Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IV съезі туралы кітаптар жарық көрді

АСТАНА. 7 желтоқсан. ҚазАқпарат - Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IV съезіне қатысушылардың сөздері жинағы мен фотоальбомнан құралған екітомдық туынды қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрді. Баспа өнімін ҚР Парламенті Сенатының Аппараты ҚР Дін істері агенттігі және Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығымен бірлесе отырып дайындаған.
None
None

Кітаптар Астана қаласында 2012 жылғы 30-31 мамырда өткен кезекті дінаралық форумның жұмысы туралы баяндап, Съездің мән-мағынасын аша түседі. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін шақыру жөніндегі бастаманың авторы Президент Нұрсұлтан Назарбаев төртінші форумда сөйлеген сөзінде осыған дейін өткен съездердің әлемнің «өркениеттер қақтығысының» шыңырауына құламауына біршама септігін тигізгенін атап өткен болатын.

Шынымен де, осыған дейін өткен төрт съезд әртүрлі діндер мен мәдениеттерге негізделген өркениеттер мен қоғамдар қайткенде де бір-бірімен қақтығыспай қоймайды деген идеяның негізсіз екенін дәлелдеді. Мінеки алғашқы съезд өткен он жылдан бері Астанада болған барлық дінаралық форумға қатысқан діни жетекшілер диалог, өзара түсінік пен құрметтің барлық мәдени-діни қауымдар мен ұлттардың жарастығы мен қауіпсіздігін, берекесі мен өзара бейбіт тіршілігін қамтамасыз ете алатын планетамыздағы тегеурінді күш екенін дүниеге паш етуде. Бүгінгі сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлердің жаһандануы заманында Астана форумы діндер мен өркениеттер арасындағы ғаламдық диалогты ілгерілету саласындағы ізашарлардың бірі болып, өзара түсінік пен құрмет мәдениетінің орнығуына сүбелі үлес қосты.

Форум институттарының қалыптасуы IV Съезд аясында жалғасты. Атап айтқанда, үйлестіруші орган - Діни лидерлер кеңесі құрылды. Оның құрамына дәстүрлі діндердің жетекшілері мен көрнекті өкілдері енді. Діни лидерлер кеңесінің мүшелері елордадағы «Мәңгілік ел» даңқ қақпасының маңында «Рухани жарасым» аллеясын ашып, оған көшеттер отырғызды.  

Жарық көрген материалдар Съезд Хатшылығының жұмысын да қамтыған.

Аталған кітаптарда Съезге қатысушылардың негізгі баяндамалары көрініс тауып, сондай-ақ жалпы отырыс, секциялық отырыстар мен форум аясындағы басқа да іс-шаралар туралы толық мәлімет берілген.   

Соңғы жаңалықтар