Әлемде билікке қарсы наразылық акциялары неге көбейіп барады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Әлем елдерінде жыл өткен сайын билікке деген наразылық күшейіп келеді. Мәселен, 2022 жылы өмір сүру сапасының нашарлауына байланысты Еуропа мен Солтүстік Америкадағы наразылықтар саны үш есе артқан. Былтыр 21 500 наразылық шеруі өтіп, оған 6,3 миллион адам қатысқан екен. 2023 жылдың қаңтарында да наразылық акциялары тоқтаған жоқ. Еуропада, мысалы, 2023 жылдың 1 ақпанындағы дерек бойынша, наразылық акцияларына қатысқан демонстранттар саны 4,1 миллион адамға жеткен, бұл өткен жылдың қаңтарымен салыстырғанда 12 есе көп. Осыдан-ақ, дамыған алпауыт елдердегі экономикалық болсын, саяси болсын жағдайдың тұрақсыз екенін байқаймыз. Ең қызығы, халық қанша қарсы шыққанымен, көп жағдайда демонстранттардың талабы орындалған жоқ. Бүгінгі мақаламызда әлем елдеріндегі биылғы ірі шерулерге назар салып, шолу жасауды жөн көріп отырмыз.

Израильде сот реформасына қарсылық күшейді

Израиль мемлекетінде жыл басынан бері жаңа үкімет ұсынған сот реформасына қатысты наразылық жалғасып келеді. Соған қарамастан, 24 шілде күні парламент сот реформасын қабылдады. Дауыс беруден соң наразы топ тағы көшеге шықты. Израильдік дәрігерлер тіпті наразылық шеруіне қатысып, 24 сағатқа жұмысын тоқтатты. Ақ халаттылар шерушілер мен полиция арасындағы қақтығыс өршіп тұрған Иерусалимде ғана жұмысын жалғастырды.

Резервтегі әскерилер армияның міндетті жаттығуларына қатыспаймыз деп қорқытып отыр, бұл өз кезегінде Израильдің жауынгерлік әзірлігіне айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Көптеген газет пен журнал сейсенбі, яғни 25 шілде күні «Израиль демократиясы үшін қаралы күн» деген тақырыппен шықты.

Фото: TASS / Zuma

Ақыр аяғында сот реформасы қабылданып, осыған дейін биліктің атқарушы және заң шығарушы тармақтары арасында тепе-теңдікті сақтауда тексеру қызметін атқарған Жоғарғы соттың өкілеттіктері шектелді. Оған қарсы шыққан топ (қоғамдық сауалнамаға сәйкес, израильдіктердің шамамен 46%-ы) реформаны алға тартқан қазіргі үкімет билікті басып алып, демократияға қол сұқты деп есептейді.

Израильде үкімет аталған реформа бастамасын көтерген ақпан айынан бері наразылықтар жалғасып жатыр. Наразылық шерулері ел тарихындағы ең ауқымды әрі ең ұзаққа созылған акция болып отыр. Мәселен, 26 наурыз күні кешке қарай ел бойынша 600 мыңнан астам адам көшеге шықса, 15 шілдеде 150 мыңнан астам адам шеруге қатысты.

Дүйсенбі күні, яғни 24 шілдеде Кнессеттегі дауыс беруден кейін наразылық білдіруге шыққан ондаған мың адам биліктің озбырлығына ешқашан көнбейтініне айтып, уәде берді.

Еске салайық, биылғы 4 қаңтарда Израильдің 37-үкіметі ант бергеннен кейін алты күн өткен соң жаңа сот реформасын таныстырды. Оның негізгі мақсаты – Жоғарғы Соттың өкілеттігін шектеу. Елде конституция да, конституциялық сот та жоқ, сондықтан да Жоғарғы Сот конституциялық бақылау органының рөлін атқарып келді. Сот үкіметтің әрекетін бақылап, заңға қайшы деп санаған заң жобаларын қабылдауға тосқауыл қоя алады.

Ал үкімет Жоғарғы Сот өз өкілеттігін асыра пайдаланып отыр - Парламент қабылдаған заңдарды өзгертеді, кейде мүлде қабылдамайды деп есептейді. Биліктегі Ликуд партиясының мәлімдеуінше, сот өз мүддесі үшін әрекет етіп, саясатқа араласып отыр. Израильдің жаңа Әділет министрі Ярив Левиннің айтуынша, реформа Жоғарғы Соттың өкілеттігін шектеп, парламенттің құзыретін кеңейтпекші.

