Әлемде жыл сайын тұмаудан 250-500 мың адам көз жұмады
АЛМАТЫ. 11 желтоқсан. ҚазАқпарат - Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметтері бойынша жыл сайын әлем бойынша тұмаудың 3-5 миллиондай ауыр жағдайы тіркеледі. Бұл туралы Алматыда өткен тыныс алу органдарының өткір вирустық жұқпалары мен тұмаудың алдын алуға арналған баспасөз мәжілісінде айтылды.
ДДҰ мәліметтері бойынша 2013-2014 жылдың маусымында 2012-2013 жылдағы маусымдағы секілді A(H3N2) - Виктория, А(H1N1) - Калифорния секілді маусымдық тұмау түрлерінің В түріне жататын тұмау мен басқа да тыныс алу органдары вирустарының таралатыны болжанып отыр. Тыныс алу органдарының індеттеріне шалдығуды сипаттайтын көп жылдық мәліметтерді талдау нәтижесінде қазаннан сәуірге дейінгі аралықта індет маусымы болатынын болжауға болады.
Салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері жөніндегі ұлттық орталықтың директоры Жамилә Баттақованың сөзіне қарағанда, Санитарлық-эпидемиологиялық сараптау және мониторинг бойынша ғылыми-практикалық орталықтың мәліметтері бойынша Қазақстанда 2012 жылы тыныс алу органдарының өткір вирустық жұқпаларының 1 044 834, ал тұмаудың 626 оқиғасы тіркелген.