18:55, 21 Қаңтар 2009 | GMT +5
Әлемдік дағдарысқа қарамастан «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының кірістері өткен жылы 2 есеге артты ? алқа мәжілісі
АСТАНА. Қаңтардың 21-і. Қазақпарат /Айдар Оспаналиев/ - «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы 2009 жылға арналған бюджетте сатылатын өнімнің құнын 44 пайызға, ал жалпы әкімшілік шығындарды 16 пайызға азайтып отыр. Бұл туралы бүгін Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың қатысуымен Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінде өткен алқа мәжілісінде аталмыш компания президенті Қайыргелді Қабылдин мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның мәліметтеріне қарағанда, ұлттық компания басшылығы мұнайдың бағасын барелліне 40 АҚШ доллары көлемінде бағамдай отырып, компанияның инвестициялық бағдарламасын 696 миллиард теңгеге бағалаған. Бұл сомаға барлығы 65 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. «Егер біздің қаржылық жағдайымыз бұдан әрі нашарлай беретін болса, біз инвестициялық бағдарламамызды тағы 5 миллиард теңгеге қысқартамыз» деді компания президенті. Оның айтуынша, әлемде орын алған қаржы дағдарысы бүгін мұнай мен табиғи газ бағасының біршама құбылуына себеп болып отыр.
Осыған орай «ҚазМұнайГаз» өзінің мүмкіндіктерін нақты сараптай отырып, компания кірістерінің біршама төмендеуімен байланысты дағдарыспен күрес жоспарларын құрған. «Жалпы алғанда біз бүгін еліміздің мұнай, газ саласының бүгінгі қалпын сақтап, компаниядағы жұмыс орындарының қысқармауына күш салып, әлеуметтік қайшылықтардың алдын алуға тырысудамыз» деді Қ.Қабылдин. Оның мәліметтеріне қарағанда, 2008 жылы дағдарыс басталғандығына қарамастан, ұлттық компания үшін жемісті жыл болды. «Өткен жылғы кірістеріміз екі есеге өсіп, мұнай өндіру көлемі 8 пайызға артты. Сондай-ақ мұнайды өңдеу саласы да 80 пайызға жуық өсіп отыр» деді компания басшысы.