Франциядағы зейнетақы реформасы қабылданды

Франция билігі зейнетке шығу жасын 62-ден 64 жасқа дейін көтеруіне байланысты жылдың басында бүкіл елде наразылық шерулері өткен еді. Елдегі кәсіподақтардың мәліметінше, оған 2 миллионға жуық адам қатысқан. Алайда бұл зейнет жасын көтеруге қарсы ұйымдастырылған алғашқы митинг емес. Франция президенті Эммануэль Макронның сайлауалды бағдарламасының бір пункты болған аталмыш жоба 2019 жылы жүзеге асырылуы тиіс еді. Сол кезде де наразылық болып, 800 мың адам көшеге шықты. Алайда жаһанды жайлаған пандемия жобаны іске асыруды кейінге шегеруге мәжбүрледі. Енді міне, биыл Макрон зейнет жасын ұлғайтуға қатысты реформаны қайта қолға алды. Сөйтіп, елдегі наразылық шерулеріне қарамастан, биылғы сәуір айында Францияның Конституциялық соты зейнет жасын 64 жасқа дейін көтеруді мақұлдады.

Фото: ZUMA Wire/IMAGO

«Франция Конституциялық кеңесі зейнет жасын 64-ке дейін көтеруді көздейтін зейнетақы реформасы туралы заң жобасының негізгі бабын мақұлдады», - деп хабарлады француз телеарнасы.

Алайда Сот заң жобасының қалған тармақтарын қабылдаған жоқ, атап айтқанда, 55 жастан асқан азаматтарды жұмысқа қабылдаудан бас тартқан ұйымдар мен кәсіпорындарға айыппұл салу туралы тармақты бекітпеген.

Сөйтіп, Эммануэль Макрон халыққа жолдауында Францияда зейнет жасын 62-ден 64 жасқа дейін көтеретін зейнетақы реформасы осы күзде күшіне енетінін айтты.

«Өздеріңіз білетіндей, Конституциялық сот жұма күні зейнетақы реформасын заңды деп таныды. Зейнетақы реформасы күзде күшіне енеді», - деді ол.

Францияда қаңтар айының соңынан бері зейнетақы реформасына қарсы жаппай наразылық шерулері өтіп жатыр. Франция президенті Эммануэль Макронның айтуынша, дағдарыс кезінде сапалы өмір сүру деңгейін сақтап қалып, зейнетақы алып отыру үшін француздарға көп жұмыс істеуге тура келеді. Зейнетақы реформасы жобасы 2031 жылға қарай зейнеткерлік жасты 62-ден 65-ке дейін кезең-кезеңімен арттыруды көздейді.

Франциядағы тағы бір толқу

27 маусымда Парижден 11 шақырым жерде орналасқан Нантер қаласының полиция патрулі тексеру үшін үш жас адам мінген көлікті тоқтатты. Талапты орындаудан бас тартқан жүргізуші көлігін оталдыра бастайды, осы сәтте полицей көліктің алдыңғы әйнегінен оны атып тастады. Осылайша, 17 жастағы алжирлік жасөспірім Наэль М. есімді жігіт қайтыс болды. Оқиғаны өтіп бара жатқан адам видеоға түсіріп алып, әп-сәтте әлеуметтік желіге таратып жіберген. Бұл оқиға елде дүмпу туғызып, халық көшеге шықты.

Наразылық білдірушілер жасөспірімнің ақ нәсілді болмағаны үшін өлтірілгенін алға тартты. Ал билік бұнымен келіспей отыр. Көптеген сарапшы үкімет ксенофобия көріністеріне көз жұмып қарайтын болса, кез келген жаңа оқиға дәл осындай жаппай ереуілдерге әкеліп соғуы мүмкін деп санайды.

Сөйтіп, маусымның 27-нен 28-іне қараған түні Нантер мен Париждің басқа да шет аймақтарында жастар мен полиция күштері арасында қақтығыстар басталып кетті. Шерушілер полицияны шектен тыс күш қолданды және билікті асыра пайдаланды деп айыптады. Демалыс күндері наразылықтар Францияның басқа қалаларына – Марсель, Лион, Страсбургке тарады. Сондай-ақ осыған қатысты наразылық акциялары көршілес Бельгия мен Швейцарияда да болды.

Фото: Анна Майорова © URA.RU

Наразылыққа шыққандардың басым бөлігі Францияға келген иммигранттар, олар полицияға тас лақтырып, көлік өртеп, ғимараттарға да зиян келтірді. Сонымен қоса Нантер қаласында бірнеше көлік өртеніп, қоғамдық көлік аялдамалары, бірнеше дәмхана мен дүкендер зардап шекті. Ал сенбіден жексенбіге қараған түні жастар Л'Аи-ле-Роз-дің мэрі Винсент Жанбруннің үйіне шабуыл жасады. Олар қала басшысының қақпасын көлікпен соқпақ болған. Бұл оқиға француздар арасында үлкен резонанс туғызған еді.

