Әлемде мұнай бағасы 2022 жылдан бергі ең жоғары деңгейге жетті

АСТАНА. KAZINFORM — Халықаралық энергетикалық агенттік рекордтық көлемде 400 миллион баррель мұнайды стратегиялық қорлардан нарыққа шығаратынын жариялағанына қарамастан, мұнай бағасы өсіп отыр, деп хабарлайды DW.

Әлемде мұнай бағасы 2022 жылдан бергі ең жоғары деңгейге жетті
Фото: investorsking.com

Мұнай нарықтарындағы шиеленіс Халықаралық энергетикалық агенттік сәрсенбі күні стратегиялық қорды рекордтық деңгейде босату туралы мәлімдегеннен кейін де бәсеңдеген жоқ.

12 наурыз, бейсенбі күні таңертең Brent мұнайы баррелінің бағасы 101,59 доллар болды — бұл алдыңғы күнмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Сол сияқты америкалық WTI мұнайы да қымбаттады. Соңғы күндері мұнай бағасы 2022 жылдың жазынан бергі ең жоғары деңгейге жетті.

Ормуз бұғазы ұзақ уақытқа жабылып қалуы мүмкін деген қауіп мұнай бағасын көпжылдық ең жоғары деңгейде ұстап тұр. Иран бұғаз арқылы АҚШ пен оның серіктестеріне бір тамшы да мұнай өткізбейтінін айтып қорқытты. Алайда Дональд Трамп Тегеранның бұл ескертулерін елемей отыр. Оның айтуынша, мұнай танкерлері бұғаз арқылы жүруін жалғастыруы тиіс. Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарының Иран бұғаз суларын миналағаны туралы хабарламаларына ол сенбейтінін айтты. Ені шамамен 55 шақырым болатын Ормуз бұғазы Иран мен Оман арасында орналасқан және халықаралық мұнай саудасындағы ең маңызды теңіз жолдарының бірі саналады.

Халықаралық энергетикалық агенттік ұйымға мүше 32 ел нарықты тұрақтандыру үшін жалпы көлемі 400 миллион баррель шикі мұнайды нарыққа шығаратынын мәлімдеді. Бұл қадам АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысына байланысты күшейген шиеленіс жағдайында қабылданды. АҚШ келесі аптадан бастап шамамен төрт ай ішінде 172 миллион баррель мұнай босатуды жоспарлап отыр.

- Біз мұны жасаймыз, содан кейін қорды қайта толтырамыз, — деп уәде берді Дональд Трамп.

АҚШтың стратегиялық мұнай қоры Ақ үйдің мәліметінше, әлемдегі ең ірі төтенше шикі мұнай қоры.

Бұл босатылған қор Ормуз бұғазы жабылған жағдайда белгілі бір уақытқа дейін оның орнын толтыра алады. Халықаралық энергетикалық агенттік деректеріне сәйкес, өткен жылы бұғаз арқылы тәулігіне орта есеппен 20 миллион баррель мұнай өткен. Демек жарияланған 400 миллион баррель шамамен жиырма күндік үзілісті жабуға жеткілікті. Алайда бұл мұнай тұтынушыларға тек бірнеше аптадан немесе тіпті айлардан кейін ғана жетуі мүмкін.

Соғыстың салдары бүкіл әлемдегі тұтынушыларға әсер етіп отыр. Германияда осы аптада тіпті ең арзан E10 бензинінің орташа бағасы литріне екі еуродан асты. Ел үкіметі жанармай бекеттеріне бағаны күніне бір реттен артық көтеруге тыйым салуды жоспарлап отыр.

Ал АҚШта — әлемдегі ірі мұнай өндірушілердің бірі — жанармай құю бекеттерінде 2024 жылдан бергі ең жоғары баға тіркеліп отыр. Дональд Трамп әлеуметтік желілерде бағаның өсуін «Иранның ядролық қатерін жою үшін төленетін өте шағын баға» деп атап, бұған келіспейтіндерді «ақымақтар» деп жазды.

Reuters агенттігінің сауалнамасына сәйкес, АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған соққыларын америкалықтардың тек әр төртіншісі ғана қолдайды.

Ең ауыр салдар Азия үшін болуы мүмкін. Халықаралық энергетикалық агенттік деректеріне сәйкес, Ормуз бұғазы арқылы өтетін әр бес баррель мұнайдың төртеуі дәл осы өңірге бағытталады. Мұнай бағасының өсуіне байланысты көптеген азиялық қор нарығы, соның ішінде Жапонияның нарығы да төмендей бастады.

Таиландта мемлекеттік қызметкерлерге үйден жұмыс істеу, іссапарлардан бас тарту және лифтінің орнына баспалдақты пайдалану ұсынылды. Ал Филиппинде үкімет мемлекеттік қызметкерлер үшін төрт күндік жұмыс аптасын енгізді.