Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: шетелдік инвестиция, жүк тасымалы және Люксембургпен байланыс
Қазан ортасында Қазақстан жайлы ақпараттар әлемдегі түрлі басылымдарда жиі ұшырасты. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шетелдік инвестициялар жөнінде айтқаны, өзге елдерге жүк тасымалының артқаны, Люксембургпен жүргізілген жаңа келісімдер мен республика аумағындағы ең ұзын көпірдің құрылысы сөз болыпты. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқи аласыз.

Daryo: Қазақстан 400 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартты
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен форумда елдің гүлденуі және қоғамның демократиялық ұмтылыстары бойынша жүргізіліп жатқан саяси реформалар туралы айта келіп, мемлекет 400 млрд доллар шетелдік инвестиция тартқанын тілге тиек етті. Бұл жаңалықты өзбекстандық Daryo басылымы бөлісті.
Әуелі Тоқаев АЭС құрылысы бойынша жақында өткен референдум Қазақстанның демократиялық құндылықтарға адалдығын көрсеткенін атап өтті. Ол сондай-ақ реформалар ішкі тұрақтылықты да, экономикалық өсімді де қамтамасыз ететінін алға тартқан.
Осы орайда Қазақстан тікелей шетелдік инвестиция ретінде 400 млрд доллар тартқаны және 2029 жылға қарай Инвестициялық кеңестің басшылығымен жаңа инвестициялық циклді іске қосу арқылы қосымша 150 млрд доллар тартуды жоспарлап отырғаны айтылды.
– Біз инвесторларға кешенді мемлекеттік қолдау көрсетудің және жедел шешім қабылдаудың маңыздылығын жақсы түсінеміз, – деп мәлімдеген Мемлекет басшысы.
Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдің өңірлік саясатқа және Орталық Азиядағы көршілерімен ынтымақтастықты нығайтуға бейілдігін растаған. Ол өзара іс-қимылды кеңейту өңірдің барлық елдері үшін пайдалы екенін атап өтіп, мемлекет басшылары ынтымақтастығының аясында кейінгі 10 жылда Орталық Азияда елеулі өзгерістер болғанын арқау етті.
Trend: Жүк тасымалдауға өтінімдер 3,5 есе өсті
2024 жылдың үшінші тоқсанында ATI.SU халықаралық биржасының платформасында Қазақстаннан басқа елдерге жүк тасымалдауға түскен өтінімдер саны 3,5 еседен астам өскен. Бұны Trend жария етті.
– 2024 жылдың үшінші тоқсанында ATI.SU платформасында Қазақстаннан басқа елдерге жүк тасымалдауға өтінімдер саны 262 пайызға өсті. Мұндай серпінді екі негізгі экспорттық бағыт – Ресей мен Беларусь. Мәселен, Ресейге тасымалдауға өтінімдер саны бір жылда 263 пайызға және екінші тоқсанмен салыстырғанда 218 пайызға артты. Беларусьқа жүктерді жеткізуге сұраныс бір жыл ішінде 641 пайызға жеткен, – делінген хабарламада.
ATI.SU-дың қазақстандық өкілдігінің директоры Рената Зобованың айтуынша, мұндай өсімнің екі негізгі себебі бар. Біріншіден, екі елдің темір жолдарындағы қуаттылықтың тапшылығынан Қазақстан мен Ресей арасында темір жолмен жүк тасымалдау көлемі төмендеді. Себебі Қазақстанда Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша темір жол тасымалы көлемі өскен. Бірінші жартыжылдықта Қазақстан, Ресей және Беларусь арқылы өтетін еуразиялық темір жол бағытындағы транзиттік жүк ағыны өткен жылға қарағанда 66 пайызға артты. Осының бәрі қазақстандық жеткізушілерді Ресей мен Беларусьқа жүк жеткізу үшін автомобильді белсенді пайдалануға мәжбүрледі. Екіншіден, аталған үш елде де цифрлық логистикалық сервистер белсенді дамуда.
Қалған экспорттық бағыттар бойынша сұраныс 2024 жылдың соңына дейін тұрақты болмақ.
Anadolu: Қазақстан мен Люксембург экономикалық байланыстарды жақсартуға ниетті
Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Люксембургке ресми сапармен барды. Ақпаратты Anadolu агенттігі таратты.
Сапар барысында қазақстандық сыртқы саясат ведомствосының басшысы Люксембург премьер-министрі Люк Фриденмен және Люксембург премьер-министрінің орынбасары, сыртқы істер және сыртқы сауда министрі Ксавье Беттельмен кездесулер өткізді.
Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін, сондай-ақ қаржы технологиялары, «жасыл» энергетика, фармацевтика және көліктік инфрақұрылымдық жобалар арқылы тұрақты даму бағыттарын талқылады. Екі елдің бизнес-қоғамдастығы үшін экономикалық байланыстарды тереңдету және мүмкіндіктерді кеңейту қажеттігі де айтылған.
Премьер-министр Люк Фриден «Люксембург Қазақстанды іскерлік ынтымақтастықтың елеулі әлеуетін ескере отырып, Орталық Азиядағы сенімді серіктес ретінде қарастыратынын» атап өтіп, сондай-ақ экономиканың негізгі секторларын жаңғыртуға, озық технологияларды енгізуде қазақстандық тарапты қолдауға дайын екенін білдірді.
Өз кезегінде Қазақстанның Сыртқы істер министрі Люксембург Қазақстанның Еуропалық Одақтағы маңызды серіктесі болып саналатынын жеткізген.
Тараптар сауда-экономикалық байланыстарды жақсартып, сондай-ақ Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселелеріндегі ынтымақтастыққа назар аударып, Қазақстан мен Еуропалық Одақтың өзара іс-қимылына зер салған. Сонымен қатар, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасқан.
Люксембургтің сыртқы істер министрі Беттель өз елінің Астананың өңірлік қауіпсіздікті нығайтудағы күш-жігерін жоғары бағалайтынын атап өтті. Люксембургтің Қазақстанмен халықаралық қауіпсіздік және орнықты даму мәселелері бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге дайындығы туралы хабарланды.
Кездесу соңында тараптар негізгі өңірлік және жаһандық сын-қатерлерді шешу үшін барлық деңгейдегі екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға және халықаралық ұйымдар шеңберінде белсенді өзара іс-қимыл жасауға ниет танытты.
Жалпы, 2005 жылдан бастап Люксембургтен Қазақстан экономикасына тікелей инвестициялар көлемі 2,9 млрд долларды құрады.
CentralAsia: Қазақстанның ең ұзын көпірінің беріктігін 15 ауыр жүк көлігі сынады
Шығыс Қазақстан облысында ұзындығы 1316 метрлік Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін екі жолақты көпір сынақтан сәтті өтті. Жаңалықты Қазақстанның Көлік министрлігіне сілтеме жасай отырып, CentralAsia бөлісті.
Бұл – әзірге Қазақстандағы ең ұзын көпір саналады. Мықтылығын тексеру үшін жалпы салмағы 450 тонна жүк тиелген 15 самосвал пайдаланылған. Арнайы датчиктер көпірдің қауіпсіздік-нормативтік талаптарға сәйкестігін растап, деформация, діріл және жүктемені бөлу көрсеткіштерін тіркепті.
Көпір облыстың Жарма, Қатонқарағай, Күршім, Көкпекті, Зайсан және Алтай аудандарының арасын жалғайды. Осылайша, өңірлер арасында байланыс жақсарып, үздіксіз көлік қозғалысын қамтамасыз етпек.