Әлем таныған Астана шежіресі - Тәуелсіздік тарихымен ұштасады! (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі күні кәмелет жасқа толып, аз ғана жылдың ішінде әлем таныған әсем қалалардың қатарынан көрінген Астананың Тәуелсіздік тарихындағы орны ерекше. Тіпті, Тәуелсіздік жылдарындағы басты жетістіктерінің бірі ретінде де, өткен жылдардағы «жеті кереметтің» біріншісі ретінде де жұрт осы алаштың айбынды Астанасын ауызға алады. Өткен 18 жыл аралығында әлем Астананы Қазақ елінің бас қаласы ретінде танып қана қойған жоқ, Еуразия кіндігіндегі ең белсенді орталыққа, әлемдік деңгейдегі шешімдер қабылданатын орталыққа айналғанын да мойындап отыр. Ал бұл деңгейге Қазақтың Бас қаласы қалай жетті? Осыған үңіле түсу үшін он сегіз жыл бұрын Қазақстанның бүкіл әлемге жар сала жаңа астанасын таныстырғаннан бүгінгі дамыған кезеңіне дейінгі тарихына назар аударуды жөн санаған едік.
1994 жылы Мемлекет басшысының астананы көшіру туралы идеясын айты.
1996 жылы 6 шілдеде астананы Алматыдан Ақмолаға көшіруге шешім қабылданды. 1996 жылы 6 шілдеде Жоғарғы Кеңес отырысында Елбасы Н. Назарбаевтың түрлі мемлекеттердің астананы ауыстыру жөніндегі тарихи тәжірибесімен, ғылыми негіздемелерімен, геосаяси қажеттілікпен тұжырымдалған баяндамасымен жан-жақты түсініктерінен кейін көпшілік дауыспен «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың мемлекет астанасын Ақмола қаласына ауыстыру туралы ұсынысына келісім берілсін» деген тарихи шешім қабылданып, жария етілді. Бұл да Елбасы көрегендігі арқасында ел болып атқарылатын үлкен істің алғашқы іргетасы еді. Сөйтіп қазіргі Астананың орнына жайғасу тарихына да осы жылдың көп әсері болды.
1997 жылы 10 желтоқсаннан бастап Ақмола Қазақстанның астанасы болып ресми түрде жарияланды.
1998 жылы 6 мамырда Елбасы Н.Ә.Назарбаев Ақмола қаласын «Астана» деп атауға жарлық шығарды. Қазақстанның жаңа астанасын абаттандыру ісі аса қарқын алды. Елбасының Астана идеясының жүзеге асу барысына орай сол кездегі Елорда әкімі Әділбек Жақсыбеков былай деп еске алады: «Бір күні Елбасын ұзақ сапардан күтіп алдық. Тура әуежайда Премьер-министр екеуімізді машинасына отырғызып алды. Елорда атауын өзгерту туралы ойдың піскен кезі. Кездесулерде де бұл туралы айтып жүрген. Біраз үнсіз отырып... «Мүмкін, Астана деп атармыз? Қанатты сөз сияқты. Болашаққа деген талпынысымыздың символы болар еді» деді. Әдеттегідей, Президенттің сөзінен кейін біз біраз үнсіз қалдық. Нұрсұлтан Әбішұлы «Бүгін резиденцияға келіңдер. Сонда сөйлесеміз» деді. Кешке әңгіме жалғасты. Астана үшін Президент бірнеше мысалдар келтірді. Бірақ заң бойынша, қалалық мәслихат депутаттарының қолдауы керек болатын. Қолдау көрсетілді де. 1998 жылғы 6 мамырда қалалық мәслихаттың сессиясында депутаттар қала атауын Астанаға ауыстыру туралы біржақты шешім қабылдады».
1998 жылы 10 маусымда ресми түрде жаңа астананың халықаралық тұсаукесер тойы болып өтті. Бұдан кейінгі кездері де Астананың қала мәртебесіне сәйкес жаңғырту жұмыстары жалғасын тапты. Елорданың төрінен қазақтың үш ұлы тұлғасы Төле, Қазыбек және Әйтеке билерге ескерткіш тұрғызылып, бабалар алдындағы үлкен бір парыз орындалды.
1998 жылы ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша Астана қаласына «Бейбітшілік қаласы» жоғары атағы беріліп, медальмен марапатталды. Бұл атақ қысқа мерзім ішінде әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени дамуда неғұрлым әсерлі әрі қуатты өсуге, тұрақты этникааралық қатынасты орнықтыруға қол жеткізе алған ғаламшардың жас қалаларына беріледі. Бразилияда өткізілген бұл конкурста Астана барлық өлшемдер бойынша әлемнің әр түрлі елдерінің он екі қаласын басып озды. Әлемнің 15-тен астам қаласы Қазақстан елордасының бауырлас қалалары болып табылады, олардың арасында Мәскеу, Берлин, Варшава, Минск, Киев, Анкара, Бангкок, Рига және басқалары бар.
