Әлемде мұнай өндіру мен өңдеу үшін жылына 700 млн доллар инвестиция қажет – ОПЕК бас хатшысы

АСТАНА. KAZINFORM — Әлемде мұнай өндіру, өңдеу және тасымалдау үшін жыл сайын шамамен 700 млн доллар инвестиция қажет. Бұл туралы Kazakhstan Energy Week — 2025 және XVI Еуразиялық KAZENERGY форумында ОПЕК бас хатшысы Хайтам аль-Гайс айтты.

ОПЕК бас хатшысы
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

— Кейбіреулер ОПЕК пен ОПЕК+ қабылдайтын шешімдер қысқа мерзімді келешекке бағытталған деп ойлауы мүмкін. Бірақ бұл олай емес. Біз барлық көкжиекке, алыс болашаққа көз саламыз. Неліктен екенін де түсіндіре кетейін. Біз болашақ өсім, болашақ инвестициялар мен болашақ мұнай өндірісі үшін платформа болғанын қалаймыз. Мұның қаншалықты құнды екенін бағаламауым мүмкін емес. Әлемде жылдан жылға мұнай тұтыну көлемі арттып келеді. Өткен жылы-ақ газ, көмір, мұнай және жаңартылатын энергия көздерін тұтыну рекордтық көрсеткішке жетті. Әлемге барынша мол энергетика, энергия тасымалдаушылар керек, — деді ол.

Оның атап өтуінше, 2050 жылға қарай жер шары тұрғындарының саны 10 млрд адамға жетеді. Сондықтан жаһандық экономика да сол кезеңде еселене түсуі қажет. Деректер орталығы, жасанды интеллект сынды энергия тұтынатын жаңа салалардың дамуы, сондай жылдам урбанизация үшін энергия өте маңызды. 

— Әлемде млрд-таған адам энергия тасымалдаушыларға қол жеткізе алмай отырғанын есте сақтауымыз қажет. Халықаралық қоғамдастық, тым болмағанда негізгі энергия тасымалдаушылар адамдарда тамақ дайындауға, жарық қосуға, балаларын мектепке апаруға немесе жұмысқа баруға мүмкіндігі болуы тиіс екенін түсінуі әрі қамтамасыз етуі керек. Бұл барлық энергия тасымалдаушылардан үлкен инвестицияны талап етеді, — деді ОПЕК бас хатшысы.

Осы орайда ол ОПЕК-тің 2025 жылға арналған мұнай нарығына шолуы жарияланғанын айтты.

— Сол шолудан 2050 жылға дейін 2,3 трлн доллар инвестиция қажет екенін көрдік. Бұл, мұнай өндіру, өңдеу және тасымалдау үшін жыл сайын шамамен 700 млн доллар инвестиция қажет екенін көрсетті. Өкінішке орай әлемде мұнай-газ жобалары инвестиция қажет етпейді деп санайтындарға өте қарапайым үш сөз арнағым келеді. Сіздер қателесіп отырсыздар, — деді Хайтам аль-Гайс.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Kazakhstan Energy Week — 2025 және XVI Еуразиялық KAZENERGY форумы қатысушылары мен қонақтарына арнайы үндеу жолдаған еді. 

Соңғы жаңалықтар