Әлемдік тәжірибені қолдана отырып, құқық қорғау ведомстволарының жұмысын тиімді ету қажет - Елбасы

СТАНА-АҚОРДА. Тамыздың 10-ы. ҚазАқпарат - Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елдің құқық қорғау жүйесін реформалау мәселелері бойынша жұмыс кеңесін өткізді.
None
None

Кеңеске Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, Президент Әкімшілігінің басшысы Аслан Мусин, Президенттің көмекшісі - Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Марат Тәжин, Конституциялық Кеңес төрағасы Игорь Рогов, Бас прокурор Қайрат Мәми, әділет министрі Рашид Түсіпбеков, Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Талғат Донақов қатысты, деп хабарлады ҚР Президентінің баспасөз қызметі.

Кеңесті аша отырып, Елбасы құқық қорғау жүйесін реформалау міндеті өзінің «Жаңа онжылдық-жаңа экономикалық өрлеу-Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылғанын атап өтті.

Жолдауда Қазақстанның құқық қорғау жүйесін реформалаудың бірқатар бағыттары - оны оңтайландыру, әрбір мемлекеттік органнның құзыретін ажыратып, жіті айқындау, заңдарды ізгілендіру және олардың сапасын арттыру бөлініп көрсетілген. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Үкіметке биылғы жылы жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес келетін құқық қорғау жүйесін реформалау туралы заң жобасын Парламентке ұсынуға тапсырма берді.

Мемлекет басшысы атап өткендей, қылмыс деп танымау мәселесіне басты назар аудару қажет. Заң ізгірек болуы тиіс, ал бас бостандығынан айыру жазасын кейбір жағдайларда, балама түрлері - ірі айыппұлмен немесе қоғамдық жұмыстармен ауыстыруға болады. Сонымен қатар болашақта қылмыскерлердің қатарын толықтырмауы үшін, еркінен айыру мекемелерінен шыққандарды оңалту жұмыстарымен де елеулі түрде айналысу қажет.

- Қосарлануды алып тастап, әлемдік тәжірибені пайдалану арқылы құқық қорғау ведомстволарының жұмыс тиімділігін арттыру қажет, ескі кеңестік жүйенің жағымсыз мұрасынан арылуымыз қажет. Біз осы жылдар ішінде біраз шаруа тындырдық. Мұны әлемдік сарапшылар да атап өтіп отыр. Енді осы реформаны өткізу ғана қалды. Біз азаматтарымыздың құқықтарының қорғалғанын, кәсіпкерлеріміздің қорғалуын, құқық қорғау органдарының өзінде жемқорлықтың алдына тоқсауыл қойылғанын қалаймыз. Сондықтан да жауапкершілікті түсіну өте маңызды, сонда ғана осы органдардың әрқайсысы өз ісімен айналысатын болады, - деп атап өтті Президент.

Кеңес барысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов сөз сөйледі. Үкімет басшысы Президенттің Жолдауында аталып өтілген барлық бағыттар бойынша комиссияның ағымдағы жұмысы жайлы баяндай келе, ел құқық қорғау органдарында реформа өткізудің құқықтық базасын құруды қарастыратын заң шығару жұмыстары туралы хабардар етті.

Отырыс қорытындысы бойынша Президент нақты тапсырмалар берді.

Соңғы жаңалықтар