Әлем көшбасшылары әлеуметтік дамуды жеделдетуге бағытталған Доха декларациясын қабылдады

АСТАНА. KAZINFORM — Геосаяси шиеленіс пен өсіп келе жатқан теңсіздік жағдайында әлем көшбасшылары сейсенбі күні Әлеуметтік даму жөніндегі Екінші дүниежүзілік саммитте Доха саяси декларациясын қабылдап, неғұрлым әділ әрі инклюзивті қоғам құру жөніндегі жаһандық міндеттемелерін растады. Бұл туралы БҰҰ жазды.

Әлем көшбасшылары әлеуметтік дамуды жеделдетуге бағытталған Доха декларациясын қабылдады
Фото: БҰҰ

Бұл декларацияны қабылдау — үкіметтердің кедейлікпен күресуге, лайықты жұмыс орындарын ашуға, кемсітушілікке қарсы тұруға, әлеуметтік қорғауға қолжетімділікті кеңейтуге және адам құқықтарын қорғауға бағытталған ортақ уәдесі болып табылады.

Құжатта әлеуметтік даму тек моральдық міндет емес, сонымен қатар бейбітшілік, тұрақтылық және экономикалық өсім үшін қажетті шарт екені ерекше атап өтіледі.

Саммит Қатар астанасы Дохада өтіп, оған 40-тан астам мемлекет пен үкімет басшылары, 170 министр, халықаралық ұйымдардың жетекшілері, жастар қозғалыстарының өкілдері, азаматтық қоғам мен сарапшылар — жалпы 14 мыңнан астам адам қатысты.

Доха саяси декларациясы

Өткізілген қала атымен аталған Доха саяси декларациясы 1995 жылғы Копенгаген декларациясы мен 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму күн тәртібінің қағидаттарына адалдықты қайта растады.

Құжат үш өзара байланысты бағытты қамтиды:

  • Кедейлікті жою,
  • Барлығына лайықты еңбек пен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету,
  • Неғұрлым инклюзивті қоғам құру.

Декларация әлеуметтік әділеттілікті бейбітшілікпен, қауіпсіздікпен және адам құқықтарымен байланыстырып, климаттың өзгеруіне қарсы күресте шұғыл шаралар қабылдауға шақырады.

Қаржыландыру мәселесіне де ерекше назар аударылған: құжат Аддис-Абеба іс-қимыл бағдарламасының маңыздылығын растады, Севиль келісімін құптады және көпжақты қаржы жүйесін нығайту қажеттігін атап өтті.

Декларацияның орындалуын БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңесіне (ЭКОСОС) қарасты Әлеуметтік даму жөніндегі комиссия бақылайды.

Кешенді шешімдер қажет

Декларация қабылданған соң, БҰҰ Бас Ассамблеясының төрайымы Анналена Бербок соңғы онжылдықтарда жұмыссыздық деңгейі төмендеп, шектен тыс кедейлік азайғанымен, теңсіздік әлі де жоғары екенін, әсіресе әйелдер мен жастарға көбірек әсер ететінін атап өтті.

Оның айтуынша, құрылымдық теңсіздікті жою үшін экономикалық өсімнің өзі жеткіліксіз — оған климаттың өзгеруі, демографиялық үрдістер мен қақтығыстар әсер етіп отыр.

Бербок кедейлік пен аштықпен күресті, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын, климаттық тұрақтылық пен гендерлік теңдікті қамтитын өзара байланысты кешенді шешімдер қажет екенін айтты. Ол Тұрақты даму мақсаттарын «17 бөлек тармақ емес, біртұтас жүйе» деп сипаттап, бір саладағы ілгерілеу басқаларына да серпін беретініне назар аударды.

«Даму үшін серпін»

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу қарқыны тым баяу екенін ескертті.

— Доха саяси декларациясы — дамуға жаңа серпін береді, — деді ол.

Гутерриш бұл құжатты «адамдарға арналған жоспар» деп атап, оның мақсаты — әлеуметтік қорғауды кеңейту, денсаулық сақтау мен білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету және цифрлық алшақтықты жою екенін айтты.

Бас хатшы жаһандық қаржы жүйесін шұғыл реформалаудың маңыздылығын атап өтті. Бұл, әсіресе, қарыз жүктемесі ауыр дамушы елдер үшін даму мен климаттық бастамаларға қаржыландыруды қамтамасыз етуге бағытталған.

Ол Дохадағы саммитті Копенгагенде қабылданған уәделерді орындау жолындағы саяси және қаржылық ерік-жігердің көрінісі деп бағалады.

