Әлем чемпионаты жартылай финалының жұптары белгілі болды
АСТАНА.KAZINFORM – 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының ширек финалдық кездесулерінде Англия құрамасы Норвегияны қосымша уақытта жеңсе, Аргентина Швейцариядан басым түсіп, жартылай финалға жолдама алды.
Англия – Норвегия – 2:1
Норвегия құрамасы матчтағы есепті 36-минутта ашты. Сол қапталдан ұйымдастырылған шабуыл кезінде Андреас Шьелдеруп бірінші таймдағы басымдықты голға айналдырып, командасын алға шығарды.
Англия бірінші таймға қосылған уақытта таразы басын теңестірді. Джуд Беллингем жылдам шабуылды дәл соққымен аяқтап, есепті теңестірді. Артынша Гарри Кейн де қарсылас қақпасын дәл көздегенімен, төреші офсайдқа байланысты голды есепке алған жоқ.
Үзілістен кейін Норвегия екінші гол соғуға өте жақын болды. Бұрыштамадан кейін Торбьорн Хеггем қақпаны дәл көздегенімен, VAR жүйесі Эрлинг Холандтың ереже бұзғанын анықтап, голды жойды. Кейін Кристоффер Айердің соққысы қақпа бағанасына тиіп, ағылшындар есептің тең болу мүмкіндігі сақтап қалды.
Матчтың тағдыры қосымша уақытта шешілді. Норвегия қақпашысы Эгиль Селвик Нюланд Морган Роджерстің жойқын соққысын қайтарғанымен, кері серпілген допқа алғаш болып жеткен Джуд Беллингем дубль авторы атанып, Англияға жеңіс сыйлады.
Аргентина – Швейцария – 3:1
Кездесуді белсенді бастаған Швейцария болғанымен, есепті алғаш болып Аргентина ашты. Лионель Месси орындаған бұрыштамадан кейін Алексис Мак Аллистер баспен дәл соққы жасап, өз командасын алға шығарды.
Көп ұзамай швейцариялықтар ойын тізгінін қолға алды. Дан Ндойенің алғашқы соққысын Лисандро Мартинес бөгесе, екіншісін қақпашы Эмилиано Мартинес қайтарды. Алайда үшінші мүмкіндікте Ндойе есепті теңестірді.
Ойынның шешуші сәті 72-минутта болды. Брель Эмболо симуляция жасағаны үшін екінші сары қағаз алып, алаңнан қуылды.
Негізгі уақыттың соңына қарай Лионель Месси жеңіс голын соғуға жақын болды, алайда оның айып алаңы сыртынан бағыттаған соққысы қақпа бағанасының жанынан өтті.
Қосымша уақытта Тьяго Альмаданың соққысы бағанаға тиді. Артынша Хулиан Альварес керемет соққымен допты қақпаға тоғытып, Аргентинаны қайтадан алға шығарды. Матчтың соңғы нүктесін Лаутаро Мартинес қойып, аргентиналықтардың жеңісін нығайтты.
Жартылай финалдағы жұптар
15 шілдеде АҚШ-тың Атланта қаласындағы Mercedes-Benz Stadium стадионында Англия мен Аргентина құрамалары финал жолдамасын сарапқа салады.
Ал 14 шілдеде АҚШ-тың Техас штатындағы Арлингтон қаласында орналасқан AT&T Stadium аренасында Франция мен Испания құрамалары жартылай финалда кездеседі.
Осылайша, 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының жартылай финалына Франция, Испания, Англия және Аргентина құрамалары жолдама алды.
Айта кетейік, әлем чемпионатының жартылай финалындағы ойындар қай телеарнадан көрсетілетінін жазғанбыз.