Әлемдік БАҚ-та: Тоқаевтың мақаласы, Қазақстан «қара тізімнен» шықты
Мамырдың соңғы аптасында халықаралық басылымдар еліміз туралы көп материал таратты. Әсіресе, әлем назары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Euronews-та жарияланған мақаласын жарыса бөлісті. Бұдан бөлек осы аптада Еуропалық комиссия Қазақстаннан ЕО елдеріне ұшуға қойылған барлық шектеуді алып тастағаны, сондай-ақ елімізде өңдеу өнеркәсібін автоматтандыру жолдары қарастырылғанын хабарлады. Осы туралы толығырақ және бұдан басқа ең маңызды мақалаларға Kazinform тілшісі шолу жасады.

Euronews: Орта державалар көпжақты көзқарас идеясына берік
Осы аптада Euronews Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың орта державалардың рөлі туралы мақаласын жариялады. Халықаралық басылым Мемлекет басшысының мақаласын толық ұсынған.
Қазақстан сияқты елдер жаңа күшпен алға шығып, қатысушы ретінде ғана емес, сонымен қатар жаһандық аренадағы жауапты ойыншы ретіндегі өз рөлін көрсете білуі керек. Төтенше геосаяси турбуленттілік пен тұрақты қақтығыстарға толы бүгінгі әлемде көпжақты шешімдер өте маңызды. Еуропа, Таяу Шығыс және Африкадағы соғыстар жүздеген мың адамның өмірін қиып, климаттың өзгеруі миллиондаған адамды аш, жалаңаш және баспанасыз қалдырып жатыр. Бұл қақтығыстар шешілмейтіндей болып көрінеді, – деп бөлісті Euronews.
Anadolu Agenсy: Қазақстан сияқты елдер жаһандық аренада жауапты ойыншы ретінде рөлін көрсетуі тиіс – Тоқаев
Президенттің мақаласы Euronews-те жарияланғаны туралы Anadolu Agenсy де хабарлады.
Агенттіктің мәліметінше, Тоқаев Еуропадағы, Таяу Шығыстағы және Африкадағы соғыстар жүздеген мың адамның өмірін қиятынын, ал климаттың өзгеруі миллиондаған адамдарды аш, жалаңаш және баспанасыз қалдыратынын атап өтті.
Бұл қақтығыстар шешілмейтіндей болып көрінеді. Осы жаһандық алауыздық аясында дәстүрлі державалар – әлемнің экономикалық және саяси алпауыттарының бірігіп жұмыс істеу мүмкіндігі азайып барады, – деп Қазақстан Президентінің мақаласынан үзінді келтірді басылым.
The Times of Central Asia: Қазақстан мен ЕО ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасын ұлғайтуға ұмтылуда
2023 жылы Қазақстан ЕО елдеріне 650 мың тонна бидай, сондай-ақ зығыр, рапс тұқымдары мен өңделген дәнді дақылдарды экспорттады. Бұл туралы The Times of Central Asia Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Еуропалық одақтың ауыл шаруашылығы жөніндегі комиссары Януш Войцеховскийдің келіссөзіне сілтеме жасап хабарлады.
Қазақстандық өндірушілердің ЕО-ға мал шаруашылығы өнімдерін экспорттауға әлі лицензиясы болмаса да, қазақстандық балық Еуропадағы сатып алушылар арасында үлкен сұранысқа ие. Қазақстанның 70 балық өңдеу кәсіпорнының 18-і өз өнімдерін Еуроодақ елдеріне экспорттау құқығына ие болды. 2023 жылы Қазақстанның балық өнімдерінің экспорты құны 85 миллион доллар болатын 25 мың тоннаны құрады. Шамамен 11 мың тонна ЕО елдеріне, соның ішінде Германия, Нидерланд, Дания және Литваға жалпы сомасы 60 миллион долларға экспортталды, – деп жазды басылым.
Сentralasia.news: Қазақстанда өңдеу өнеркәсібін автоматтандыру мәселесі талқыланды
Қазақстан Үкіметі республиканың өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелерін талқылады. Осы сектордағы өндіріс көлемі ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айларында 5,2%-ға ұлғайып, 7,1 триллион теңгеге жетті және 5,6 миллиард доллар болатын өңдеу өнеркәсібі тауарлары экспортталды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 403,2 млрд теңгені құрап, 19,9%-ға өсті, деп жазады Сentralasia.news премьер-министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Басылымның мәліметінше, ең үлкен үлесті металлургия өнеркәсібі, машина жасау және азық-түлік өндірісі алады. Премьер-министр өңдеу секторы кез келген мемлекеттің өнеркәсібін табысты дамытудың негізі екенін, сондықтан ел экономикасының құрылымындағы өңдеу үлесін ұлғайту қажеттігін атап өткен.
Trend: Еуропалық комиссия Қазақстаннан ЕО елдеріне ұшуға қойылған барлық шектеуді алып тастады
Мұндай шешім Еуропалық Одақтың (ЕО) 27 елінің авиациялық билік өкілдерінің қатысуымен Еуропалық комиссияның Ұшу қауіпсіздігі комитеті отырысының қорытындысы бойынша қабылданған. Бұл туралы әзербайжандық Trend агенттігі ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.
Комитет отырысында көлік вице-министрі Талғат Ластаев бастаған Қазақстанның авиациялық билік делегациясы елдегі ұшу қауіпсіздігі жөніндегі істердің ағымдағы жай-күйі туралы тыңдады... Қазақстандық делегация бұрын анықталған ескертулерді жою бойынша қабылданған іс-қимылдарды ұсынды, оларды Еурокомиссия оң бағалады, – деп жазды басылым.
Trend мәліметінше, ЕО-ға мүше 27 мемлекет қабылдаған комитет отырысының шешіміне сәйкес, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі елеулі прогресті ескере отырып, Қазақстан мен қазақстандық тасымалдаушылардан Еуропалық Одақ елдеріне ұшуға барлық шектеу алынып тасталды.