«Әлемде лаңкестік әрекеттен 30 мыңнан аса адам қаза тапқан» - баспасөзге шолу

***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, бүгінге дейін Ұлы Дала туралы жазған белгілі ғалымдар болды. Мәселен, француз зерттеушісі Ренэ Гроссе 1938 жылы жарық көрген «Ұлы Дала империясы. Атилла, Шыңғыс хан, Темірлан» деп аталатын әйгілі еңбегінде Маньчжуриядан Будапештке дейінгі аралықта ғұмыр кешкен сақтар мен ғұндардың, көк түріктер мен Алтын Орданың тарихына талдау жасайды. Сол сияқты, түркілер тарихына қатысты көптеген құнды еңбектер жазып қалдырған Л.Н.Гумилев те өзінің «Ежелгі Русь және Ұлы Дала» деп аталатын кітабында ұлан-ғайыр аймақта билік жүргізген қуатты империялар туралы айтады.
«Жалпы, Лев Гумилев атап өткендей, Еуразия кеңістігінің тарихи қабаттары, мәдени келбеті мен мемлекеттілік дәстүрін Ұлы Даладағы ғұн, көк түрік және Алтын Орданың қалыптастырғаны анық. Сондықтан болса керек, Ұлы Дала ұғымы кейде Еуразия Даласы деп те айтылады. Ал бұл пайымдау негізсіз де емес. Айталық, географиялық тұрғыдан алғанда, Ұлы Дала Байкалдан Балқанға, Өтүкеннен Дунайға дейінгі аралықты алып жатқан ұлан-ғайыр аймақ. Ұлы Даланың түстігі Қара теңізбен, батысы Карпат тауларымен шектеседі. Ал өркениет-мәдениет тұрғысынан алғанда шығысы Қытай, түстігі Иран, батысы Ұрым арасындағы тұтас түркілік кеңістік. Тарих қатпарларын ақтарсақ, сақ, ғұн, көк түріктер мен Алтын Орда иелік еткен, Еуразияның нақ ортасына орналасқан байтақ мекен», - деп жазады Х алықаралық Түркі академиясының президенті, тарих ғылымдарының докторы Дархан Қ ыдырәлі. Бұл жайында тарих тақырыбындағы « Ұлы даланың ұлы мұраты» атты көлемді мақаладан толық оқи аласыздар.
Бас басылымда « Ресей қазақтары бас қосты » деген материал берілген. Мәскеудің Ұлттар сарайында Ресей қазақтарының ұлттық-мәдени автономиялары өкілдерінің кездесуі өтті.
Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігі ұйымдастырған отырысқа Ресейдің аймақтарында қызмет ететін 35-ке жуық осы ел қазақтары қоғамдық ұйымдарының өкілдері, еліміздің Ресейдегі консулдық мекемелерінің басшылары және Ресей Федерациясы Ұлттар істері жөніндегі федералдық агенттігінің өкілдері қатысты.
Кездесу барысында Ресей қазақтары қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері өз қызметтері жайлы жан-жақты хабардар етті. Іс-шара қатысушылары Ресей Федерациясы аумағында тұрып жатқан қандастарымыз арасында қазақ тілін, дәстүрін, мәдениетін сақтау және насихаттау жолында алдағы бірлескен жұмыс жүргізу бағыттарын талқылады.
Жиналыс аяқталған соң Ресейдің астанасында бас қосқан қандастарымыз Қазақстан елшілігі жәрдемімен Мәскеу қазақтарының қоғамдық ұйымдары және қазақстандық студенттер бірлестігі ұйымдастырған «Алтын күз» байқау-фестиваліне қонақ болып қатысты.
