Alem Crypto Fund қорын құру вице-премьер Жаслан Мәдиевтің лоббиі емес пе — министрлік жауабы
АСТАНА. KAZINFORM — Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев Alem Crypto Fund қоры мен вице-премьер Жаслан Мәдиевтің арасындағы қызметтік байланыс туралы пікір білдірді.

— Alem Crypto Fund қорын құру оқиғасы осы бастаманың иесі, бұрын Binance Kazakhstan компаниясын басқарған Жаслан Мәдиевтің вице-премьер қызметіне тағайындалған кезімен дөп келді. Министрлік бұл жерде мүдделер қақтығысы жоқ екеніне қандай кепілдік бере алады? Қордың ашық жұмыс істеуін қалай қамтамасыз етпекшісіздер, — деп сұрады БАҚ өкілі Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Досжан Мұсалиев журналист сұрағына әйгілі Google компаниясын мысалға келтіре отырып жауап берді.
— Бұл қор жақсы тетік деп ойлаймыз. Өйткені инвестиция ретінде тартылған криптоқаржының бәрі осы қорға жинақталады. Тіпті келешекте қылмыстық топтардан тәркіленген ақша да осы қорға түсуі мүмкін. Ұлттық қор осылай құрылады.
Мүдделер қақтығысына келсек, ондай қайшылық көріп тұрған жоқпыз. Өйткені Binance — Google сияқты әлем мойындаған компания. Google Қазақстанда жұмыс істеп тұрғанына қарап, лобби болып жатыр деп ешкім айтпайды ғой. Сондықтан мұнда да ешқандай мүдделер қақтығысы жоқ деп есептейміз, — деді вице-министр.
Кейін осы мәселе бойынша Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметі қосымша түсініктеме берді.
— Мүдделер қайшылығына қатысты бірер сөз. Жаслан Мәдиев саяси мемлекеттік лауазымға тағайындалмас бұрын BN KZ Technologies Limited компаниясындағы жұмысын толық аяқтаған. Министрлерді тағайындау қолданыстағы заңнама мен рәсімдерге, соның ішінде декларациялау талаптарына сәйкес жүзеге асырылады, — делінген ресми мәліметте.
Министрліктегілер Alem Crypto Fund қоры Qazaqstan Venture Group басқаруымен жұмыс істейтінін және «Астана» халықаралық қаржы орталығының экожүйесінде тіркелгенін еске салды.
— Binance Kazakhstan компаниясы — қордың стратегиялық серіктесі. Alem Crypto Fund дәл осы компаниямен бірлесе отырып, алғашқы инвестициясын жасап, BNB токенін сатып алды. Бұл — BNB Chain желісінің негізгі токені, транзакциялар жүргізуге, желіні басқаруға және комиссия төлеуге мүмкіндік береді.
Бүгінде BNB токенінің нарықтық капитализациясы 138 млрд АҚШ долларынан асады, ол әлемдік нарықтағы ең тұрақты және ықпалды цифрлық активтердің бірі. Айта кететін жайт, қаржы нарығының құбылуы — цифрлық актив экожүйесіндегі қалыпты жағдай, — деп жазады ведомствоның баспасөз қызметі.
Еске салсақ, ай басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Binance компаниясының негізін қалаушы Чанпэн Чжаоны қабылдаған еді.