Бірнеше күн өткеннен кейін Францияның көптеген қаласында жағдай тұрақтала бастады. Полиция қызметкері (аты-жөні жарияланған жоқ) ұсталып, іс тергеліп жатыр.

Бразилияда халық неге көтерілді?

2023 жыл Бразилияда үлкен қақтығыстардан басталған еді. 8 қаңтарда ел астанасы Бразилиа қаласында былтырғы президент сайлауы нәтижесін мойындамай отырған бұрынғы президент Жаир Болсонарудың жақтастары жаппай шеруге шығып, полициямен қақтығысып, мемлекеттік ғимараттарды басып алды. Сөйтіп, шабуыл үш сағатқа созылып, ақыр соңында елдің құқық қорғау органдары үкіметтік ғимараттарды азат еткен болатын.

Оқиғаның жай-жапсарын түсіну үшін әріден бастайық. Бразилияда 2022 жылғы 30 қазанда өткен президент сайлауында Луис Инасиу Лула да Силва жеңіске жетіп, билікке қайта оралды. Ол мемлекетті 2003-2010 жылдары да басқарған болатын. Сайлаудың бірінші турында үміткерлердің ешқайсысы жеткілікті дауыс жинай алған жоқ. Тек екінші турда ғана кімнің президент болатыны белгілі болды. Жаңа президент Луис Инасиу Лула да Силваға сайлаушылардың 50,9 пайызы дауыс берсе, сол кездегі президент Жаир Болсонаруды қолдағандар саны 49,1 пайызды құраған. Осылайша, небәрі бір-ақ пайыз айырмашылықпен Лула да Силва Браизилияның жаңа президенті болып сайланды. Кейін 22 қарашада Болсонару электронды сайлау жәшіктерінің дұрыс жұмыс істемегенін айтып, Бразилияның ең жоғары сайлау сотына шағым түсірген еді. Алайда оның арызы қаралған жоқ. Сөйтіп, биылғы 1 қаңтарда Бразилияда 13 жылға жуық үзілістен кейін президент лауазымына қайта келген да Силваның инаугурациясы өтіп, ол заңды түрде қызметіне кірісті.

Фото: © Matheus Alves. / dpa / globallookpress

Лула да Силваның ұлықтау рәсімінен кейін бір апта өткенде, яғни 8 қаңтарда бұрынғы президент Жаир Болсонарудың жақтастары оның сайлауда жеңілгенін мойындаудан бас тартып, ел астанасы Бразилиадағы парламент пен басқа да үкіметтік ғимараттарға шабуыл жасады. «Correio Brasiliense» басылымының хабарлауынша, экс-президентті қолдаушылар Ұлттық конгресс ғимаратына басып кірген. Оқиға орнынан түсірілген фотосуреттерден жүздеген адамның аталған ғимаратқа баса көктеп еніп бара жатқанын байқауға болады.

Шеруге шыққандар тек Ұлттық конгресті ғана емес, президент сарайы мен Жоғарғы соттың ғимаратына да басып кірді. Осылайша, шабуыл үш сағатқа созылған. Соңғы мәліметтер бойынша, полиция ғимараттарды шерушілерден азат етіп, 400-ден астам адамды қамауға алды. Тәртіп сақшылары наразылық білдірушілерге қарсы газ, көзден жас ағызатын газ, резеңке оқ қолданған. Бұған жауап ретінде демонстранттар көліктерді өртеп, полицияға тас лақтырған. Алдын-ала болжам бойынша, шеруге 5 мыңнан астам адам қатысқан.

Ұлыбританиядағы соңғы жылдардағы ең ірі ереуілге жарты миллион адам қатысты

Биыл жыл басында Ұлыбританияда Маргарет Тэтчер үкімет басқарып тұрған тұстан бері болмаған ең ауқымды наразылық шерулері өтті. Ұлттық ереуілге жарты миллионға жуық жұмысшы қосылды. Бұған инфляцияның өсуі және ереуілшілер үшін ең төменгі жұмыс көлемін енгізу жөніндегі үкіметтің бастамасы себеп болды. Шеруге қатысушылар еңбек жағдайларын жақсартуды және жалақыны көтеруді талап етті.

