Әлемде ешбір мемлекеттің бастауыш мектептерінде үш тіл қатарынан оқытылмайды - А. Құсайынов

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Әлемде ешбір мемлекеттің бастауыш мектептерінде үш тіл оқытылмайды. Ал Қазақстанның 12 жылдық білім беру жүйесінде ол қарастырылған. Бұл туралы бүгін Алматыда «Демократия үйінде» «Әлеуметтік жаңғырту - жалпыұлттық жоба» атты тақырыпта өткен дөңгелек үстел барысында ҚР Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті, академик, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығының лауреаты Асқарбек Құсайынов мәлімдеді.

Әлемде ешбір мемлекеттің бастауыш мектептерінде үш тіл қатарынан оқытылмайды - А. Құсайынов

«Мен 20 жылдан астам уақыттан бері шетелдердің білім беру жүйесін зерттеп келемін. Осы бағытта бірқатар еңбектер жаздым. Енді, сіздерге бірінші кезекте мына бір жәйтті жеткізгім келеді. Бүгінгі таңда әлемнің ешбір мемлекетінің бастауыш мектептерінде үш тіл қатар оқытылмайды. Ал Қазақстанның жаңа 12 жылдық білім беру жүйесінің бастауыш сыныптарға арналған стандартында ол қарастырылған. Шетелдерде үш тіл тіпті алтыншы сыныпқа дейін оқытылмайтындығын баса айтқым келеді. Мен балалардың көп тіл білгеніне қарсы емеспін. Бірақ бала бірінші кезекте ұлттық тілді, ұлттық құндылықтарды өз бойына сіңіріп өсуі керек. Тек содан кейін ғана шет тілдерін үйрене беруге болады. Шетелдерде міне осындай ұстаным басшылыққа алынған», - деді өз сөзінде Асқарбек Қабыкенұлы.

Педагог-ғалымның айтуынша, бастапқы сыныптарға арналған оқу бағдарламалары да көңіл көншітпейді.

«Біз Қазақстан мен Жапонияның бастауыш мектептерінің, яғни 1-сыныптан 5-сыныпқа дейінгі оқу бағдарламаларын қатар қойып, салыстырып, зерттеп шықтық, - деді Асқарбек Қабыкенұлы, - Бірден айтарым, Жапонияда балаларға ұлттық тұрғыда рухани тәлім-тәрбие беру мәселесіне жіті көңіл бөлінеді.

Қазақстандық балалардың бес жыл бойы қазақ тілі және әдебиеті, орыс тілі және ағылшын тілі пәндерін оқып үйренулеріне 1938 сағат бөлінсе, Жапонияда балалар 5 жыл бойы 1200 сағат тек жапон тілін оқып үйренеді.

Тіл үйрену, әдебиет, математика, информатика және жараталыстану пәндері балаға психологиялық салмақ түсіретін ауыр пәндер. Бізде оларға 3128 сағат қарастырылған. Сонда біздің балалар мұндай ауыр пәндерді жапондық балалардан 952 сағат артық оқиды. Ал санитарлық норма бойынша мұндай ауыр пәндерді мұншалықты көлемде балаларға беруге болмайды. Жапонияда бұл пәндер санитарлық нормаға сәйкес жүргізіледі. Рухани-адамгершілік құндылықтарға негізделген пәндер. Өнер, адам және қоғам, дене шынықтыру пәндеріне Қазақстанда 1020 сағат қана белгіленсе, Жапонияда қоғамтану, қоршаған ортаны зерттеу, үй шаруашылығы, адамгершілік тәрбие, музыка, сурет, сызу, дене шынықтыру пәндеріне 1753 сағат берілген. Яғни, бізде бұл -пәндер 733 сағатқа кем оқытылады деген сөз.

