Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Тоқаевтың сұхбаты, Вице-президент, Қырғызстанға мұнай тасымалдау
АСТАНА. KAZINFORM – Осы аптада әлемдік басылымда Қазақстан жайлы ақпарат жиі ұшырасты. Соның ішінде Мемлекет басшысының «Синьхуа» агенттігіне берген эксклюзивті сұхбаты, Лаос президенті Тхонглун Сисулиттің елімізге жасаған ресми сапары айтылған. Осы аптада тағайындалған Вице-президент пен Үкімет мүшелері кім екені және Қырғызстанға мұнай транзиті қалай басталғаны туралы да жазылыпты. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.
Reuters: Тоқаев вице-президентті тағайындады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дүйсенбі күні Ерлан Каринді вице-президент қызметіне тағайындады. Бұл лауазым биыл Қазақстанда қабылданған жаңа Конституцияға сәйкес құрылған болатын. Ақпаратты Reuters жазған.
Карин терроризмге қарсы күрес саласында тәжірибеге ие және 2019 жылдан бері Тоқаевтың бас кеңесшісі қызметін атқарды.
ТАСС: Үкімет құрамы жасақталды
Қазақстанда Үкімет құрамы қайта жасақталды. Оның құрамына 25 адам кірген. Үкіметтегі кадрлық өзгеріс жайлы ресейлік ТАСС тарқатты.
Үкіметті Олжас Бектенов басқарады, ал Премьер-министрдің бірінші орынбасары ретінде Нұрлыбек Нәлібаев қайта тағайындалған. Премьер-министрдің орынбасарлары қатарында Ғалымжан Қойшыбаев, Қанат Бозымбаев, Серік Жұманғарин, Жаслан Мәдиев бар.
Сыртқы істер министрі қызметіне Мұхтар Тілеуберді, мәдениет және ақпарат министрі лауазымына Арман Қырықбаев, төтенше жағдайлар министрі қызметіне Мұрат Мұханов, экология және табиғи ресурстар министрі қызметіне Әлібек Қуантыров тағайындалды.
Өзге министрер өз лауызымында қалды.
Caspian Post: Лаос президенті ресми сапармен келді
Қазақстанға Лаос Президенті Тхонглун Сисулит ресми сапармен келді. Мәртебелі мейманды Мемлекет басшысы Тәуелсіздік сарайында қарсы алды. Ақпаратты Caspian Post бөліскен.
Қос ел президенті бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берген соң екі мемлекеттің әнұрандары шырқалды.
Кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тхонглун Сисулит шағын құрамда келіссөз жүргізді.
Xinhua: Қазақстан Қытаймен мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті нығайтуға дайын
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Синьхуа агенттігіне жазбаша сұхбат берді. Мемлекет басшысы Астана мен Бейжіңнің стратегиялық байланысы, әсіресе экономика, білім беру, жасанды интеллект, цифрландыру, туризм, тарих саласындағы ынтымақтастықты қаузаған.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның «Біртұтас Қытай» саясатын берік ұстанатынын және мемлекеттердің аумақтық тұтастығы қағидатының бұзылуына қарсы екенін атап өтті. Қазақстан БҰҰ, ШЫҰ және АӨСШК аясында Қытаймен өзара үйлесімді жұмысты жалғастырады. Сондай-ақ «Орталық Азия — Қытай» форматындағы ынтымақтастықты толық қолдайды.
– Қазақ халқы «Жолы бірдің — жүгі бір» дейді. Екі ел арасындағы дәл осындай қарым-қатынас халықтарымыздың түпкі мүдделеріне сай келеді әрі бүкіл Еуразия кеңістігіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін маңызды фактор саналады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Jiji Press: Қазақстан Қырғызстанға мұнай транзитін бастады
«ҚазТрансОйл» тамыз айында Қазақстан аумағы арқылы Қырғызстанға 35 мың тонна мұнай тасымалдаған. Компанияның ресми мәліметін жапондық Jiji Press таратты.
«ҚазТрансОйл» – магистральдық мұнай құбырларының ұлттық операторы. Компанияның басқаруындағы құбыр желісінің жалпы ұзындығы 5,4 мың шақырымды құрайды. Қазір Ресей мұнайы магистральдық құбырлар жүйесі арқылы «ҚазТрансОйл» иелігіндегі мұнай құю пунктіне жеткізіліп, одан әрі теміржол цистерналарына тиелуде.
Қырғызстан бағыты бойынша мұнай транзитінің іске қосылуы Қазақстан аумағы арқылы мұнай жеткізудің жаңа бағытын ашып, «ҚазТрансОйл» көрсететін тасымалдау қызметінің ауқымын кеңейтпек.