ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Ұлыбритания ЕО-мен ат құйрығын кесісе ме?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішінде Еуропалық кеңес президенті Дональд Туск Ұлыбританияның Премьер-Министрі Дэвид Кэмеронмен екікүндік келіссөздер өткізіп, қорытындысында тараптар ЕО-ны реформалау жөніндегі ұсыныстар жобасын келісті. Осы аптадағы тағы бір маңызды оқиғалардың бірі Еурокомиссияның таяу екі жылдағы экономикалық конъюнктураның даму болжамын жариялауы болғаны сөзсіз.

ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Ұлыбритания ЕО-мен ат құйрығын кесісе ме?

Ұлыбритания Еуропалық одақ құрамында қала ма?

Өткен жексенбіде Еуропалық кеңес басшысы Лондонда британдық министрлер кабинетінің басшысымен кездесіп, Еуропалық одақ құрамындағы Ұлыбританияның болашағына қатысты мән-жайды егжей-тегжейлі талқыға саллды.

«Кездесу мақсаты Тусктің реформалар жөніндегі Ұлыбританияның барлық төрт талабымен байланысты өз ұсыныстарын рәсімдегенге дейінгі келіссөздер жүргізуі», - деді консультациялар қарсаңында Еуропалық кеңес басшысының ресми өкілі.

Есте болса, өткен жылдың қараша айында Д.Кэмерон Брюссельге Біріккен Корольдіктің ЕО-дағы мүшелігін жалғастыру үшін төрт негізгі мәселені талап еткен болатын. Олар мыналар: Британияның «барынша тығыз одақтастық» мақсатынан бас тартуына, ЕО-ның одан арғы саяси және экономикалық интеграциясына қатыспауына мүмкіндік беру; Еуропалық одақ заңдарына тосқауыл қою үшін ұлттық парламенттердің өкілеттіктерін кеңейту, сол арқылы елдерге Брюссель директиваларына вето қою құқығын беру; бірыңғай нарықты одан әрі тереңдетуді көздейтін бәсекеге қабілеттілікті арттыру, дебюрократизациялау және басқа да әлемдік экономикалармен еркін сауда туралы келісім жасасу; ЕО елдерінен келетін мигранттарға олар келгеннен кейінгі алғашқы төрт жылдың ішінде өтемақы төлеуді доғару.

Міне, осыдан өз талабын қойған Д.Кэмерон егер, басқа елдердің көшбасшылары реформалар туралы талапқа құлақ аспайтын болса, онда Британияның Еуропалық одақтан шығатындығын мәлімдеген еді.

Жексенбілік келіссөздер жалпыға ортақ келісім жасауға еш мүмкіндік бермеді. Дегенмен тараптар жекелеген мәселелерде айтарлықтай ілгерілеушілікке қол жеткізді десек те болады. Сондықтан да Туск тағы да бір Лондонда қалып, келесі күні де келіссөздерді одан ары жалғастырды.

Консультациялар аяқталғаннан кейін Дональд Туск ЕО елдерінің мемлекет және үкімет басшыларына хат жолдап, онда Біріккен Корольдікпен қол жеткізілген жаңа келісімге қатысты өз ұсыныстарын жасады.

«Біздерді бөлетін жайттарға қарағанда ортақ мүдделеріміздің барынша мықты екендігіне сенімім мол. Бірге болу немесе болмау бұл референдум барысында тек британ халқы ғана емес, сонымен бірге таяу екі апта ішіндегі ЕО-ға мүше басқа да 27 мемлекеттің халқы нақты жауап беруі тиісті басты мәселе», - делінген Д.Туск хатында.

Айта кетерлігі, Д.Кэмерон мен Д.Туск келіссөздері барысындағы ең қиын мәселелердің бірі ЕО елдерінен келетін мигранттардың жеңілдіктерге қол жеткізу ережесіне өзгерістер енгізу болғаны анық. Бұл ретте Брюссель Кэмеронның ұсынысына түбегейлі қарсылық танытып, өздерінің тарапынан барынша жеңіл шараларды қамтитын ұсыныстарын білдіруде.

Еуропалық одақ Біріккен Корольдікке ЕО-ның басқа елдерінен келген мигранттар Британияның әлеуметтік жүйесіне төтенше жүктеме салған жағдайда олардың әлеуметтік игілікке қол жеткізуін шектеу жүйесін енгізуді ұсынып отыр.