Қорыта келгенде, қазақстандық балалар жаңа стандартқа сәйкес толық оқу жоспары бойынша 5168 сағат оқитын болады, ал олардың жапондық құрбылары 4422 сағат оқиды. Яғни біздің балалар 746 сағат артық оқиды! Ол аздай көбінесе ауыр пәндерді оқиды! Бұған мүлдем жол беруге болмайды! Жалпы біздегі 12 жылдық білім беру жүйесіндегі бастауыш сыныптардың білім беру стандарты 2004 жылдан бері айта-айта әбден жауыр болған тақырып. Енді қазір «Қазақстандағы 12 жылдық білім беру стандарты - Назарбаев зияткерлік мектебі дайындаған стандарт негізінде жасалған» - деген әңгіме жиі айтылып жүр. Біз осыған байланысты үлкен зерттеу жұмыстарын жүргіздік. 25 педагог-ғалым Үкіметке, Парламентке ашық хат та жолдадық. Осы 12 жылдық білім беру жүйесінің бастауыш сыныптарға арналған стандарты Парламент Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінде қызу талқыланды. Онда орта мектептердің ұстаздары, директорлары және ғалымдар сөз сөйледі, өз ұсыныстарын ортаға салды. Осы талқылауға қатысқан Мәжіліс төрағасының орынбасары Дариға Назарабева ұсынылып отырған стандартты өңдеп, толықтыру үшін мақсатында оны 2-3 жылға кешуілдету жөнінде Білім және ғылым министрлігінің басшылығына ұсыныс білдірді. Оны барлық депутаттар бірауыздан қолдады. Сондықтан мен енді бүкіл жұртшылықты осы мәселеге жіті көңіл бөлуге шақырамын. Өйткені бастапқы білім - білім беруідің негізі.

Әрі қарай, Асқарбек Қабыкенұлы ұрпағына бірінші кезекте рухани-адамгершілік тұрғыда тәрбие беруге ұмтылатын ел ғана дамыған елдер қатарына қосыла алатындығын жеткізді.

«Бұл жерде педагог мамандардың ролі ерекше ғой. Бұл тұрғыда әлемнің озық тәжірибелерін пайдалануымыз қажет. Мысалы, Финляндия. Бұл елдегі білім беру жүйесі - бүкіл Еуропа үшін эталон деуге болады! Мұнда педагогикалық мамандыққа мектептердің тек ең үздік түлектерін ғана қабылдайды. Ең алдымен олар кәсіби жарамадылық талаптары бойынша бөлек емтихан тапсырады. Одан өте алмаса, оқуға түсе алмайды. Тіпті қанша жерден білімді болса да! Өйткені екінің бірі педагог бола алмайды ғой. Баланы сүйетін, балаға мейрім жасайтын адам ғана ұстаз бола алады. Ұстаздың бойында ерекше ұстаздық қасиет болуы керек! Сонымен, студент бакалавриатурада оқиды. Оқып жүріп практикалық сынақтарды қатар алып жүреді. Кейін магистратурада оқиды. Содан кейін барып дипломын алып, мектепке келген соң, өз бетімен жұмысты алып кеткенше оған тәлімгер ұстаз тағайындалады.

Біз де ше? Бізде қалай? Айтпаса да түсінікті. Сондықтан біз осындай тәжірибелерді енгізуіміз керек деп ойлаймын.

Педагог-ғалым әсіресе әңгімесін аяқтай келе, бастауыш сыныптардағы білім жүйесінің алатын орнын тағы да ерекше атап өтті.

«Бастауыш мектеп - білім алудың негізі. Егер де балалар бастауыш сыныптарда мықты мұғалімнен дәріс алатын болса, ал кейін нашар мұғалімге тап болса, олардың 50 пайызынан астамының кейін сапалы білім алуларына, бәрібір білімді болып шығуларына мүмкіндіктері бар. Ал егер керісінше, балалар бастауыш сыныптарда нашар мұғалімге тап болса, кейін жақсы мұғалімдерге тап болғандарымен, олардың тек 25 пайызының ғана кейін сапалы білім алуларына мүмкіндіктері болады. Осыдан-ақ бастауыш білімнің маңыздылығына көз жеткізе беріңіздер», - деп сөзін аяқтады Асқарбек Құсайынов.