2003 жылы 23-24 қыркүйекте Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің I съезі өтті. Оның жұмысына ислам, христиандық, иудаизм, синтоизм, индуизм және буддизмнің мейлінше беделді өкілдері қатысты.
2006 жылы 12-13 қыркүйекте Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІ съезі осы съезд үшін арнайы салынған жаңа «Бейбітшілік және келісім сарайы» ғимаратында өтті. Екінші форум жұмысына бұл жолы 29 делегация қатысты.
2007 жылдың маусымында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Еуразиялық ғылым клубын құру туралы сөз қозғады. Еуразиялық экономикалық ғылым клубы 2008 жылдың 27 маусымында Қазақстан Республикасынң экономика және бюджетті жоспарлау Министрлігінің және экономикалық ғылыми-зерттеу институтының көмегімен құрылды. Содан бері жыл сайын Астанада Астана экономикалық форумы дәстүрлі түрде өтіп келеді.
2008 жылы «Қазақстан Республикасының мерекелер туралы заңына» енгізілген өзгерістерге сәйкес, 6 шілде - Астана күні мемлекеттік мерекелер тізіміне енді.
2009 жылы 1-2 шілдеде Еуропа, Азия, Таяу Шығыс және Американың 35 елінен 77 делегация қатысқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің III съезі өтті. Оның басты тақырыбына кез келген мәселенің оң шешілуіндегі рухани көшбасшылар рөлін олардың өзара құрмет пен ынтымақтастыққа негізделген толерантты әлемді қамтамасыз етуге қосқан үлесі аясында арттыру жайы арқау болды.
2009 жылы қазан айында Тәуелсіздік даңғылы бойындағы еліміздің басты алаңында "Қазақ елі" монументі ашылды.
2010 жылғы шілде айында «Ханшатыр» ойын-сауық орталығы ашылды. Әйгілі сәулетші Норман Фостердің жобасы бойынша салынған орталықтың биіктігі 150 метрді құрайды, аумағы - 127 мың шаршы метр.
2010 жылдың 1-2 желтоқсанында Еуропада, Орталық Азияда және Солтүстік Америкада орналасқан 56 елдің басын біріктіретін ірі аймақтық ұйым - Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық еткен Қазақстан тарапы Астанада ЕҚЫҰ Саммитін ұйымдастырды.
2011 жылы қаңтар-ақпан айларында Астана мен Алматы қалаларында Қазақстанда тұңғыш рет VII Қысқы Азиада ойындары болып өтті.
2011 жылғы 28-30 маусымда Астанада Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің (СІМК) 38-ші сессиясы өтті. Сол сәттен бастап Қазақстан осы халықаралық ұйымға төрағалық етуге кірісті.
2011 жылы «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасы ашылды. Сәулет нысанының биіктігі - 20 метр. Бұл - ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығының белгісі.
2012 жылғы 30-31 мамырда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IV съезі өтті. IV Съездің басты тақырыбы «Бейбітшілік пен келісім адамзат таңдауы ретінде» деп аталды. Форумға әлемнің 40 елінен 85 делегация қатысты.
2012 жылғы 22 қарашада ХКБ-ге мүше 161 елдің өкілдерінің жасырын дауыс беру барысында Астана жеңіске жетіп, EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі өтетін орын ретінде таңдалды. Астананың өтінімін 103 ел қолдады. ЕХРО-2017 ТМД елдерінде өтетін алғашқы көрме болмақ. EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін Астанада өткізу - Қазақстанның негізгі ірі жобаларының бірі. Мұндай ауқымды шараны еліміздің астанасында ұйымдастыру туралы бастама Мемлекет басшысына тиесілі.
2015 жылғы 10-11 маусым күндері Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезі өтті. Оған әлемнің 42 елінен 80-нен астам делегация, БҰҰ-ның бас хатшысы Пан Ги Мун, Иордания королі ІІ Абдалла, Финляндия республикасының басшысы Саули Ниинисте қатысты.
Айта кетерлігі, осы жылдар ішінде Астанада Тәуелсіздігіміздің символдарын айшықтайтын алып та бірегей нысандар бой көтерді. Мәселен, «Бәйтерек» пен «Қазақ Елі» монументтері Мәңгілік Еліміздің еңселі ескерткішіндей. Халықаралық деңгейдегі алқалы іс-шараларды өткізуге арналған Тәуелсіздік Сарайы, Бейбітшілік және Келісім сарайы әлемдік маңызды мәселелер қаралатын, шешімдер қабылданатын орталық ретінде таныла бастады. Ал «Қазақстан» концерт залы, «Астана-Опера» опера және балет театры, «Шабыт» сарайы секілді бірегей өнер сарайлары әлемдік сәулет өнерінің озық үлгілеріне жататын ғажайып ғимараттар ретінде келушілерді тәнті етуде. Бұл ретте Астананың бас сәулеткері Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі екенін де еске сала кеткеніміз жөн. Елбасының идеясы мен ұсыныстарының арқасында Елорда батыс пен шығыс мәдениетін бойына сіңіріп, Еуразия кіндігінде әлемдік өркениеттерді тоғыстырған көз тартар бірегей келбетке ие болып отырғаны да анық.