Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Джеки Чан фильмі, жаңа жерсерік пен көлеңкелі экономиканы қысқарту
АСТАНА. KAZINFORM – Осы аптада жаһандық медиада Қазақстанға қатысты жаңалық үдеді. Соның ішінде KazSat-3R ғарыш аппаратын әзірлеу жоспары, Джеки Чанның Қазақстандағы фильмі көп айтылды. Көлеңкелі экономикаға ЖИ көмегімен қарсы тұру, Мароккода ашылған консулдық туралы да жазылыпты. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.
Euronews: Қазақстанда Джеки Чанның жаңа фильмінің түсірілімі басталды
Әлемге әйгілі актёр Джеки Чан Қазақстанға келді. Ол басты рөлді сомдайтын «Құдайдың сауыты: Ультиматум» фильмінің түсірілімін бастады. Осыған орай Euronews арнасы фильм жайлы көлемді шығарылым әзірлеген болатын.
Түсірілім Алматы және Маңғыстау облыстарында өтіп жатыр. Жобаны қазақстандық Sәlem Entertainment пен гонконгтік Billion Target компаниялары бірлесіп жүзеге асыруда.
Продюсер Игорь Цайдың айтуынша, Джеки Чанды Қазақстанның ерекше табиғаты мен түрлі локация қызықтырған. Фильмді алғаш рет қазақстандық режиссер Роберт Кун түсіреді, ал Джеки Чан барлық шығармашылық процесті қадағалайды. Каскадерлік бөлікті JC Stunt Team және қазақстандық Kun-Do студиясы әзірлемек.
Фильмнің әлемдік премьерасы 2027 жылдың ақпанына жоспарланған.
Jiji Press: Марракеште Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды
Қазақстанның Мароккодағы елшісі Сәулекүл Сайлауқызы Марракеш қаласында ҚР Құрметті консулдығының ресми ашылу рәсіміне қатысты.
Жапондық Jiji Press-тің жазуынша, Марракештегі Құрметті консулдық – Қазақстанның Мароккодағы екінші консулдық мекемесі. Бұл қаланың таңдалуы бекер емес, өйткені Марракеш Марокконың ірі туристік әрі іскерлік орталықтарының бірі саналады. Сондай-ақ өткен жылдан бері қолданыстағы визасыз режим екі ел азаматтарының өзара сапарларының көбеюіне оң әсер еткен.
Reuters: Қазақстан мұнай өндірісін қысқартты
Қазір Қара теңіздегі негізгі мұнай экспорттау терминалының жұмысы тоқтап, соның салдарынан Қазақстан мұнай өндіру көлемін қысқартқанын мәлімдеді. Reuters дереккөзінше, елдегі ең ірі мұнай кен орны өндірісті 50 пайыздан астам азайтқан.
Әлемдік тәуліктік мұнай жеткізілімінің шамамен 2 пайызын қамтамасыз ететін осы экспорт бағытының жұмысының бұзылуы мұнай нарығына қосымша қысым түсіріп отыр.
The Times of Central Asia: Жаңа жерсерік үшін 22 млн доллардан астам қаржы бөлінді
Қазақстанның ұлттық спутниктік байланыс жүйесі KazSat-2 және KazSat-3 спутниктерінен, сондай-ақ Ақкөл мен Көктерек жерүсті басқару орталықтарынан тұрады. Енді Үкімет KazSat-3R байланыс аппаратын жасауға 10,4 млрд теңге бөлді. Ақпаратты The Times of Central Asia таратқан.
KazSat-3R Қазақстан және Ресей мен Орталық Азия елдерінің кей өңірін телерадио хабарларын тарату, деректер алмасу, телефон байланысы мен интернет қызметімен қамтамасыз етеді.
Өткен жылы Сенат депутаты Андрей Лукин KazSat-3R жобасын жүзеге асыруға 40,2 млрд теңге қажет болуы мүмкін екенін айтқан. Сондай-ақ ол мемлекеттік сатып алу талаптары шетелдік компаниялардың қатысуын шектеуі ықтимал екенін ескерткен.
Xinhua: Астық пен ұн экспорты 12,5%-ға өсті
Қазақстан өткен жылғы қыркүйек мен биыл 17 шілдеге дейін 13,5 млн тонна астық пен ұнэкспорттады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,5%-ға артық. Жаңалықты қытайлық Xinhua ақпарат агенттігі бөліскен.
Экспорт өсіміне Орталық Азия елдері мен Ауғанстанға тасымалданған өнім ықпал етіпті. Атап айтқанда, астық экспорты Өзбекстанға – 37%-ға, Ауғанстанға – 59%-ға, Түрікменстанға – 34%-ға, Қырғызстанға – 1,4 есеге артқан.
Report: Көлеңкелі экономиканы ЖИ көмегімен тежейді
Қазақстанда 2026–2028 жылдарға арналған көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспары бекітілді. Жоба туралы Report жазды.
Жоспарда экономиканың ашықтығын арттыру мақсатында цифрландыруға арналған 53 іс-шара қамтылған. Олардың қатарында сауда, құрылыс, көлік, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және білім беру салалары бар. Негізігі құрал жасанды интеллект технологияларын пайдаланатын бірыңғай цифрлық мониторинг платформасы болады.