1 ақпан күні наразылық шеруіне байланысты Ұлыбританияда мыңдаған мектеп жабылды, ондаған университетте дәрістер үзілді, қоғамдық көліктер жұмысы бұзылып, теміржол қатынасы мен көптеген әуе рейсі тоқтатылды.

Кейіннен бұл наразылық күшейе түсті. Тек ақпан айында 20 күн қатарынан мұғалімдер, мемлекеттік қызметшілер, университеттер мен колледж оқытушылары, пойыз, автобус жүргізушілері және тағы басқалары көшеге шықты. Бәрі жалақысын көтеріп, жұмыс шарттарын жеңілдетуді талап етті. Олар билік басындағы Консерваторлар партиясының жұмысына көңілі толмайтынын білдірді.

Видеодан алынған кадр

Мұғалімдер бұрын-соңды болмаған ауқымды ереуілге қатысып, миллиондаған оқушы мектепке бара алмай қалды. Жалақысына көңілі толмаған пойыз және автобус жүргізушілері, мемлекеттік қызметшілер де наразылық білдіріп, көшеге шықты.

Ұлыбританияда соңғы онжылдықта мұғалімдердің жалақысы азайып кетті. Нәтижесінде педагогтарды жұмысқа тарту және ынталандырып, ұстап қалу қиындап кетті. Фискалдық зерттеулер институтының мәліметі бойынша, аға мұғалімдердің жалақысы 2010-2022 жылдар аралығында 13 пайызға азайған. Өткен жазда үкімет ұстаздардың көпшілігінің айлығы шамамен 5 пайызға өсетінін мәлімдеген болатын. Бірақ қымбатшылықтың кесірінен ол ақша сезілмей қалды. Сөйтіп, Ұлттық білім беру кәсіподағының мүшелері ереуілге шығуды ұйғарды. Одан кейін медицина қызметкерлері мен басқа да сала қызметкерлері де ереуілге шыққан еді.

Содан да болар, биыл Ұлыбритания үкіметі наразылыққа қарсы заңдарды қатайтуды қолға алды. Өткен айдың басынан бері елде наразылыққа қарсы жаңа шаралар күшіне енді. Өзгерістер, ең алдымен тас жолдар мен орталық қала көшелерін жауып тастайтын табиғат қорғаушыларының акцияларына қарсы бағытталған. Жаңа өзгерістер полиция қызметкерлеріне наразылық акциясын өткізіп жатқан демонстранттарды жолдан күштеп шығаруға мүмкіндік береді.

Сенегал: халық оппозиция жетекшісінің ұсталуына байланысты шеруге шықты

Африканың тағы бір елінде наразылықтар мен қақтығыстар көбейді. Осыдан бірер күн бұрын Сенегалда оппозиция жетекшісі ұсталған соң елде тәртіпсіздіктер басталып кетті. Толқу кезінде екі адам қайтыс болған.

Сенегалда оппозиция жетекшісі Осман Сонко көтеріліс жасады деп айыпталып, оның партиясы таратылғаннан кейін қақтығыстар өтіп жатыр. Билік интернет қызметін де шектеді.

Бұған дейін қазіргі мемлекет басшысы Маки Саланы қатты сынайтын Сонко келесі жылы ақпанда өтетін президент сайлауына түсуге ниетті екенін мәлімдеген. Сарапшылардың айтуынша, саясаткердің танымалдылығы, әсіресе, жастар арасында артып келеді және оның билік партиясына қауіп төндіруі мүмкін. Маусым айында Сонко балаға зорлық көрсеткені үшін екі жылға бас бостандығынан айырылды, бұл оның сайлауға түсуіне мүмкіндік бермеуі ықтимал.

Фото: nytimes.com

Маки Салдың өзі үшінші рет сайлауға түспейтінін мәлімдеді, бірақ өз партиясының кандидатын қолдайтынын айтқан.

Қазір елдегі жағдай әлі тұрақсыз екенін атап өткен жөн.

Мадридте мыңдаған адам алаңға шықты

Биыл қаңтар айында Испания астанасында мыңдаған адам шеруге шығып, үкіметтің отставкаға кетуін талап етті. Оңшылдар ұйымдастырған акцияны Испаниядағы негізгі оппозициялық партиялар қолдады.

Ресми мәлімет бойынша, Мадрид орталығындағы Сибелес алаңына кем дегенде 30 мың адам жиналған. Ал ұйымдастырушылардың айтуынша, наразылық білдірушілер саны одан да көп. Олардың есебі бойынша, Мадрид көшелеріне наразы 700 мың азамат шықты.

