Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Samsung бренді, жанар-жағармай тасымалына тосқауыл және әскердегі ЖИ

АСТАНА. KAZINFORM – Апта бойы Қазақстанда саяси-экономикалық жаңалықтар легі толастаған жоқ. Samsung брендімен шығарылатын тұрмыстық техника зауытының жұмысы, әскердегі жасанды интеллект бөлімшесінің ашылуы көп айтылды. Шетелге заңсыз тасымалданатын жанар-жағармайды тежеу мен WhatsApp, Telegram мессенджерлерінің жабылуына қатысты қауесетке жауап ерекше назарға түскен. Аталған ақпараттарды әлемдік басылымдар да жазған болатын. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

баспасөз
Коллаж: Kazinform/ Canva/ wikipedia.org

Anadolu: Билік WhatsApp, Telegram мессенджерлеріне қатысты ақпарат таратты

Қазақстандық БАҚ-та кей әлеуметтік желі бұғатталуы мүмкін деген хабар тарауда. Соған орай ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ресми позициясын білдірген. Белгілі болғандай, елде WhatsApp, Telegramмессенджерлерібұғатталмайды. Министрлік сайтында жарияланған хабарламаны Anadolu ақпарат агенттігі бөлісті.

«БАҚ-та таралып жатқан WhatsApp, Telegram және басқа да шетелдік мессенджерлерді қолдануға тыйым салынады деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Цифрлық даму министрлігі жеке мақсатта шетелдік сервистерді қолдануға еш тыйым салынбайтынын хабарлайды», – деді жауапты ведомство.

Мұндай жаңсақ пікір қазақстандық Aitu мессенджері қолданысқа енетіні туралы хабар тарағаннан кейін шыққан болатын. Ресми жауапта аталған тақырып толық талданған.

«Aitu мессенджерін енгізу бастамасы тек орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор ұйымдарына қызметтік коммуникация үшін ғана ұсынылады. Яғни. мемлекеттік қызметшілер тек жұмыс барысында пайдаланатын қауіпсіз ақпарат алмасуды қамтамасыз ету мақсатында қолданылады. Мақсаты – ақпараттық қауіпсіздік деңгейін арттыру және қорғалған цифрлық ортаға көшу», – делінген хабарламада.

Жаңадан құрылған Aitu мессенджері қызметтік хат алмасудың, жұмыс чаттарының, жедел хабарламалардың және мемлекеттік цифрлық платформалармен байланысудың негізгі құралына айналмақ. Басты артықшылығы – барлық серверлер Қазақстан аумағында орналасады. Демек, деректерді қорғау талабына сәйкес келеді деген сөз. Оған қоса жүйе мемлекеттік органдар үшін сенімді ресурстың біріне айналады.

Министрліктің айтуынша, Aitu шетелдік мессенджерлерді алмастырмайды әрі «кедергі келтірмейді». Ол тек мемлекеттік сектордағы жұмыс процесі үшін қорғалған жүйе сипатында болады.

ТАСС: Samsung тұрмыстық техникасы шығарыла бастады

Қарағанды облысының Саран қаласындағы Silk Road Electronics зауыты Samsung теледидары мен кір жуғыш машинасын шығара бастады. Бұл ауқымды жоба Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы өнеркәсіптік ынтымақтастықтың жемісі болып отыр. Хабарды ресейлік ТАСС жеткізді.

Отандық тұрмыстық техника өндірісінің жетістігіне айналған бастама нарықты қамтуға мүмкіндік береді. Қазір Саран қаласында 2 жыл бұрын ашылған тұрмыстық техника зауыты қарқынды дамып келеді. Кәсіпорында Samsung брендінің қашықтан басқаруға болатын, жуу режимі оңтайландырылған кір жуғыш машинасы мен Smart теледидары шығарыла бастады. Өндіріс халықаралық сапа стандартына сәйкес заманауи желімен жабдықталған.

Кәсіпорынның қуаты жылына 150 мың теледидар, 200 мың кір жуатын машина шығаруға мүмкіндік береді. Биыл 10 мың теледидар және 25 мың кір жуу машинасын шығару жоспарлаған.

Silk Road Electronics зауыты 2023 жылы «Қарағандырезинотехника» кәсіпорнының базасында құрылды. Зауытта бұрын Royal, Shuvaki, Vesta, Artel маркаларымен тұрмыстық техника шығарылған болатын.

Report: Қазақстан шекарадағы бақылауды күшейтпек

Қазақстан мұнай өнімдерінің заңсыз тасымалданыуын тежеу үшін шекара бақылауын күшейтуге ниетті. Мұндай шешім жанар-жағармай нарығындағы жағдайды тұрақтандыруға арналған. Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр сала мамандарымен өткен кеңесте айтқан. Шенеунік сөзін Report ақпарат агенттігі таратты.

Жиында ішкі нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз ету, шекара маңындағы өңірлердегі мұнай өнімдері айналымына бақылауды күшейту мәселелері қаралған. Премьер-министрдің бірінші орынбасары жауапты мемлекеттік органдарға мұнай өнімдерінің заңсыз ағынына жол бермеу, шекарада бақылауды күшейту бойынша егжей-тегжейлі жоспар әзірлеуді тапсырды.

«Бағадағы алшақтық пен логистика тапшылық пайда болуына әкеп соқпауы керек. Бұл мәселе Үкіметтің бақылауында», – деді Роман Скляр.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, нарықтағы жағдай тұрақты, отын қоры жеткілікті.

Оxu: Әскерде жаңа бөлімше құрылды

Қорғаныс министрлігінде жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын енгізуге жауапты мамандандырылған бөлімше құрылды. Қорғаныс министрлігі мәліметінше, жаңа құрылым Қарулы күштердің цифрлық трансформациясының негізгі элементіне айналады. Жаңалықты Оxu.az интернет басылымы жазған.

Бөлімшенің негізгі міндеті – көлемді деректерді талдау, басқаруды автоматтандыру. Сонымен қатар әртүрлі сценарий бойынша модельдеу және қазіргі әскери жағдайда басқару шешімдерін жеделдету назарда болады.

Бөлімше отандық және халықаралық ғылыми-зерттеу орталықтары, жетекші университеттер, салалық IT-компаниялармен ынтымақтаспақ. Бұл тек озық технологияны қорғаныс саласына енгізуге ғана емес, сонымен қатар жасанды интеллектінің әскери қолданыс ұлттық мектебін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«ЖИ енгізу жөніндегі бөлімше құру кадрлық әлеуетті дамытуға да бағытталған: заманауи алгоритмдер мен жүйелермен жұмыс істей алатын офицер-аналитиктер мен цифрлық технологиялар саласындағы мамандарды даярлау жоспарланған», – деп қосты ведомство.

Соңғы жаңалықтар