— Доха саяси декларациясы негізінде адамзат күтіп отырған және соған лайық батыл жоспарды жүзеге асырайық, — деді Гутерриш.

Тәжікстан президенті: елдердің қаржы көздеріне қолжетімділігі кеңейтілуі тиіс

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон саммитте сөйлеген сөзінде елдің 2040 жылға дейінгі халықты әлеуметтік қорғау стратегиясын іске асырып жатқанын және әлеуметтік саланы нығайту бағытындағы жұмыстар жалғасып жатқанын айтты.

Ол соңғы жиырма жылда Тәжікстанда төрт миллионнан астам жұмыс орны құрылғанын хабарлады. Елде білім беру саласында мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асуда, сондай-ақ медициналық қызмет сапасын арттыру бойынша шаралар қабылданған.

Рахмон адам капиталына инвестиция салудың және ұлттық бағдарламаларды Тұрақты даму мақсаттарымен үйлестірудің маңыздылығын атап өтті. Ол әлеуметтік дамуды қоршаған орта жағдайымен байланыстырып, климаттың өзгеру салдарымен күреске бағытталған елдің шараларын атады.

— Біз осал мемлекеттердің қаржы көздеріне қолжетімділігін арттыру және әлеуметтік қызметтерді, адам капиталын нығайту мен климаттық бейімделуді тұрақты қаржыландырудың маңыздылығын ерекше атап өтеміз, — деді президент.

Рахмон сондай-ақ цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті енгізу мәселесіне тоқталып, Тәжікстан бастамасымен қабылданған БҰҰ Бас Ассамблеясының «Орталық Азиядағы тұрақты даму үшін жасанды интеллекттің жаңа мүмкіндіктерін дамытудағы рөлі» туралы қарарының аймақ үшін маңызды екенін айтты.

Өзбекстан президенті: Дохадағы шешімдер миллиондаған адамға үміт сыйлауы тиіс

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев елде әлеуметтік әділеттілік пен мұқтаждарға көмек көрсетуге бағытталған қоғам қалыптасып жатқанын атап өтті. Ол жаңартылған Конституцияда Өзбекстанның әлеуметтік мемлекет мәртебесі бекітілгенін айтты.

Президенттің айтуынша, бұрын бөлек болған әлеуметтік қорғау бағдарламалары қазір Ұлттық әлеуметтік қорғау агенттігі жүйесіне біріктірілген, оның қызметі қоғамның барлық деңгейін — махаллалардан бастап әр отбасыға дейін қамтиды. Соңғы жылдары елде кедейлік деңгейі 35 пайыздан 6,6 пайызға дейін төмендеген.

Мирзиёев жаһандық әлеуметтік саясатты күшейтуге бағытталған бірқатар бастама ұсынды. Ол кедейлік пен теңсіздікпен күрес бағдарламаларына қаржы тарту үшін Әлемдік әлеуметтік әділеттік қорын құруды және технологиялық өзгерістер жағдайында еңбекшілерді қолдау мақсатында Әлемдік әлеуметтік жауапкершілік және лайықты еңбек жөніндегі жаһандық бастама әзірлеуді ұсынды.

Президент білімнің рөлін ерекше атап өтіп, сауатсыздық әлемдік экономикаға жыл сайын 1,4 триллион доллар шығын келтіріп, әлеуметтік теңсіздікті күшейтетінін айтты.

— Біз аштық пен кедейлікке қарсы күрес жөніндегі Глобал альянстың алғашқы кездесуінде қабылданған шешімдерді толық қолдаймыз. Алдағы саммиттердің бірін Өзбекстанда өткізіп, білім беру мәселесін күн тәртібінің негізгі тақырыбы етуді ұсынамыз, — деді ол.

Климаттың өзгеру салдары туралы айта келе, президент экологиялық бастамалар мен жұмыспен қамту бағдарламаларын үйлестірудің маңызын атап өтті және Арал маңы өңірінде жаңа әлеуметтік-экономикалық даму үлгісін іске қосу жоспарын жариялады.

Мирзиёев Дохада қабылданған шешімдер миллиондаған адамға үміт сыйлауы тиіс екенін айтты.

— Біз бүгін қабылданған Доха саяси декларациясын толық қолдаймыз және онда бекітілген қағидаттарды жүзеге асыруға дайынбыз, — деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, Қатарға шабуыл жасалған жағдайда оның қауіпсіздігін АҚШ қамтамасыз етеді.

Соңғы жаңалықтар