Шеруге қатысушылар билікті мемлекетке сатқындық жасап, сепаратистерге қолдау көрсетті деп айыптап, коалициялық үкімет пен премьер-министр Педро Санчестің отставкаға кетуін талап етті.

Фото: © Miguel Candela/SOPA Images/Sipa USA

Атап айтқанда, олар үкіметтің Испания Қылмыстық кодексінің бірқатар баптарын өзгерту туралы шешіміне қарсы шықты. Осы өзгерістерден кейін каталониялық Тәуелсіздік қозғалысының көптеген жетекшісінің жазасы айтарлықтай жеңілдетілген болатын.

Бұған қоса, наразылыққа шыққандар үкіметтің елді экономикалық дағдарыстан шығарып, энергия мен азық-түлік бағасының қымбаттауынан құтқара алатынына күмәнмен қарайды.

Перудегі төңкеріс: саяси сипаты мен шеруге шыққандардың талабы

Соңғы жылдары Перуде саяси тұрақсыздық белең алып отыр. 2016 жылдан бері алты мемлекет басшысы ауысты, соның ішінде 2020 жылы елде небәрі бес күннің ішінде үш президент билікке отырып үлгерді. Қазіргі таңдағы ахуал да мәз емес. Халықаралық сарапшылар елде мерзімінен бұрын сайлау өткізілмесе, Перудің дағдарыстан шығуы қиынға соғатынын айтып отыр. Биылғы 15 қаңтардан бастап Перудің бірқатар аймағында бір айға төтенше жағдай режимі енгізілді.

Фото: © Bloomberg

Республикадағы 7 желтоқсанда басталған наразылықтар қаңтар айында қайта күшейіп, қаза тапқан азаматтар саны артқан. Елдегі жағдай мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған экс-президент Педро Кастильоның қамауға алынуынан кейін ушыға түскен еді. Оның жақтастары елдің жаңа басшысы Дина Болуартенің отставкаға кетуін және мерзімінен бұрын сайлау өткізуді талап етті.

2021 жылдың маусымында Перудің президенті болып сайланған Педро Кастильоны биліктен шеттету үшін ел парламенті оған импичмент жарияламақ болған еді. Алайда президент өткен жылдың 7 желтоқсанында теледидардан сөйлеген сөзінде өзі парламентті тарататынын айтты. Содан соң Перу үкіметінің бірнеше министрі бірден отставкаға кетті, ал Конституциялық соттың басшысы президентті төңкеріс жасауға әрекеттенді деп айыптады.

Конгресс депутаттары шұғыл жиналыс жасап, президентке импичмент жариялады. 130 депутаттың 101-і импичментті қолдап дауыс берді. Сөйтіп, уақытша президент ретінде парламент Перудің вице-президенті Дина Болуартені тағайындап, ол ант беріп те үлгерген еді.

Осылайша, биліктен тайдырылған Кастильо қамауға алынды. Жоғарғы сот алқасы оған бүлік ұйымдастырды және қастандық жасады деген айып тағып, 18 айға тұтқындады. Алайда Кастильо тағылған айыппен келіспей, өзі елдің заңды президенті болып қала беретінін мәлімдеді.

Кастильоның жақтастары оның президенттіктен кетуіне оппозициялық саяси элита, әскер мен полицияны кінәлады. Шерушілер Дина Болуартенің отставкаға кетуін, Конгресті таратуды және құрылтай жиналысын құруды талап етуде.

Наразы топтың басты талабы - жаңа жалпыхалықтық сайлау өткізу. Ал Перудің қазіргі президенті Дина Болуарте 2024 жылдың сәуір айында елде мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы заң жобасын парламентке жібергенін айтты. Депутаттар да бұл ұсыныспен келісті. Енді 2024 жылдың көктемінде президент сайлауы өтпекші. Бұған дейін елдегі президент сайлауы 2026 жылға жоспарланған еді.

Жалпы қай заманда да билік пен қарапайым халық бір-бірімен келісімге келе алмаған мысалдар өте көп. Бұған біз жазған алыс-жақын елдердегі наразылық шерулері дәлел бола алады. Көп жағдайда халық қарсы шыққан заң жобалары қабылданып кеткенін байқап отырмыз. Десе де, халық та бұған көндігер емес. Мәселен, біз жазған сот реформасына қарсы израильдіктер заң қабылданып кетсе де, соңына дейін баратындарын айтып отыр. Қалғаны уақыт еншісінде. Дегенмен, статистикалық көрсеткіштер жыл сайын билікке наразы халықтың саны көбеймесе, азаймағанын көрсетіп отыр...


Соңғы жаңалықтар