Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Корея һәм Өзбекстанмен байланыс, қант зауыты және экспорт

Шілде айының ортасынан асқан тұста алыс-жақын шетелдердегі бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстанға қатысты көптеген жаңалық жариялады. Оның ішінде еліміздің Оңтүстік Корея және Өзбекстанмен байланысын дамытып жатқанын, түркиялық алпауыт компанияның Қазақстанда қант зауытын салу жобасын қолға алғанын атап өтуге болады. Бұған қоса, кей елдермен экспорттағы көрсеткіштердің төмендеу жайы да жазылған. Толығырақ Kazinform агенттігінің шолуынан оқи аласыз.

әлемдік БАҚ
Коллаж: Kazinform/Freepik

Anadolu: Қазақстан мен Оңтүстік Корея өзара байланыстарын нығайтпақ

23 шілдеде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мёң телефон арқылы сөйлесті. Бұл ақпаратты Ақордағы сілтеме жасап, түркиялық Anadolu басылымы жария еткен.

Әңгіме барысында екі мемлекет басшылары қазақ-корей көпқырлы қатынастарын одан әрі нығайтуға бейілді екенін айтқан. Екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды бағыттары бойынша жан-жақты пікір алмасу өтті.

Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылды жандандыруға қызығушылық бар. Өнеркәсіп, энергетика, автокөлік жасау, білім беру және медицина салаларындағы қазіргі және келешектегі жобаларды тиімді жүзеге асырудың маңыздылығы да аталып өтті.

Мемлекет басшысы Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мёңмен телефон арқылы сөйлесті
Фото: Ақорда

Президент Ли Чжэ Мёң Қазақстан Президентін Корея Республикасына ресми сапармен келуге шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев оңтүстіккореялық көшбасшының шақыруын ризашылықпен қабылдап, 2026 жылы Сеулде өтетін «Орталық Азия – Корея Республикасы» форматындағы саммитке қатысуға дайын екенін жеткізді.

Report: Түркиялық компания Қазақстанда қант зауытын тұрғызбақ

Түркияның ірі өнеркәсіптік холдингтерінің бірі саналатын Safi Holding Қазақстанда жоғары технологиялы қант зауытын салу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Жаңалықты еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасай отырып, әзербайжандық Report агенттігі жазды.

Бұл мәселе ведомство басшысы Айдарбек Сапаров пен Safi Holding компаниясының бас директоры Сафи Атакан арасындағы кездесу барысында талқыланған.

Жобаның жалпы инвестициялық көлемі - 150-200 млн доллар. Болашақ кәсіпорынның жоспарланған қуаттылығы жылына 140 мың тонна қант екені айтылды. Бұл үшін шамамен 1 млн тонна қант қызылшасы өңделмек.

Қазір зауыт салуға қолайлы өңір таңдау жұмыстары жүріп жатыр. Бұл ретте басты өлшемдер – егістік алқаптардың болуы және инфрақұрылымның дамығандығы. Министрлік жобаға жан-жақты қолдау көрсетуге, соның ішінде мемлекеттік қолдау шараларын ұсынуға дайын екенін атап өтті.

Safi Holding Қазақстанда қант зауытын салуды жоспарлап отыр
Фото: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі

Uza: Қазақстан мен Өзбекстан өңірлік байланыстарды жаңа деңгейге көтеріп жатыр

Өзбекстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бахтиёр Ибрагимов бастаған дипломатиялық миссия делегациясы іссапармен Шығыс Қазақстан облысына барды. Сапар аясында делегация Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановпен кездескенін Uza агенттігі бөлісті.

Қазақстан тарапы өңірдің экономикалық және инвестициялық әлеуетін таныстырып, Өзбекстанмен сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға қызығушылық көрсеткен.

Өзбекстандық дипломаттар сапар барысында осы өңірде тұрып жатқан өзбекстандық азаматтармен де жүздесті. Кездесу кезінде Өзбекстанда жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық реформалар, шетелдегі отандастарды қолдауға бағытталған шаралар жөнінде кеңінен ақпарат берілді. Сонымен қатар, консулдық-құқықтық мәселелер бойынша тиісті кеңестер беріліп, Қазақстанның көші-қон заңнамасын қатаң сақтау қажеттігі ерекше аталып өтті.

Сапар аясында Өзбекстан елшілігінің делегациясы Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі ұйымдастырған өңірлік инвестициялық форумға да қатысқан.

Форумда Қазақстан тарапы бірлесіп жүзеге асыруға дайын бірқатар перспективалы жобаны таныстырды. Сонымен қатар, Өзбекстан делегациясына 2025 жылдың қыркүйек айында өтетін «Altai Invest-2025» инвестициялық форумына қатысу ұсынылды.

Дипломатиялық миссия аясында елшілік өкілдері Даулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетіне барып, студент жастармен кездескен. Университет ұжымы ғылыми-зерттеу жобаларын таныстырып, медицина, ауыл шаруашылығы, металлургия және өндіріс салаларындағы инновациялық идеялармен бөлісті.

Жалпы бұл сапар Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы өңіраралық ынтымақтастықты тереңдетуге, нақты инвестициялық, өндірістік және әлеуметтік-гуманитарлық жобаларды жүзеге асыруға тың серпін бергені жазылған.

Өзбекстаннан шетелге тұрақты тұру үшін көшкендердің саны артты
Фото: uza.uz

Trend: Иранға Қазақстаннан жеткізілетін тауар көлемі азайған 

Иран биыл үш айда, нақтырақ, 2025 жылдың 21 наурызынан 21 маусымға дейін Қазақстаннан жеткізілетін өнім импорты өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда азайғанын жария етті. Көрсеткіштердің кемуі құндық жағынан – 58,1 пайыз, ал салмақ бойынша – 47,2 пайыз. Бұл жөнінде әзербайжандық Trend агенттігі Иран Кеден басқармасының мәліметтеріне сілтеме жасап хабарлаған.

Аталған кезеңде Қазақстаннан Иранға жеткізілген өнімнің құны шамамен 8,69 млн доллар, ал жалпы салмағы 27 500 тонна болды. Салыстырып қарасақ, өткен жылдың дәл осы үш айында импорт көлемі 20,8 млн доллар болып, тауар салмағы 52 200 тоннаға жеткен.

Қазақстаннан Иранға ең көп жеткізілген тауарлар қатарында бидай, арпа, түрлі жабдықтар мен басқа да өнімдер болды.

Осы үш айда Иран мен Қазақстан арасындағы жалпы тауар айналымы 60,7 млн доллар (123 мың тонна) болған. Өткен жылмен салыстырғанда құн жағынан тиісінше 27,7 пайызға, ал салмағы жөнінен 25,3 пайызға төмен.

Жалпы, үш айда Иран мұнай өнімдерін есепке алмағанда жалпы көлемі 9 млн тонна өнім импорттаған. Құны 13 млрд доллар болды. Бұл ретте мұнайға жатпайтын өнімдердің импорты құны жағынан 11,7 пайызға, ал салмағы бойынша 4,35 пайызға қысқарды.

Бұның себебі ретінде Иран билігінің негізгі қажетті тауарларды ғана импорттауға басымдық беріп, ел ішінде өндірілетін өнімдердің әкелінуіне шектеу енгізуді жалғастырып отырғанын айтуға болады.

Соңғы жаңалықтар