Әлемдік дін басшыларының Съезіндегі бастамалар әлемдік қауымдастық тарапынан қолдау тауып келеді - Елбасы
АСТАНА. 30 мамыр. ҚазАқпарат - Әлемдік дін басшыларының Съезіндегі бастамалар әлемдік қауымдастық тарапынан қолдау тауып келеді.
Бүгін Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV Съезінің жалпы отырысында сөз сөйлеген ҚР Президенті Н. Назарбаев осылай мәлім етті.
Өз сөзінде Президент Бейбітшілік пен келісім сарайы конусында әрқашан діндер мен мәдениеттер арасындағы өзара түсінікті нығайтуға арналған өзекті мәселелер талқыланып келе жатқанын айта келе, «үшінші мыңжылдықтың басындағы қиын уақыттарда бұған дейінгі Съездердің ізгілікті бастамалары барлық әлемдік қауымдастықпен қолдау тапқанын» атап өтті.
«Бұндай бастамалардың өзі өркениеттер қақтығысынан әлемнің тұңғиыққа тірелмеуіне айтарлықтай жәрдем жасады. Жаһандық дамудың барынша күрделілігі барысында диалогқа деген қуатты импульс заманауи жалпыәлемдік үдерістерде маңызды сұраныстарға ие болып қала бермек. Мен төртінші Съездің адамзаттың ХХІ ғасырдағы әділдік пен бейбіт тәртіпті қалыптастыруға негізделген жаһандық диалогтағы маңызды бөлігі ретінде тарихқа енетіндігіне сенімдімін», - деді Президент Н. Назарбаев.