Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: пилотсыз көліктердің жолы, келешек су тапшылығы мен мұнай тасымалындағы өзгеріс

АСТАНА. KAZINFORM – Желтоқсанның орта тұсында әлемдегі медиалар Қазақстанның түрлі саладағы аяқ алысын бақылап, жаңалық таратып отырды. Оның ішінде Каспий құбыр консорциумына (КҚК) жасалған шабуылдан кейін ел билігінің мұнай тасымалдаудың балама бағытына көшкені жазылған. Келер жылы Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарында болуы ықтимал су тапшылығы, пилотсыз көлік құралдарын енгізуге деген талпыныс және 200 жылдан кейін қазақ даласына қайта оралған керқұландар айтылыпты. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

шолу
Коллаж: Kazinform/ Canva/ DALL-E

Report: Қазақстан КҚК-дан БТЖ-ға 60 мың тоннаға жуық мұнай жібереді

Украинадағы әскери қимылдар кезінде Қазақстанның негізгі мұнай тасымалдау арнасына зақым келгенін білеміз. Мұндай келеңсіздік бірнеше мәрте қайталанғаннан кейін Үкімет шикізат тасымалының балама жолын қарастыруда. Мысалы, «ҚазТрансОйл» АҚ желтоқсанда Каспий құбыр консорциумы (КҚК) жүйесінен Баку – Тбилиси – Жейхан (БТЖ) мұнай құбырына шамамен 60 мың тонна мұнай жіберуді жоспарлап отыр. Ақпараттың анық-қанығын Report агенттігі тарқатқан.

Компанияның мәлімдемесіне сенсек, мұнай тасымал жолдарындағы жүктеме өзгеретін сыңайлы:

«Халықаралық әріптестермен және жүк жөнелтушілермен уақтылы ұйымдастырылған конструктивті келіссөздердің арқасында Каспий құбыр консорциумының мұнай құбырлары жүйесінен Самара және БТД бағыттарына халықаралық мұнай ағындарын қайта бағыттау мүмкіндіктері келісілді», – делінген ресми ақпаратта.

Қазіргі таңда Қазақстан жеткізілім көлемінің бір бөлігін Қытай бағытына бұруға көшкен. Нәтижесінде Энергетика министрлігі бекіткен тасымалдаудың бастапқы кестесімен салыстырғанда 2025 жылғы желтоқсанда экспорттық бағыттар бойынша мұнай жеткізу көлемі ұлғайды:

· Атырау-Самара – 232 мың тоннаға;

· Қытай – 72 мың тоннаға;

· Ақтау порты (Баку – Тбилиси – Джейхан бағытында) – 58 мың тоннаға жеткен.

«ҚазТрансОйл» халықаралық деңгейдегі іс-қимылдарды жедел үйлестірудің арқасында тиеп-жөнелтуді ұлғайтқанын айтқан болатын.

«2025 жылдың желтоқсан айының ішінде «ҚазТрансОйл» АҚ мұнай өндіруші компанияларға резервуарлық паркте мұнайды жауапты сақтауға уақытша орналастыру бойынша мүмкіндіктер береді. Бұл жөнелту кестелерінің икемділігін, айдау режимдерін оңтайландыруды және магистральдық мұнай құбырлары жүйесі бойынша жеткізілімдердің үздіксіздігін қамтамасыз етуге көмектеспек», – деді компания өкілдері.

Бұған дейін Қазақстан биыл БТЖ бойынша 1,2 млн тонна мұнай жеткізуді жоспарлап отырғаны мәлім болды. Оған қоса 2026 жылы көрсеткішті 2,2 млн тоннаға дейін ұлғайту талқыланған.

Anadolu: Жолдар пилотсыз көліктерге бейімделеді

Осы аптада өткен Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев елдегі жолдар пилотсыз көліктерге бейімделетінін айтты. Яғни жақын арада автожолдардан тізгінді жүргізуші басқармайтын, өздігінен қатынайтын темір тұлпарларды көруіміз мүмкін. Жоба қашан толық жүзеге асатынын Anadolu ақпарат агенттігі хабарлады.

Үкіметте көлік-транзит саласының өзекті мәселелері талқыланды. Сол жиында министр Нұрлан Сауранбаев «e-Joldar» платформасының аясында тас жолдардың цифрлық паспорттары жасалып жатқанын жеткізген. Оның сөзінше, 2027 жылы алғашқы пилотсыз жүк көліктерін іске қосу жоспарда бар. Заңға өзгерістер әзірленіп жатыр.

