Әлемде бәсеке күшейген шақта көшірмемен табысқа жету мүмкін емес – ЖИ сарапшысы

АСТАНА. KAZINFORM – Sinovation Ventures компаниясының бас директоры, жасанды интеллект саласының танымал сарапшысы Кай-Фу Ли 1 қазан күні Kazinform агенттігіне сұхбат берді.

 Кай-Фу Ли
Фото: Адель Харламова

Әңгіме барысында ол жасанды интеллектіні мемлекеттік басқаруда пайдалану тәжірибесі, Қытай үлгісінің ерекшелігі және Қазақстан үшін ықтимал даму жолдары туралы айтып берді.

– Қазіргі таңда жасанды интеллектіні мемлекеттік басқару саласында пайдалану жаһандық үрдіске айналды. Сіз бұл үрдісті қалай бағалайсыз? Қазақстан үшін қай елдің тәжірибесі пайдалы болуы мүмкін?

– Қытайдың тәжірибесін ерекше атап өтер едім. Бұл ойымды Қытайда жұмыс істегенім үшін емес, әр елдің жасанды интеллектіні дамытуда өз ерекшелігі бар болғандықтан айтып отырмын. АҚШ негізінен жекеменшік компаниялардың табысын арттыруға басымдық береді. Еуропа болса, қатаң реттеуді көздейді. Бұл тәсілдердің екеуі де тиімді үлгі бола алмайды.

Қытайда жасанды интеллектінің маңызы мемлекеттік деңгейде айқындалып, нақты стратегиялық мақсаттар қойылады. Мысалы, Ұлттық даму және реформалар комиссиясы алдағы екі жыл ішінде алты негізгі салада жасанды интеллектіні пайдалану деңгейін 70 пайызға жеткізуді міндет етіп отыр. Мұндай көрсеткіштер бүкіл саланың дамуына серпін береді, себебі компаниялар мен мамандар нақты мақсатқа бағытталады.

Ең бастысы – Қытай мемлекеттік және ұлттық компанияларды жасанды интеллектіні енгізудің негізгі алаңы ретінде қарастырады. Бұл – күрделі, бірақ қажетті қадам. АҚШ-та мұндайды іске асыру қиын, ал Қытайда ол мүмкін болып отыр. Қазақстан үшін де осы үлгі құнды болмақ.

АҚШ-та жасанды интеллектіні дамыту көбіне жаһандық басымдыққа ұмтылумен байланысты. Мәселен, миллиондаған чип сатып алып, AGI жасауға тырысатын ірі корпорациялар бар. Бірақ мұндай жолды барлық елдің таңдауға мүмкіндігі жоқ.

Қытайдың ерекшелігі – прагматикалық көзқарас. Үкімет те, бизнес те ең алдымен нақты әрі пайдалы қолданбаларды дамытуға назар аударады. Қазақстан үшін де осы бағыт тиімді, себебі елдің алдында басты міндет – жасанды интеллектіні өмірдің нақты салаларында қолдана отырып, экономикалық құндылық қалыптастыру.

– Сіз жасанды интеллект саласында мол тәжірибе жинадыңыз. Қазақстандағы IT-мамандарға қандай кеңес бересіз?

– Ең бастысы – алға қарау. Қазір бұрынғыдай «басқалар жасап қойды, біз де қайталайық» деген тәсіл нәтиже бермейді. Әлемде бәсеке күшейген шақта көшірмемен табысқа жету мүмкін емес.

Дұрыс қадам – нақты нарықтық қажеттілікті анықтау және толық жетілмеген, бірақ қолдануға дайын технологияларды дер кезінде енгізу. Сонда ғана бәсекеде озық болуға болады.

Егер толығымен пісіп жетілген технологияға жүгінсеңіз, ол салада қатаң бәсеке жүріп жатқандықтан, қосымша құн табу қиын. Ал орындалмайтын мақсаттар қою – ресурсты босқа ысырап ету.

Сондықтан ең маңыздысы – жасанды интеллектінің даму бағытын алдын ала болжау, сол бағытты бағдар етіп алып, іске асатын әрі заманауи шешімдер жасау. Сонда ғана жарқын нәтижеге қол жеткізуге болады.

– Сұхбат бергеніңіз үшін алғыс айтамыз.

Соңғы жаңалықтар