Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: ШЫҰ саммиті, Астана декларациясы және Каспийдегі су деңгейі

БАҚ
Фото: Akorda; Kazinform

Шілденің алғашқы аптасында шетелдік медиа агенттіктерде Қазақстан туралы жиі айтылды. 3-4 шілдеде Астанада 700-ден астам шетелдік журналист ат салысқан ШЫҰ саммиті өтті. Әлемдік БАҚ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық ұйымның маңыздылығы туралы айтқан сөзін жарыса жазды. Сондай-ақ ұйымға тағы бір елдің қосылуы, Астана декларациясын қабылдау, Каспий теңізіндегі ахуал туралы айтылды. Шетелдік баспасөздің не жазғанын Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

Trend: Президент Тоқаев ШЫҰ бастамаларын жандандырудың маңызын атап өтті

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің алдында ұйымның қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі өзекті міндет тұр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл мәлімдемесін Trend бөлісті.

– Қарқынды жаһандық өзгерістерге байланысты біздің алдымызда ШЫҰ қызметін одан әрі жетілдіруге бағытталған маңызды міндет тұр. Ұйым аясының кеңею үдерісі жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, оны дамытуға тың серпін береді. Еліміз ШЫҰ-ға төраға ретінде Ұйымды ынтымақтастықтың бұдан да тиімді әрі көпжақты механизміне айналдыруды көздейтін теңгерімді ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, біз ШЫҰ Хатшылығы мен Бас хатшының рөлін күшейтуді құптаймыз, – деп келтірді ҚР Президентінің сөзін.

Сондай-ақ басылым Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымының болашағына оптимизммен қарайтынын жеткізген.

– Біз Шанхай ынтымақтастық ұйымының келешегінен үміт күтеміз. Қазір біз қол қоятын құжаттар ШЫҰ аясындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашатынына, Ұйымның жүйелі әрі жан-жақты дамуына септігін тигізетініне сенімдімін, – деген Тоқаев.

Daryo: Каспий теңізіндегі су деңгейі 119 см көтерілді

«Каспий теңізінің солтүстік-шығыс бөлігіндегі су деңгейі 2024 жылдың басынан бері 119 сантиметрге көтерілген» деп жазды өзбекстандық Daryo Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.

Сәуір-мамырда Жайық өзеніне тасқын құйылуы Каспий теңізінің солтүстік-шығыс бөлігіндегі су деңгейінің көтерілуіне негізгі себеп болған. Жалпы алғанда, Каспийге Жайық өзені арқылы 7,4 млрд текше метрге жуық тасқын су келіпті.

Тасқын суды теңізге неғұрлым тиімді бағыттау үшін «Қазсушар» қосымша арналарды пайдаланып, Каспийге тағы 350 млн текше метр су жеткізген.

– Су тасқыны басталғалы Балқаш көліне 3,3 млрд текше метр су жіберілді. Бұдан басқа, солтүстік Аралды белсенді толтыру жалғасуда, жыл басынан бері оған 1,1 млрд текше метрден астам су келді, – деген Су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.

Дереккөздің хабарлауынша, Арал теңізінің солтүстік бөлігінде де су көлемі көбейіп жатыр.

Anadolu: Астанадағы саммитте Шанхай ынтымақтастық ұйымы декларация қабылдады

ШЫҰ мемлекет басшыларының 24-ші саммитінде Астана декларациясы қабылданды. Бұл жөнінде түркиялық Anadolu агенттігі хабарлады.

Декларацияда ұйымның неғұрлым өкілетті, демократиялық, әділ және көпполярлы әлемдік тәртіпті құруға бейілдігі атап өтілген. Астана декларациясына сәйкес, ұйым аясындағы ынтымақтастық Еуразиядағы тең құқықты және бөлінбейтін қауіпсіздік архитектурасына негіз бола алады.

Басылымның ақпаратына қарасақ, құжатта ШЫҰ-ның жаһандық бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөлін күшейтудің маңыздылығы айтылған. Сондай-ақ жаңа әділ, демократиялық, саяси және экономикалық халықаралық тәртіп сақталады. Декларацияда аумақтық тұтастық, ішкі істерге араласпау және күш қолданбау қағидаттары халықаралық қатынастар үшін маңызды болып саналатыны жазылған.

Сонымен қатар декларацияда ұйымға мүше мемлекеттердің дауларды диалог және консультациялар арқылы бейбіт жолмен реттеуге бейілділігі расталған. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер саяси және әлеуметтік-экономикалық даму жолдарын өз бетінше таңдау құқығын құрметтеу қажеттілігі де атап өтілді.

The Tehran Times: ШЫҰ Еуразияның дамушы елдерінің экономикалық ынтымақтастығының қозғаушы күшіне айналады

Бұл жаңалықты ирандық Tehran Times газеті жазды. Газет мақаласында қауіпсіздік саласындағы шиеленістің өсу үрдісі, әлемдік экономикадағы протекционизмнің өсуі және жоғары технологиялар саласындағы бәсекелестіктің күшеюі атап өтілген.

Осы сын-қатерлердің барлығы ұйымның күн тәртібіндегі экономикалық ынтымақтастықтың, әсіресе, сауда мен қаржы секторындағы ынтымақтастыққа, сондай-ақ инвестициялар ағынын үйлестіруге және жұмыс күшінің көші-қонына қатысты маңыздылықты арттыру үшін ШЫҰ мүшелерінен күш-жігерді талап етеді.

Экономикалық интеграция саласында ШЫҰ Еуразияның дамушы экономикалары үшін негізгі тұғырнамаға айналуы мүмкін.

Tehran Times атап өткендей, ШЫҰ-ның кеңеюі кейінгі бірнеше жылда БРИКС-тің кеңеюімен қатар жүрді. Бұл болашақта ШЫҰ мен БРИКС-тің неғұрлым тығыз байланысуына мүмкіндік туғызады.

ШЫҰ қаржы секторында Еуразиядағы ірі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру үшін тұғырнама әзірлеу қажет. Бұл мәселе алдағы уақытта талқылануы мүмкін. Тағы бір болжамды нұсқа – ШЫҰ даму банкі басқа да даму институттарының Еуразиядағы «инфрақұрылымдық алшақтықты» еңсеру жөніндегі күш-жігерін толықтыратын болады.

Соңғы жаңалықтар