Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Ормуз бұғазындағы жер телімі, ұлттық крипторезерв және әлеуметтік желіні бақылау

АСТАНА. KAZINFORM – Апта ішінде жаһандағы ақпарат таратушы интернет-басылымдар Қазақстандағы саяси оқиғаларды қапы жібермеді. Соның ішінде ұлттық стратегиялық крипторезерв құру идеясы мен Иранның Ормуз бұғазы маңынан Қазақстанға жер телімін бөлуге келісуі көп жазылған. Мәжіліс депутатының әлеуметтік желілерді бақылауға қатысты ойы және Қытаймен арадағы жүк тасымалының жайы да атаусыз қалмады. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

шолу
Фото: Kazinform ЖИ көмегімен жасалды

Report: Ұлттық крипторезерв құрылады

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі «Cтратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру қағидалары» жобасын әзірледі. Жоба 1 шілдеге дейін қоғамдық талқылау үшін «Ашық НҚА» порталында жарияланған. Жаңалықты Report таратты.

Жоба аясында стратегиялық цифрлық майнингті жүргізу шарттары белгіленбек. Оның ішінде қызметті энергетикалық ресурстармен қамтамасыз ету ерекшеліктері қарастырылған.

Сонымен қатар мемлекет Ұлттық стратегиялық крипторезерв қалыптастыруды жоспарлап отыр. Оны стратегиялық цифрлық майнинг субъектілері өндіретін цифрлық активтердің есебінен әзірлейтін болады.

Мұндай ережелер 28 мамырдағы "Цифрлық активтер индустриясының кейбір мәселелері туралы" қаулыдан кейін қолға алынып отыр.

The Times of Central Asia: Қазақстан-Иран порт инфрақұрылымын дамытады

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Иран Ислам Республикасы Жол және қаланы дамыту министрі Фарзане Садекпен кездесті. Келіссөз барысында Ормуз бұғазындағы Шахид Раджаи (Бендер-Аббас) портынан Қазақстанға жер телімі бөлінетіні белгілі болды. Ақпаратты The Times of Central Asia басылымы жариялаған.

Оған қоса Иран Қазақстанға Чабахар портында жұмыс істеуге мүмкіндік беруге дайын. Бұл порт Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия нарығына тікелей шығуды қамтамасыз етеді.

Фарзане Садектің айтуынша, Захедан-Чабахар теміржол желісі құрылысының 90%-дан астамы аяқталған. Нысанды іске қосу алдағы айларға жоспарланыпты. Желі іске қосылғаннан кейін Чабахар порты Үнді мұхитын, Орталық Азия мен Еуропаны байланыстыратын халықаралық теміржол желісіне қосылады.

Caspianpost: Қазақстан TikTok, YouTube және Instagram платформаларына бақылауды күшейтуі мүмкін

Мәжіліс депутаты Данабек Исабек балаларға арналған цифрлық контент сапасына қатысты мәселе көтерді. Депутаттың сөзін Caspianpost бөлісті.

Қазақстан қазақ тіліндегі балалар контентін дамытуға бағытталған мемлекеттік стратегия әзірлеуі ықтимал. Данабек Исабектің айтуынша, қазіргі уақытта қазақ тіліндегі сапалы цифрлық орта толық қалыптаспаған. Ал қазақ тіліндегі балалар контенті, танымдық платформалар, анимация, ғылыми-ағартушылық бағдарламалар мен медиажобалар жаһандық цифрлық платформалардағы агрессивті ақпарат ағынымен бәсекелесе алмай отыр.

Осы орайда депутат балалар психологиясына зиян контентке тосқауыл қоюды сұрап, TikTok, YouTube және Instagram секілді платформаларға бақылауды күшейту керек деп мәлімдеді.

Xinhua: Сиань мен Алматыдағы терминалдар Қазақстан-Қытай ынтымақтастығын тереңдете түсті

Алматыдағы халықаралық қазақ-қытай ZHETYSU логистикалық терминалы жұмыс істей бастағанына бір жыл толды. Тақырыпқа орай Xinhua ақпарат агенттігі мемлекетаралық порттардың жай-күйін баяндады.

Сианьдағы терминал 2024 жылы, ал Алматыдағы ZHETYSU терминалы 2025 жылы іске қосылды. ZHETYSU терминалы қысқа уақыт ішінде маңызды трансшекаралық логистика торабына айналды. Ал Қытайдың Сиань қаласындағы Қазақстан логистикалық терминалы арқылы Қазақстаннан ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталуда.

Anadolu: Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының рөлін жоғары бағалады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Жоғарғы сот төрағаларымен кездесті.

Anadolu ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Президент бауырлас елдер ынтымақтастығын нығайтуда Түркі мемлекеттері ұйымының рөлі айрықша екенін жеткізген. Сонымен қатар ТМҰ мүше елдердің жоғарғы соттарының екінші конференциясында сот саласын цифрландыру мәселесі талқыланатынын айтты.