеге асырылады.

Бұл күн Германия үшін де айтарлықтай маңызды - мұнда 8 мамыр Азаттық күні деп аталады. Қазіргі немістердің басым бөлігі үшін фашистік режимнен азат болу - барша Еуропадағыдай маңызды тарихи оқиға. Бүгінгі Германияда «Үшінші рейх мұрасы» толықтай алғанда сын тезіне ұшыраған. Егер де соғыстан кейінгі алғашқы жылдары СС әскери негізгі қылмыстарды жасады деп саналса, ал қазіргі уақытта нацистік қылмыстарға Вермахтың әскери қызметшілерінің, мемлекеттік қызметшілердің, сонымен қатар жеке және коммерциялық компаниялардың тартылғандығы көп айтылуда.

Берлинде жыл сайын Тиргартендегі кеңестік жауынгерлердің ескерткішіне және Трептов саябағындағы қолына құтқарылған сәби ұстаған кеңестік жауынгер-азат етілушінің монументіне гүл дестелерін қою шарасы өтеді.

Бүгінгі таңда Үлы Отан соғысындағы Жеңіс күні посткеңестік кеңістіктегі барлық елдерде кеңінен аталып өтіледі. Соңғы деректер бойынша Қазақстаннан майданға аттанған 1 млн. 200 мың жауынгердің 600 мыңы соғыстан қайтып оралмады. Жалпы, бұрынғы Кеңес Одағының 27 миллионға жуық адамын жалмаған қанды қырғында елімізден аттанған 500-ге жуық жауынгер 1934 жылы бекітілген ең жоғарғы атақ Кеңес Одағының Батыры атанған болатын, оның 103-нің ұлты қазақ. Соғыс кезінде бұл атаққа 100 қазақ ие болса, соғыс аяқталғаннан кейінгі жылдары нақты айтқанда, 1946 жылы Құдайберген Сұрағанов, 1965 жылы генерал Сабыр Рахымов, ал 1990 жылы Бауыржан Момышұлы алды. Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский, ал Шымкентте орналасқан Чугуев әскери авиация училищесі түлегі И.Н.Кожедуб үш мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Шығыстан шыққан қос жұлдыз пулеметші Мәншүк Мәметова мен мерген Әлия Молдағұловалар да осы жоғары атаққа лайықты деп танылды. Сонымен қатар 142 қазақстандық Даңқ орденінің толық иегері атанса, Кеңес Одағының орден, медальдарымен марапатталған қазақстандықтар саны - 96 638 адам.