Әлемде Қазақстанның Ұлттық құрылтайы сияқты институт қай елдерде бар

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда 2022 жылғы маусым айында Президенттің жарлығымен Ұлттық құрылтай құрылды. Бұған дейін қоғам мен билік арасындағы диалог алаңы қызметін атқарған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі таратылып, оның орнына осы жаңа форматтағы кеңесші орган жұмысын бастады.

әлемде
Коллаж: Kazinform/ Canva

Содан бері Ұлттық құрылтайдың отырыстары Түркістан, Атырау, Ұлытау және Бурабай қалаларында өтті. Әр жиында ел дамуына қатысты өзекті мәселелер көтеріліп, қоғамдық пікірге негізделген ұсыныстар айтылды. Ұлттық құрылтай мемлекет пен қоғам арасындағы ашық әрі институционалдық диалогті нығайтуға бағытталған алаң ретінде қалыптасып келеді.

Ұлттық құрылтай
Фото: Ақорда

Қазақстандағы Ұлттық құрылтайдан бөлек, әлемнің көптеген елдерінде мемлекет бастамасымен құрылған, әлеуметтік-экономикалық саясатты талқылауға арналған ұлттық деңгейдегі тұрақты кеңесші органдар жұмыс істейді. Мұндай құрылымдар, әдетте, үкімет, жұмыс берушілер, кәсіподақтар, азаматтық қоғам, ғылыми орта және өзге де мүдделі тараптардың пікірін тоғыстырып, келісім қалыптастыру мен саясатты оңтайландыруды көздейді. Көбіне олар «Экономикалық және әлеуметтік кеңес» (Economic and Social Council) немесе «үшжақты әлеуметтік диалог органы» (tripartite social dialogue body) форматында қызмет атқарады.

Төменде халықаралық тәжірибеде кең таралған бірқатар мысалдар келтіріледі.

и
Фото: kabar.kg

Қырғызстанның Халықтық құрылтайы (Элдик Курултай)

Қырғыз Республикасының Халықтық құрылтайы 2022 жылы Президент Садыр Жапаровтың «Халықтық құрылтайды шақыру туралы» жарлығымен құрылған кеңесші және қоғамдық бақылау функциялары бар орган болып саналады. Ол тікелей шешім қабылдау өкілеттігіне ие емес, алайда заңнамалық бастама құқығы бар. Негізгі мақсаты – мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты дамыту, азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуын кеңейту және ел дамуына қатысты ұсыныстарды кең қоғамдық қолдаумен әзірлеу.

Құрылтайдың басты міндеттері – ұлттық бірлікті сақтау, қоғамдық келісімді нығайту, экономикалық, әлеуметтік, мәдени, экологиялық даму мен азаматтардың құқықтарын қорғау салаларында орнықты дамуға ықпал ету. Оның құрамына ауылдық және қалалық қауымдастықтардан, Бішкек пен Ош қалаларынан, шетелдегі еңбек мигранттарынан және діни бірлестіктерден сайланған 1074 өкіл кіреді. Құрылтай жылына бір рет өткізіледі.

и
Фото: nytimes.com

Тунистің Ұлттық әлеуметтік диалог кеңесі (National Council for Social Dialogue, NCSD)

Тунистің Ұлттық әлеуметтік диалог кеңесі 2017 жылы заң негізінде құрылған ұлттық деңгейдегі тұрақты кеңесші орган. Ол елде қалыптасқан үшжақты диалог дәстүріне сүйенеді және үкімет, жұмыс беруші ұйымдар мен кәсіподақтар өкілдерінен тұрады.

NCSD еңбек қатынастары, әлеуметтік саясат, экономикалық реформалар мен заң жобалары бойынша қоғамдық талқылаулар ұйымдастырып, үкіметке ұсынымдық сипаттағы қорытындылар береді. Кеңес заң шығаруға немесе атқаруға тікелей қатыспағанымен, саясатты дайындау кезеңінде әлеуметтік топтар арасындағы келіспеушіліктерді жұмсартатын «үйлестіруші» рөл атқарады. Саяси өтпелі кезеңде бұл орган әлеуметтік тұрақтылықты сақтаудың маңызды тетігі ретінде танылды.

