«Әлемдік қонақүйлерде қазақ телеарнасы неге жоқ?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. 14 тамыз. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 14 тамыз, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Әлемдік қонақүйлерде қазақ телеарнасы неге жоқ?» - баспасөзге шолу

«Егемен Қазақстан» басылымында «Үш елдің азаматтығын иеленіп, 15 жыл бойы қазақстандық зейнеткер саналып келген» деген материал берілген. «Саналы ғұмырын қоғамдық тәртіп сақшысы қызметіне арнаған В. Гунгер деген петропавлдық 1994 жылы зейнетке шығысымен «Шу, қарақұйрық!» деп атақонысы Германияға тартады. Алайда, Еуропаның төрінен ойып тұрып орын алғанымен, мұнда көп тұрақтай алмайды. Аттың басын Ресейге бұрып, осы елдің тұрғынына айналады»,-деп жазады газет. Сөйтсе, оның қу түлкі құсап бұлайша із жасыруының сыры енді мәлім болып отыр. Прокуратура өкілдері шекара қызметі органдарымен деректерді салыстыру барысында оның үш мемлекеттің азаматтығын иеленумен қатар 4 миллион теңге зейнетақыны заңсыз алып келгенін әшкерелеп берді. Қазір күдіктіден ешқайда шықпау жөнінде қолхат алынып, Петропавл қаласындағы пәтерін пайдалануға тыйым салынды.

Осы басылымның жазуынша, Голландиялық бастамашылардың Mars One жобасы бойынша Марс планетасына сапарға аттануға тілек білдіріп, арыз жазғандардың саны қазірдің өзінде 100 мың адамға жетіпті. Аталған жоба Марсқа енді Жерге қайтып келмейтін эспедиция ұйымдастыруды көздейді. Жобаны жасаушылар «қызыл планетаны» жаулап алуды 2022 жылы бастауды жоспарлап отыр.


***

«Айқын» газетінің жазуынша, Туризм қауымдастығының дерегі бойынша, Қазақстан азаматтары жиі демалатын елдердің көшбасында Түркия елі тұр. Бұл елге жылына 200 мыңнан астам қазақстандық сапарлайды.

Соңғы жылдары шетелде демалатын қазақ туристерінің талғамы мен ұсынылатын қызметтерге деген талабы өсіп келеді. Шыны керек, бұрындары шетелге барғанымызда, тоқтаған қонақүйімізде Қазақстанның Туы ілінбесе, тиісті мәселенің анық-қанығын отандық журналистер болып шетелдік тараптан сұрап білетінбіз, қазір қарапайым азаматтар да басқа елдердің туларымен қатар, Мемлекеттік рәмізімізге құрмет көрсетілуін талап етіп жүр. Бұл қуантарлық жайт. Елдік патриотизм деңгейінің де өсу көрсеткіші. Екінші өзекті мәселе - қазақ тіліндегі ақпараттық анықтамалар мен отандық телеарналардың әлемдік қонақүйлер жүйесінде кең етек жая қоймағандығы. Мәселен, Түркияның кейбір қонақүйлерінде Қазақстанның тұңғыш спутниктік арнасы - «Kazakh tv» бірқалыпты көрсетілсе, енді бірқатарында «сервис үзілген» деп тұрады. «Бірақ шетелде демалып жатқан қандастарымыздың бұл арнаға көңілі толмайтыны байқалады. Үш тілде хабар тарататын арнаға Түркияда тұратын 25 мыңға таяу қазақ диаспорасының да реніші жоқ емес. Тіпті осыдан 5-6 жыл бұрын Ыстамбұлдың Зейтінбұрны ауданында болғанымызда, Қазақ қауымдастығының төрағасы Дәруіш Қылыш: «Біздің тілегімізді арна басшыларына жеткізе барыңыздар! Балаларымыз қазақша телеарна көрмесе, қазақша кiтап-газеттер оқымаса, тiлдi ұмытпай ма? Түркия қазақтарының бар тілегі - қазақша хабарлардың көбеюі» деп еді. Елге келген бойда «Хабар» агенттігінің сол кездегі Бас продюссері Серік Аббас Шахқа барып, мәселені түсіндіргенімізде, ол кісі мұны қуана құптап, телеарнаның сол кездегі басшылығына біздің атымыздан хат жазуды ұсынған еді»,-деп жазады басылым «Әлемдік қонақүйлерде қазақ телеарнасы неге жоқ?» деген мақалада.

Осы газетте «4 тонна қарбызды иесіне қайтарды» атты материал берілген. Ең көп тараған бақша дақылдарының бірі -қарбыз... Жас пен кәрінің шөлін басып, сүйікті тіске басарына айналған осы бақша өнімінің аптап ыстықта жұрттың көзі қауын-қарбыз егетін бақшалыққа түсетіні жасырын емес. Осындай біртосын жағдай Қызылорда облысындағы Шиелі ауданында орын алды. Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінен хабарлағанындай, осы ауылдың тұрғыны 1941 жылы туылған азамат К.Н.-ның Шиелі ауданы, Бестам ауылының егістік алқабынан 4 тонна қарбызын белгісіз біреулер ұрлап кеткені турлы дабыл түсті. Тәртіп сақшыларымен жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде осы ауданның 1974 жылы туылған тұрғыны ұсталды. Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғау мәселесі шешілуде.