Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Дүниежүзілік көшпенділер ойындары, туризм, гидроэнергетика

Осы аптада шетелдік БАҚ Қазақстанды бірнеше рет атап өтті. Әлемдік басылымдар Еуропалық Одақтың Транскаспий бағытына, энергетикалық жобаларға, туризмге және Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына деген қызығушылығы туралы жазды. Kazinform тілшісінің Қазақстан туралы әлемдік баспасөзге шолуын ұсынамыз.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары, туризм, гидроэнергетика
Коллаж: Kazinform

Trend: Италия Қазақстандағы жаңа энергетикалық жобаларға қатысу мүмкіндігін қарастыруда

Италия Қазақстандағы мұнай-химия жобаларына қатысу және отын зауыттарын салу мүмкіндігін қарастыруда. Бұл туралы әзербайжандық Trend ақпарат агенттігіне берген эксклюзив сұхбатында Италия-Қазақстан сауда қауымдастығының (ACIK) президенті Марко Беретта айтты.

Қазақстанның еуропалық энергетикалық нарықтағы қатысуын арттырудағы әлеуеті айтарлықтай жоғары. Бұл ел энергетикалық ресурстарға, әсіресе Италияның негізгі экспорттық тауары – шикі мұнайға бай. Италия Қазақстаннан тұрақты және әртараптандырылған қуат көздерінен пайда көре алады, бұл энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектеседі.

Сонымен қатар, энергетика саласындағы ынтымақтастық екі елдің тұрақты дамуға деген ұмтылысын күшейте отырып, жаңартылатын энергия жобаларын қамту үшін кеңейтілуі мүмкін. Болашақ жобалар ретінде біз мұнай-химия, қалдықтардан энергия өндіру және отын зауыттарын салу бойынша жобаларға қатысу мүмкіндігін қарастырудамыз, – деді Марко Беретта.

Агенттіктің хабарлауынша, ол бұл жобалардың Қазақстанда энергия өндіруді әртараптандыру бойынша таңдалған күн тәртібіне сәйкес келетінін атап өткен.

Көлік саласындағы ынтымақтастық туралы айта отырып, Марко Беретта Қазақстанның Қытай мен Еуропа арасындағы транзит хаб ретінде, атап айтқанда Орта дәліз арқылы дамуы Еуропаға, соның ішінде Италияға жүк тасымалдауды арттыру үшін айтарлықтай әлеуетке ие екенін атап өтті, – деп жазды Trend.

ТАСС: ЕО Қазақстанмен Транскаспий бағытын дамытуға мүдделі екенін растады

Еуропалық Одақ Қазақстанмен бірге Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға мүдделі екенін растады, деп хабарлайды ресейлік ТАСС агенттігі ҚР премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеуге сілтеме жасап.

Бұл туралы Мұрат Нұртілеу Астанада Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррелмен өткен келіссөзден кейін айтты.

Трансконтиненталды теміржол, әуе және автомобиль көлігі дәліздерін дамытудың маңызы атап өтілді. Еуроодақ Транскаспий халықаралық көлік бағытын бірлесіп дамытуға мүдделі екенін растайды, – деп хабарлады агенттік Мұрат Нұртілеудің сөзіне сілтеме жасап.

Сонымен қатар, басылымның мәліметінше, кездесу барысында тараптар өңірлік және халықаралық мәселелерді талқылады.

Anadolu: 2023 жылы Қазақстанға 9,2 миллион турист келген

Өткен жылы Қазақстанға 9,2 миллион шетелдік турист келді, Қытайдан, Үндістаннан, Германиядан, Оңтүстік Кореядан және Біріккен Араб Әмірліктерінен келушілер артты. Бұл туралы Түркияның Anadolu ақпарат агенттігі Қазақстанның Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.

Визасыз режим туралы келісімнің арқасында елге келетін қытайлық туристердің саны шамамен 20 есе өсті. Өткен жылы Қазақстанға Үндістаннан 78 мың, Германиядан 85 мың адам келген. Олардан кейін 36 600 адаммен Оңтүстік Корея және 10 500 туристімен БАӘ тұр.

Өзбекстан азаматтары да – Қазақстанға жиі келетін қонақтар. 2023 жылы елге Өзбекстаннан 3,6 миллион, Ресейден 2 миллион, Қырғызстаннан 1,6 миллион және Тәжікстаннан 700 мың адам келген, деп хабарлайды Anadolu.

The Times of Central Asia: Қазақстан туризмді дамытуға ұмтылуда

Қазақстанда Алматы агломерациясын, Бурабай, Қатонқарағай және Бұқтырма курорттарын, Каспий жағалауындағы курорттарды және ежелгі Түркістан қаласын қоса алғанда, оннан астам туристік кластер дамып келеді, деп хабарлайды The Times of Central Asia.

Мамырда Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның (Саяхат пен туризмді дамыту индексі) жаһандық туризм рейтингінде 14 позицияға көтеріліп, Қатар, Әзербайжан, Өзбекстан, Вьетнам, Мысыр және Латвияны басып озып, 119 елдің ішінде 52-орынға ие болды, – деп жазады басылым.

Агенттіктің мәліметінше, Туризм және спорт министрлігі биыл Қазақстанға 10 миллионнан астам шетелдік турист келеді деп күтуде.

Daryo: АДБ мен Қазақстан гидроэнергетиканы дамытуға жәрдемдесу туралы келісімге қол қойды

Азия даму банкі (АДБ) мен Қазақстан су энергетикасын дамыту бағдарламасын консалтингтік қолдау туралы келісімге қол қойды. Бұл стратегиялық серіктестік гидроэнергетикалық жобаларды дамытуға жәрдемдесуге бағытталған, деп хабарлады Өзбекстанның Daryo интернет-басылымы.

Басылым келісім аясында АДБ Қазақстанға бірнеше негізгі бағыттар бойынша: алдын ала техникалық-экономикалық негіздемелерді жүргізу, аукциондық құжаттама мен электр қуатын сатып алу туралы келісімнің жобасын дайындау, инвесторларды тарту үшін бәсекеге қабілетті өтінімдерді тартуға көмек көрсететінін жазды.

ANI: Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қазақстанда 8 қыркүйекте басталады

Қазақстанда Орталық Азияның көшпелі халықтарының дәстүрлеріне негізделген этникалық спорт түрлерінен жарыстар өтетін бірегей халықаралық спорттық шара – бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді, деп хабарлайды Үндістанның Asian News International (ANI) ақпарат агенттігі.

Ойындарға 100-ге жуық елден қатысушылар келеді деп күтілуде. Сондай-ақ спорттық жарыстар мен мәдени шараларды 100 мыңнан астам турист тамашалайды деген жоспар бар.

Алдыңғы қатарлы спорт нысандарында ат бәйгесі, ұлттық күрес, дәстүрлі интеллектуал ойындары, жекпе-жек, ​​садақ ату және халық ойындары сынды спорттың 21 түрінен жарыс ұйымдастырылады.

Көшпенділер ойындары Қазақстанның елордасы Астанада «Ұлы даладағы кездесу» ұранымен өтеді.

Соңғы жаңалықтар