т
Фото: lecese.fr

Францияның Экономикалық, әлеуметтік және экологиялық кеңесі (Conseil économique, social et environnemental, CESE)

Францияның CESE кеңесі 1958 жылы Бесінші республиканың Конституциясында бекітілген конституциялық орган болып табылады. Оның құрамына үкімет, жұмыс берушілер, кәсіподақтар, үкіметтік емес ұйымдар, экологиялық және ауыл шаруашылығы ұйымдарының өкілдері кіретін 233 мүше бар, өкілеттік мерзімі – 5 жыл.

Кеңес үкімет пен парламентке экономикалық, әлеуметтік және экологиялық саясат бойынша кеңес береді. Заң қабылдамаса да, ірі реформалар кезінде түрлі мүдделер арасындағы диалогті қамтамасыз ететін маңызды алаң саналады. Францияда ол жиі «үшінші палата» деп аталып, инклюзивті саясат қалыптастыруда елеулі рөл атқарып келеді.

и
Фото: ser.nl

Нидерландының Әлеуметтік-экономикалық кеңесі (Sociaal-Economische Raad, SER)

Нидерландының SER кеңесі 1950 жылы «Өнеркәсіпті ұйымдастыру туралы» заңға сәйкес құрылған. Ол үкімет, жұмыс берушілер және кәсіподақтардан тең үлесте құралған 33 мүшеден тұрады.

SER еңбек нарығы, жалақы, әлеуметтік қамсыздандыру, зейнетақы және тұрақты даму мәселелері бойынша үкіметке ұсыным береді әрі әлеуметтік әріптестер арасындағы келісімдерге ықпал етеді. Ол Нидерландының «Рейн моделі» деп аталатын келісімге негізделген экономикалық жүйесінің негізгі тіректерінің бірі саналады.

п
Фото: rr.pt

Португалияның Экономикалық және әлеуметтік кеңесі (Conselho Económico e Social, CES)

Португалияда CES 1991 жылғы конституциялық реформа негізінде құрылған. Кеңес үкімет, жұмыс берушілер, кәсіподақтар және өзге де әлеуметтік топ өкілдерін біріктіреді.

CES еңбек саясаты, әлеуметтік қорғау, экономикалық реформалар және дауларды реттеу мәселелері бойынша кеңес беріп, демократиялық даму мен Еуропалық одаққа интеграция үдерісінде әлеуметтік диалогтің тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал етті.

и
Фото: NEDLAC

Оңтүстік Африканың Ұлттық экономикалық даму және еңбек кеңесі (National Economic Development and Labour Council, NEDLAC)

NEDLAC 1994 жылы апартеид жүйесі жойылғаннан кейін заң жүзінде құрылған. Оның құрамына үкімет, жұмыс берушілер, кәсіподақтар және қауымдастық ұйымдары кіреді.

Бұл кеңес әлеуметтік-экономикалық саясат пен еңбек заңнамасын үшжақты негізде талқылап, елдің демократиялық трансформациясы кезінде әлеуметтік қақтығыстардың алдын алуда маңызды рөл атқарды.

и
Фото: CESE

Марокконың Экономикалық, әлеуметтік және экологиялық кеңесі (Conseil Économique, Social et Environnemental, CESE)

Мароккода CESE 2011 жылғы конституциялық реформа нәтижесінде құрылған. Кеңес экономикалық, әлеуметтік және экологиялық саясатты үйлестірумен айналысады.

2011 жылғы «Араб көктемінен» кейінгі кезеңде бұл орган қоғамдық келісімді сақтауда маңызды буферге айналып, елдің жаңа даму моделін әзірлеуге айтарлықтай үлес қосты.

Жалпы алғанда, әлемнің көптеген елдерінде экономикалық және әлеуметтік кеңестер немесе үшжақты, көпжақты әлеуметтік диалог институттары жұмыс істейді. Олардың ортақ сипаты – тұрақты әрі институционалданған құрылым болуы, әртүрлі әлеуметтік топтардың мүддесін қамтуы және жұмысының шешім қабылдаудан гөрі кеңес беру мен келісім қалыптастыруға бағытталуы. Бұл модельдер ұлттық саясаттың әлеуметтік легитимділігін арттыруға қызмет етеді және функциялық тұрғыдан Қазақстандағы Ұлттық құрылтайдың қызметімен үндес.

Айта кетейік, биыл 20 қаңтар күні Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы Қызылорда қаласында өтеді деп жоспарланып отыр. Жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысады.

Соңғы жаңалықтар