Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Парламент сайлауы, Ақжан, $6,2 млрд инвестиция және мектептегі ЖИ
АСТАНА. KAZINFORM — Бұл аптада әлемдік ақпарат кеңістігінде Қазақстанға қатысты жаңалық азайған жоқ. Тамызда өтетін Парламент сайлауы, Қытаймен бірлесіп су мамандарын әзірлеу бастамасы және оңтүстік өңірдегі жел электр станциясының құрылысы туралы мәлімет тарады. Мектептердегі жасанды интеллект жобалары, Астана топырағында туған Ақжан атты ерекше жылқы және 6 млрд доллардан асатын инвестиция тақырыбы да қозғалған. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.
Reuters: 23 тамызда парламент сайлауы өтеді
Қазақстанда 23 тамызда кезектен тыс парламент сайлауы өтеді. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сәрсенбі күні жаңа Конституцияның күшіне енуіне байланысты қол қойған жарлықта айтылған. Мемлекет басшысының сөзін Reuters таратты.
Жаңа Конституцияға сәйкес, Қазақстанның екі палаталы Парламенті ықшамдалып, бір палаталы заң шығарушы органға айналады. Сонымен қатар вице-президент лауазымы енгізіліп, сайлаудан кейін тағайындау болады.
Сaspianpost: Қазақстан мен Қытай су саласының мамандарын даярлайды
Қазақстан мен Қытай су шаруашылығы саласына жоғары білікті маман даярлау ісін бірлесе қолға алады. Сaspianpost-тың жазуынша, қыркүйек айында Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті Солтүстік Қытай су ресурстары және гидроэнергетика университетімен білім бағдарламасын іске қосуды жоспарлап отыр. Қазақстандық студенттер қытайлық оқу орнында тегін білім алуы үшін арнайы гранттар бөлінеді.
Білім беру бағытындағы тағы бір маңызды жоба Тараз қаласында іске асырылмақ. Қазіргі таңда Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының базасында Қытайдың «Үш шатқал» электр энергетикасы кәсіптік колледжімен бірлескен заманауи оқу орталығын ашу мәселесі пысықталып жатыр.
The Times of Central Asia: Masdar компаниясы Қазақстанда жел электр станциясын салуда
Жамбыл облысында Орталық Азиядағы ірі жел электр станциясының құрылысы басталды. Жоба жаңартылатын энергия көздері саласындағы жетекші ұйым — Masdar компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. АқпараттыThe Times of Central Asia бөлісті.
Құны 1,4 миллиард долларды құрайтын жобаны қазақстандық компаниялар мен Біріккен Араб Әмірліктерінің инвесторларынан құралған консорциум жүзеге асырады. Жоба акциясының 40 пайызы — Masdar компаниясына, 40 пайызы — W Solar компаниясына, 18 пайызы — «Самұрық-Қазына» қорының құрамына кіретін Qazaq Green Power компаниясына және 2 пайызы — Қазақстанның инвестициялық даму қорына тиесілі.
Құрылысқа арналған капсула салу рәсімі 29 маусым күні телекөпір форматында өтті. Ал жел электр станциясын пайдалануға беру 2029 жылдың үшінші тоқсанына жоспарланған.
Report: 6,2 млрд доллар инвестиция тартылады
Қазақстан алдағы екі жылда 200-ден астам өндіріс орнын іске қосуды жоспарлап отыр. Осы мақсатқа шамамен 3 триллион теңге (6,2 млрд доллар) инвестиция тартылмақ. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында мәлімдеді.
Report дерегінше, Қазақстанда еңбекке қабілетті азаматтардың шамамен жартысы шағын және орта бизнес саласында еңбек етеді. Соңғы бес жылда бұл секторда жұмыспен қамтылғандар саны 4,5 млн адамға жетіп, шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40 пайыздан асты.
Euronews: Қазақстан жасанды интеллектіні мектепке қалай енгізіп жатыр?
Қазақстан білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні кезең-кезеңімен енгізуді бастады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке осы бағыттағы жол картасын бекітуді тапсырды. Алғашқы кезеңде жоба қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайтуға бағытталады. Ақпаратты Euronews жариялаған.
Биылғы қыркүйекте 500 ауыл мектебінде пилоттық жоба іске қосылады. Олар жоғары жылдамдықты интернетпен және заманауи цифрлық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмек. Жоба 2027 жылдың мамырына дейін жалғасады.
Мектептегі жасанды интеллект оқушылардың үлгерімін талдап, жеке оқу траекториясын қалыптастыруға септесуі керек. Сарапшылардың болжамынша, ЖИ мұғалімдердің әкімшілік жүктемесін 30%-ға қысқартуы мүмкін.
Бүгінде 350 мыңнан астам педагог ЖИ-ді қолдану бойынша оқытудан өтті, 100 мыңнан астам мұғалім OpenAI әзірлеген GPT-edu платформасына қол жеткізген. 2029 жылға қарай Қазақстан үлгерімі төмен оқушылардың санын азайтып, ЖИ оқыту тәсілін білім беру жүйесіне толық енгізуді жоспарлап отыр.
Jiji Press: Ақжан — Ұлы даланың мәдени феномені
Астана топырағында туған Ақжан атты қылқұйрық байтал шығар жастан асты. Ғанатлы және Табыс деген түрікменнің таза қанды ақалтекесінен туған текті төлдің суреті әлеуметтік желіде ат көркінің символындай тарап жүр. Бұл туралы Жапонияның Jiji Press ақпарат порталы хабарлады.
— Ақжан — өте сирек кездесетін қылаңбоз түсті жылқы. Түгінің түсі жарықпен қанығып, ерекше көрік беріп тұрады. Мұндай реңк көзінің түсін де қанық ете түсіп, жер бетінде кездеспейтін тым ерекше жылқы малы қылып көрсетеді, — деп жазады басылым.