Әлемде жаңадан ашылған әрбір 100 жұмыс орнының 11-і туризм индустриясында құрылуда
АЛМАТЫ. 29 қазан. ҚазАқпарат - Әлемдегі саяхатшылар саны алғаш рет 1 миллиард адамнан асты. Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан «Бизнес сапарларды ұйымдастыруда қалай үнемдеуге болады? - Бизнес сапарлар технологиясы мен саясаты арқылы» деген тақырыптағы Abacus корпоративті саяхаттар конференциясында (АСТС-2013) айтылды.
«Біз өткен айда Қытайда Бірікккен Ұлттар Ұйымымен (БҰҰ) бірлесіп ғаламдық туризм бойынша форум өткіздік. БҰҰ мәліметіне қарағанда, әлемде жаңадан ашылған әрбір 100 жұмыс орнының 11-і туризм индустриясында құрылуда. Ал корпоративтік саяхаттардың ғаламдық шығыны 2012 жылы 1,2 триллион долларды құрады», - дейді Іскерлік сапарларды корпоративтік басқарушылар қауымдастығының (АСТЕ) Аймақтық директоры Бенсон Танг. Оның айтуынша, бұл көрсеткіш биыл 5,4 пайызға ұлғайып отыр. Азияда қазір туризм қарқынды түрде өркендеуде. Корпоративтік саяхатты ұйымдастыруға әлемде 393 млрд. доллар жұмсалса, Азиядағы оның үлесі 30 пайызды құрауда. Өсім мұнда соңғы 12 жылда жыл сайын 8 пайызды құрап отыр. АҚШ бастаған корпоративтік саяхатқа жұмсайтын шығысы ең көп 15 елдің бесеуі азиялық мемлекеттер.