Мұндай жағдайда Лондон аталған тетікті пайдаланып, оны 4 жылға дейін ұзарта алады. Бірақ, Кэмерон британдық әлеуметтік игілікке басқа еуропалықтардың белгіленбеген мерзімге дейін қол жеткізуін шектегісі келеді.

«Нақты мақсат - ақпан айында Еуропалық кеңестің барлық 28 мемлекетінің келісімін алу. Табысқа қол жеткізу үшін біздің барлығымыз да ымыраға келуіміз қажет. Сәтсіздік біздің ортақ болашағымызға зор зиянын тигізеді», - делінген Д.Туск хатында.

Еуропалық комиссияның қысқы экономикалық болжамы

Бейсенбі күні Еуропалық комиссия әдеттегідей қысқы экономикалық болжамын қоғам назарына ұсынған болатын. 183 бетті қамтыған құжатқа сәйкес, ЕО-ға мүше барлық мемлекеттік экономикалық өсімі 2016 жылы 1,9 пайызды, ал еуро аймағына қатысушы мемлекеттердің экономикалық өсімі 1,7 пайызды құрайтын болады.

Еуропалық комиссия экономикасына оң әсер ететін факторлардың қатарында мұнай бағасының төмендеуі, еуроның қазіргі бағамы және экспорт пен тұтынушылық шығыстарды ынталандыратын қаржыландыру шығындары бар.

«Еуропалық экономика арзан мұнайды, еуро бағамын және төменгі пайыздық ставкаларды қолдай отырып, осы қыстағы жаңа сын-қатерлерге табысты төтеп беруде. Дегенмен, әлсіз жаһандық орта әлі де болса қауіп төндіруде және бұл біздерге екі есе сақ болуға үндейді», - деді экономикалық және қаржылық мәселелер, салық және кеден салығы жөніндегі еурокомиссар Пьер Московиси.

Болжамға сәйкес, ағымдағы жылы еуроаймақта төмен инфляция сақталатын болады және оның көтерілуі жылдың екінші жартысында күтілуде. 2016 жылдың қорытындысы бойынша Еуропалық комиссия инфляция деңгейі 0,5 пайыз, ал 2017 жылдың қорытындысында 1,5 пайыз болады деп күтуде.

Бұған қоса, Еурокомиссия 2016 жылы ЕО-да жұмыссыздық деңгейі 9 пайызға дейін және еуро аймақта 10,5 пайызға дейін төмендейтіндігін күтуде және бұл тенденцияның 2017 жылы да жалғасатындығына үміт артады. ЕО экономикасының дамуы үшін негізгі тәуекелдер ретінде мыналар аталып өтілген: нарық құраушы елдердегі өсім қарқының баяулауы, сонымен қатар АҚШ-тағы пайыздық ставканың арту мүмкіншілігі, бұл қаржы нарығын тұрақсыздандыруы немесе дамушы нарықтарды шығынға батыруы мүмкін.

Сондай-ақ Еуропалық комиссия мұнай бағасына қатысты да болжам жасап, ағымдағы жылы Brent маркалы мұнай баррелінің 35,8 доллар болатындығын айтуда.

«2016 жылдың қаңтарында мұнай бағасының қысқара түсуінің жалғасуын ескерер болсақ, Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 35,8 долларға дейін, ал 2017 жылы барреліне 42,5 долларға дейін төмендетуі күтіледі», - делінген баяндамада.

Еурокомиссия мәліметтеріне сәйкес 2017 жылы АҚШ ІЖӨ-сі бұған дейін күтілгендей 2,6 пайыз деңгейінде өсім көрсетеді. Ал Қытайдың ағымдағы жылғы ішкі жалпы өнімі 6,5 пайыз, 2017 жылы 6,2 пайыз деңгейінде болжануда.

«Өсім перспективасы Ресей мен Бразилияда, сонымен қатар Таяу Шығыс, Солтүстік Африка мен Африка және Сахараның оңтүстігіндегі елдерде күрт нашарлап кетті. Толықтай алғанда, дамушы нарықтардың құлдырау өз шегіне 2015 жылы жеткен болатын. Дегенмен, алдағы уақытта олардың қайта қалпына келуі барынша баяу жүріп, күздегі болжамға қарағанда ұзақ мерзімге созылатын болады», - делінген құжатта.

Қалай десек те, әлемдік экономика біртіндеп қайта қалпына келе бастайтын болады. Еурокомиссия сарапшылары ағымдағы жылы әлемдік экономиканың ішкі жалпы өнім өсімі 3,6 пайыз, ал 2017 жылы 3,8 пайыз болады деп күтуде.