Әлемдік бестселлерлерді аудару қазақ тілінің қаншалықты бай екенін көрсетті - доцент
АСТАНА. ҚазАқпарат - Англиядағы Оксфорд пен Кембридж университеттерінде оқытылатын оқулықтардың қазақ тіліне аударылуы - біздің аудитория үшін аса маңызы. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ардақ Бейсенбай ҚазАқпарат тілшісіне осындай пікір білдірді.
«Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «100 жаңа оқулық» жобасы аясында қазақ тіліне аударылған әлемдік жауһарлардың қатарындағы 18 кітаптың тұсауы кесілді. Соның ішінде, әлеуметтану, философия, психология, экономика және қаржы, тіл біліміне байланысты оқулықтар оқырманға жол тартып отыр. Өзім тіл маманы болғандықтан, тіл біліміне қатысты кітаптарға баса назар аудардым, екі оқулық аударылыпты. Біріншісі - Ресейдің Светлана Тер-Минасованың тілдік коммуникация бойынша оқулығы. Жалпы, ол кісінің орыс тіліндегі кітабымен бұрыннан таныспыз. Өзіміз де осы жобаның аясында аударуға тұрарлық кітап ретінде ұсынғанбыз», - дейді Ардақ Бейсенбай.
Доценттің пайымына сүйенсек, қазақ аудиториясына мұндай оқулықтар аса қажет.
«Тіл білімін шетелдік біліммен байланыстырып қарастыру - білім алушыға да салыстырмалы талдау түрінде пайдалы болары анық. Тіл біліміне қатысты аударылған екінші кітап - шетелдік ғалымдардың «Тіл біліміне кіріспе» деген аудармасы. Шолу жасаған кезімде кітаптың сапалы түрде аударылғанын көрдім. Барлық жетекші оқу орындарында ол кітаптың оқытылатынын ескерсек, қазақ аудиториясы үшін де оның маңызын жоққа шығара алмаймыз», - дейді ол.
Ардақ Бейсенбай әлемдік деңгейдегі Кембридж, Оксфорд университеттерінде оқытылатын әртүрлі ғылыми кітаптар қазақ тіліне тәржімаланғанын айтады.
«Меденжментке, басқару жүйесіне, экономика мен философияға байланысты оқулықтардың бірнешеуін қарап шықтым. Біз жалпы Қазақ философиясы деп те өзіміз бөліп қарастырып та жүрміз. Қазақ философиясына дейін бару үшін әлемдік философиямен танысуымыз керек. Аударылған осы кітаптар сол мақсатқа жетуде септігін тигізері анық», - дейді ол.
Доцент сонымен қатар, аудармашылардың ұстанған қағидаттарын ерекше атап өтті.
«Себебі, олар әлемге көптеп таралған, сұраныста жүрген оқулықтарды аударуға баса маңыз бергенін байқауға болады. Елбасы өз сөзінде «Бұл бастама қазақ терминологиясына өзіндік үлесін қосады» деді. Меніңше, әлемдік бестселлерлерді аудару арқылы қазақ тілінің қаншалықты бай екені көрсетілді. Аудармашылардың да мықты екенін таныта білдік. Неге десеңіз, өзге тілдегі түпнұсқадан қазақ тіліне аудару - өте қиын жұмыс», - деп түйді Ардақ Бейсенбай.
Еске сала кетсек, кеше Астанадағы Назарбаев орталығында «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған алғашқы кітаптардың таныстырылымы өткен болатын. Жоба аясында биыл тағы 30 кітап қазақ тіліне аударылады.