Министрдің айтуынша, салаға жаппай жасанды интеллект технологиялары енгізілмек. Ол үшін арнайы цифрлық трансформация картасы әзірленді. Оған сәйкес 2027 жылға дейін 10 халықаралық әуежайда биометриялық сәйкестендіру іске қосылмақ. Теміржол бағыттарының 55%-на интеллектуалды жүйелер енгізіледі. Салаларды цифрлық трансформациялау нәтижесі автожолдардың өткізу қабілетін 20%-ға арттырады. Ал жүк көліктерінің кеденнен өту уақыты 10 минутқа дейін қысқарады

– ЖАСҰО жүйесі – Smart Road Diagnostic System 7 ақауды 95 пайыз дәлдікпен анықтайды. Яғни 100 шақырымға диагностика 4 сағатты құрайды. Жол төсемін сақтау үшін 220 бірлікке дейін автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнату жалғасуда. Қазіргі таңда оның 71 бірлігі іске қосылды, – деді Көлік министрі.

Айта кетейік, Қазақстан ішкі шекарадағы өткізу пункттерін жаңғыртып жатыр және 2027 жылдың соңына дейін 37 өткізу пунктін жаңарту жұмысы аяқталатын болады.

The Times Of Central Asia: 2026 жылы оңтүстік өңірлерде су тапшылығы болуы мүмкін

4-5 желтоқсан аралығында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев оңтүстік өңірлерді аралап, жергілікті фермерлермен кездесті. Шара барысында трансшекаралық су ағынының қысқаруына байланысты қауіп-қатерлер мен 2026 жылғы ирригациялық маусымда суды тиімді пайдалану шаралары талқыланған. Белгілі болғандай, келер жылы Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарындағы егіндік жерлерде су тапшылығы байқалады. Маңызды ақпарды The Times Of Central Asia бөлісті.

Жоғарыда аталған өңірлердегі ауыл шаруашылығының болашығы Қырғызстаннан бастау алатын Сырдария өзенінің суына тәуелді. Су ресурстары және ирригация министрлігінің дерегінше, биыл Қазақстанның ауыл шаруашылығы секторы ирригациялық маусым ішінде 11,01 миллиард текше метр су тұтынған. Соның ішінде судың 98%-ын елдің оңтүстік өңірлері пайдаланыпты.

Жауапты министрліктердің ақпаратына сүйенсек, 2026 жылы Сырдария өзеніндегі су деңгейі төмендейді, ал вегетациялық маусымда Нарын-Сырдария жүйесіне қауіп төнуі мүмкін.

Қазіргі таңда мемлекет тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелерін енгізу үшін ұңғымаларды бұрғылаған, ирригациялық жабдықтарды орнатқан фермерлерге 80%-ға дейін шығындарын өтеп береді. Сондай-ақ сараланған тариф енгізілді, су үнемдеу технологияларын пайдаланатын фермерлер үшін суға субсидия 60%-дан 85%-ға дейін ұлғайтылды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі күрішке арналған егіс алқабы 70 мың гектардан аспауы қажет екенін ескертті. Себебі күріш – суды көп қажет ететін дақыл.

Euronews: Керқұландар 200 жылдан кейін қазақ даласына оралды

Осыдан 5 мың жыл бұрын Қазақстанның солтүстігінде Ботай мәдениеті салтанат құрды. Тарихшылардың пайымдауынша, дәл осы кезеңде қазақтардың ата-бабалары алғаш рет жылқыны қолға үйреткен. Міне, осы өркениеттің жалғасы болған Пржевальский жылқысы – керқұландар 200 жылдан кейін қазақ даласына қайта оралды. Танымдық ақпаратты Euronews жариялады.

Қазіргі таңда Пржевальский жылқыларын қайтару жобасын «Алтын Дала» (Altyn Dala Conservation Initiative) табиғатты қорғау бастамасының халықаралық серіктестері іске асыруда.

Жылқылардың алғашқы тобы Прагадағы хайуанаттар паркі мен Венгриядағы Хортабадь ұлттық паркінен Қостанай облысындағы «Әліби» реинтродукция орталығына жеткізілді.

– Бізде Пржевальский жылқыларын Қазақстанға жерсіндіру үшін барлық жағдай бар. Пржевальский жылқысын Отанына қайтару – басты парызымыз, өйткені керқұландар – қазақ үшін қасиетті жануар. Олар бұл жерлерде 5 мың жыл бұрын да қоныстанды, – дейді Altyn Dala Conservation Initiative жобасының менеджері, Франкфурт зоологиялық қоғамдастығының (FZS) ветеринары Анна Дорман.

«Алтын Дала» табиғи резерватының аумағына 14 бас Пржевальский жылқысы жеткізілді. Оларды Қазақстанға қайтару жұмыстары 2029 жылға дейін жалғасады.

Соңғы жаңалықтар