20:11, 27 Ақпан 2009 | GMT +5
Әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында Қазақстан елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, негізгі қиындықтарды жеңе алады ? Н.Назарбаев
ПЕТРОПАВЛ. Ақпанның 27-сі. ҚазАқпарат /Сергей Кузнецов/ - Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары ауқымында Петропавлда Мағжан Жұмабаев атындағы қаланың орталық алаңдарының бірінде тұрғындармен кездесті.
Мұнда ол зауанауи жоғары технологиялы ауыл шаруашылығы тенхникаларымен танысты. «Қысты шығарып салу» мерекесіне және жәрмеңкеге қатысқан мыңдаған қала тұрғындары Мемлекет басшысын қуанышпен қарсы алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Ел Президенті жиналғандардың алдында сөз сөйледі. Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде Солтүстік Қазақстан облысының ірі астық және азық-түлік аймақтарының бірі екенін атап өтті. «Мен көктемгі далалық жұмыстардың барысымен, дағдарысқа қарсы шаралармен танысқалы келдім. Солтүстік Қазақстан ірі аграрлы аймақ. Соңғы төрт жылда мемлекет агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға елеулі қолдау көрсетті. Бүгінде сіздердің облыстарыңыз сияқты, республикада машина-трактор паркі 80 пайызға заманауи жоғары өнімді техникамен жаңартылды. Солтүстікқазақстандықтар көктемгі далалық жұмыстарды ұйымшылдықпен өткізіп, бітік егін жинайтынына сенемін. Бұл - өте маңызды».Н.Назарбаев жаһандық экономикалық дағдарысқа қарамастан, Қазақстанда мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерін орындап отырғанын атап өтті: жаңа жылдан бастап зейнетақылар, бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақысы, басқа да әлеуметтік топтардың жәрдемақылары өсті. Олар 2010 және 2011 жылдарда да арттырылады. Үкімет пен жергілікті билік органдары осынау күрделі жағдайда баға өсуін ұстап тұру үшін шараларды қолға алуда. Осыған байланысты Мемлекет басшысы жергілікті атқарушы органдардың аймақтық дағдарысқа қарсы бағдарламаны жүзеге асыру жұмысын оң бағалады. Қазіргі кезде әлемнің 50-ге тарта мемлекеті жаһандық дағдарыс жағдайында банкроттық шегіне жеткенін айта отырып, алайда Қазақстан елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, негізгі қиындықтарды жеңе алатынын атап өтті. Мемлекет басшысы солтүстікқазақстандықтар алдында тұрған міндеттерге тоқтала келіп, СҚО тұрғындарының қашан да мемлекеттің әлеуметтік саясатын қолдайтынын және қазіргі уақытта аймақта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша үлкен жұмыстардың жүргізіліп отырғанын атады. Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет пен мемлекет солтүстікқазақстандықтарды барлық жағынан да - агроөнеркәсіп кешендерін, өндірістік өнеркәсіптерді, белгіленген әлеуметтік бағдарламаларды қолдайтынын атап айта отырып, дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру жолында білек сыбана жұмыс істеуге шақырды.Кездесуде сөз сөйлеген жұртшылық өкілдері Мемлекет басшысына ел экономикасын дамыту бойынша атқарып жатқан қыруар жұмыстарына және қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру жөніндегі қамқорлығына өздерінің алғыс сөздерін білдірді.Түстен кейін Н.Назарбаев Петропавл бройлер құс фабрикасында болды. Бүгінгі күні кәсіпорын 15 жылдық құлдыраудан кейін қайта өркендеуде. Қазіргі уақытта екінші ғимарат жабдықтарының монтажы 95 пайызға орындалды. Мемлекет басшысы бройлер балапандары өсірілетін № 2 цехпен танысты. Инвестициялық құны 5 млн. АҚШ доллары болатын жоба «MAD Corporation» израильдік фирмасымен бірлесіп іске асырылуда. Құс фабрикасының жобалық қуаты ? жылына 7 мың тонна бройлер еті. Алғашқы өнімдер Петропавлдың сөрелеріне осы жылғы ақпанда түсе бастады.Одан кейін ҚР Президенті «Наурыз 2030» ЖШС жылыжай кешенін аралап көрді. 2009 жылы мұнда құны 120 млн. теңге болатын кешенді дамыту бойынша перспективалы жобаны іске асыру жоспарланған. Инвестор ретінде «Тобыл» ӘКК іс-қимыл етеді. Жылыжай шаруашылығының басшысы Гюлага Ылдырымов Президентке әлемдік рыноктағы жағдайды ескере отырып ағымдағы жылы қосымша көкөніс алаңына тұқым отырғызуға ниеттеніп отырғанын хабарлады. Мемлекет басшысы жұмыс сапарының соңында республикалық және жергілікті БАҚ журналистеріне сұхбат беріп, солтүстікқазақстандықтардың және жергілікті атқарушы органдардың жұмыстарына жақсы бағасын берді, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы халықты жедел және объективті хабардар етудегі жұмыстары үшін журналистерге алғысын білдірді.