13:39, 24 Наурыз 2014 | GMT +5
Әлемде астық бағасы көтеріліп келеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ-тағы ауа райының қолайсыздығына, сонымен қатар Украинадағы тұрақсыз ахуал салдарынан Қара теңіз порттарында астық тиеу көлемінің төмендеу мүмкіндігіне орай импорттаушылардың қауіптенуіне байланысты астықтың әлемдік бағасы көтеріліп келеді. Бұл жайында аталған нарықтағы ахуалға мониторинг жасаған Ресейдің Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлім етуде.
Наурыз айының үшінші аптасында АҚШ-та жұмсақ бидайдың орташа экспорттық бағасы 5 пайызға өсіп, тоннасы 300 долларға жеткен. Ал осыдан бір апта бұрын ғана бидай бағасы 10 долларға қымбаттап, тоннасы 286 долларға көтерілген еді.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы елімізде таза салмақта шамамен 19 млн. тонна астық бастырылған болатын. Оның 9 млн-ға жуығын экспортқа шығару көзделуде. Бұл өткен маркетинг жылымен салыстырғанда 1,9 млн. тоннаға артық.