***
«Айқын» газетінде «Әлемде лаңкестік әрекеттен 30 мыңнан аса адам қаза тапқан» деген мақала жарияланды. - Лаңкестік әрекеттердің ошағы Ирак пен Сирияға ауысып отыр. Бұл елдерге ИГИЛ (ДАИШ) сияқты аса қауіпті ұйым көз тіге бастады. Сарапшылардың айтуынша, бұрын Ауғанстан мен Пәкстан өңірлерінде мүшесі көбейген бұл ұйым енді өз қызметін Сирия мен Иракқа ауыстырды. БҰҰ-ның соңғы мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде Сирия мен Иракқа әлемнің 100-ден астам елінен 25-30 мың шетелдік содыр шоғырланған. 2015 жылдың жеті айында ғана бұл елдерге 7 мыңнан аса шет- елдердің азаматтары содыр болып барған , - дейді Е.Қарин. Оның айтуынша, Тунис, Сауд Арабиясы, Иордания, Морокко сияқты елдерден кейін Сирия мен Иракқа Еуропа елдерінің содырлары келе бастаған. Яғни террорлық ұйымдардың радикалды идеологиясы географиялық аумағын кеңейтіп жатыр. - Еуропадан барып жатқан содырлардың көбі Франция, Германия, Британия, Бельгия, Швеция, Австрия, Нидерланды, Дания, Норвегия, Испания, Италия сияқты елдердің азаматтары. Яғни радикалды экстремистік идеология әртүрлі елдерді, тіпті әлеуетті Еуропаның елдерін де қамтып жатқанын айтуға болады, - дейді Е.Қарин. Лаңкестік әрекеттердің салдарынан 30 мыңнан аса кінәсіз адам қаза болған.
Осы басылымда «Құнанбай» жарыққа шығатын күн жақын» атты материал көпшілік назарына ұсынылып отыр. Дарынды қазақстандық кинорежиссер, театр және кино актері, продюсер, Қазақстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Досхан Жолжақсыновтың «Құнанбай» тарихи көркем фильмі прокатқа шығады.
Досхан Жолжақсынов «Даладағы қуғын» (1979), «Алтын күз» (1980), «Көшпенділер» (2010) және т.б. фильмдер бойынша белгілі. Оның режиссер ретіндегі алғашқы еңбегі - «Бiржан сал» фильмі болды. Оны қазақстандықтармен қатар, шетелдік көрермен жоғары бағалады.
Фильм Құнанбай Өскенбайұлының өмірімен бірге, XIX ғасырдағы елдің тыныс-тіршілігімен таныстырады. Көркем фильм сценарийін Досхан Жолжақсынов пен жазушы Таласбек Әсемқұлов жазды. Фильм Құнанбайдың туған жерінде, Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Қарауыл кентінде және Алматы облысында түсірілген.
***
«Қарағандыдағы Теміртау қаласында болғанымызда, жұртшылықтың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еңбек жолын осында бастағанын үлгі тұтып, мақтаныш санайтынын аңғару қиын емес еді. Елбасы жұмыс сапарымен Теміртауға келгенде металлургия комбинатына соқпай кетпейді екен. Бірге қызметтес болған замандастарымен және бүгінгі цех ұжымымен кездесіп, еңбек жолын бастаған өндіріс орнын құрметтейтінін осылайша көрсетеді. Әрине, мұның өзі Елбасының адал еңбектің қадір-қасиетін ұғынатын жан екенін аңғартса керек. Елбасын үлгі тұтып, оған ұқсағысы келетін «Арселор Миттал Теміртау» АҚ металлургиялық комбинатының №2 домна пешінде еңбек ететін Әлібек Алпысбаев есімді жігіт туралы естідік. Оның «Нұр Отан» партиясының XV съезінде Елбасымен тілдескенінен хабардар едік. Содан еңбек жолын бастағанына он жылдың жүзі болған жас жігітпен әңгіме құрудың сәті түсті», - деп жазады «Ана тілі» газеті соңғы санындағы «Елбасын үлгі тұтамын» дейді теміртаулық жас металлург Әлібек Алпысбаев» деген мақалада.
Алып өндірісте шыңдалып, өз жолын тапқан жігіт бұл күнде білікті металлург атанған. Бұған дәлел ретінде оның 2013 жылы «Жыл металлургі» атағын иемденгенін атап өтуге болады.