Әлем чемпионатында Әлия Жүсіпова 11-ші орынға табан тіреді
АСТАНА. Қыркүйектің 11-і. ҚазАқпарат. Жапонияның Мие қаласында көркем гимнастикадан Әлем чемпионаты өтіп жатыр. 51 елден жиналған 148 спортшының арасында Қазақстан өкілдері де бар,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана қалалық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасына сілтеме жасап.
Жаттығудың төрт түрі бойынша ресейлік спортшы Евгения Канаева үздік шығып, әлем чемпионы атанды. Оның жинаған жалпы ұпай саны 86,100-ді құрайды. Ал жерлесіміз Әлия Жүсіпова 78,200 ұпаймен 11-ші орынға табан тіреді. Ол лентамен жаттығу барысында 5-ші орын алған болатын. Астаналық жас жұлдыз Анна Алябьева әлемнің үздік гимнасшыларының рейтингісінде 15-ші орыннан көрінсе, 74,925 ұпай жинаған Марина Петракова 20-шы орында.
Жалпыкомандалық есеп бойынша Қазақстан әзірше 6-шы орында. Жарыс қыркүйектің 13-іне дейін жалғасады.