Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Украинамен байланыс, «Ақылды қала» және металлургия комбинаты

Ақпанның соңғы аптасында әлемдік медиада Қазақстанға қатысты жаңалық толастамады. Әсіресе Каспий құбыр консорциумына (КҚК) жасалған шабуыл, оның экономикалық зардабын жарыса жазды. Көктемде құрылысы басталатын металлургия комбинаты, қазақ-қырғыз саяси қатынасының жаңа деңгейі назардан тыс қалмаған. Бұл қатардан Астананың «ақылды қалаға» айналу жолын да көруге болады. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Украинамен байланыс, «Ақылды қала» және металлургия комбинаты
Фото: Kazinform / РИА Новости

TACC: Қазақстан құбырға жасалған шабылдан кейін Украинамен тілдесті

Украина әскери дрон арқылы Каспий құбыр консорциумының (КҚК) «Кропоткинская» мұнай айдау станциясына (МАС) шабуыл жасағаны белгілі. Оқиғадан соң Қазақстан билігі Украина тарапымен дипломатиялық арналар арқылы консультациялар өткізген. Қазірдің өзінде екі елдің сыртқы саяси ведомстволары өзара ақпарат алмасуда. ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің тақырыпқа қатысты брифингте айтқан мәліметін ресейлік TACC таратты.

– Әрине, консультациялар дипломатиялық арналар арқылы жүргізілді. Қазіргі уақытта зақымданған нысандарды қалпына келтіру кәсіпорынның қаражаты есебінен жүзеге асырылуда. Біздің сыртқы істер министрлігі Қазақстанның мүддесін қорғайтынына сенімдімін, – деді Сәтқалиев украин тарапымен жасалған байланыс туралы.

Еске сала кетейік, 17 ақпанда КҚК-ның ірі станциясы – «Кропоткинская» станциясына Украина тарапы шабуыл жасады. Белгілі болғандай, соққыны жарылғыш заттар мен металл зақымдаушы элементтер толтырылған ұшақ үлгісіндегі жеті ҰҰА арқылы жасаған.

Бұған дейін халықаралық консорциумның ресейлік акционері «Транснефть» станцияның зақымданғанын әрі оны жөндеу 1,5-2 айға созылуы мүмкін екенін айтқан болатын. Осы аралықта аталған құбыр арқылы Қазақстан мұнайын өткізу 30 пайыз кемиді деген болжам айтылды. Қазір Теңіз-Новороссийск магистральды мұнай құбыры бойынша мұнай тасымалдау «Кропоткинская» МАС-ын айналып өтіп, уақытша авариялық схема бойынша жүзеге асырылуда.

Компанияның Новороссийск маңындағы теңіз терминалында шикізат экспорттау штаттық режимде жүріп жатыр. КҚК қысқа мерзім ішінде станцияның жұмысын қалпына келтіру және мердігерлермен бірлесіп жөндеу жұмысын жоспарлап отыр.

Report: Көктемде металлургия комбинатының құрылысы басталады

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Қытайдағы жетекші металлургия компанияларының бірі Fujian Hengwang Investment Co., Ltd компаниясының басқарма төрағасы Цзэн Чжаоцянмен кездесті. Шара барысында Жамбыл облысындағы Jibek Joly арнайы экономикалық аймағында қуаты 3 млн тонна болат өндіретін металлургия комбинатын салу жобасы талқыланды. Қытайлық инвестор 1,2 млрд АҚШ долллары болатын жобаның шеңберінде 2,5 мың жұмыс орны ашылады деп жеткізген. Комбинат құрылысы биыл сәуір айында басталады деп жоспарланған. Бұл ақпаратты Report ақпарат агенттігі бөлісті.

Инвестордың жоспарына сәйкес, бірінші кезеңде 2027 жылы өндіріс қуаты 1 млн тоннаны құраса, ал инвестиция көлемі 160,2 млрд теңгеге жетеді. 2029 жылға қарай өнім шығару 3 млн тоннаға дейін артып, қосымша инвестиция көлемі 312,8 млрд теңгені құрайды.

Өндіріске Қарағанды, Қостанай және Ұлытау облыстарында өндірілетін табиғи газ және темір рудалары, әктас пайдаланылады. Нәтижесінде, кәсіпорында созба сымдар, арматура, құбыр өндірісіне арналған жолақты болат, бұрышты және профилді болат секілді өнімдердің кең ауқымын шығару жоспарланып отыр. Жобаны іске асырудың екінші кезеңі аясында металлургия зауытының қажетін қамтамасыз ету үшін қуаты 350 МВт газ турбиналы электр стансасын салу көзделген, оған инвестор 201,3 млрд теңге қаржы бөлмек.

Fujian Hengwang Investment Co., Ltd компаниясының басқарма төрағасы кәсіпорында темірді тікелей қалпына келтіру технологиясы (DRI) енгізілетінін айтты. Бұл қазақстандық металлургияның бәсекеге қабілеттілігін арттырмақ.

Trend: Қазақ-қырғыз ынтымақтастығының басым бағыты талқыланды

Астанада Премьер-министр Олжас Бектенов пен Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Адылбек Қасымалиев шағын құрамда келіссөз жүргізді. Кездесу барысында Жоғары мемлекетаралық кеңестің VІІ отырысын және ІІ өңіраралық форум өткізу мәселесі талқыланған. Жаңалықты Trend жариялады.

Тараптар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров арасында қол жеткізілген уағдаластықтың жүзеге асырылу барысын қарады. Онда сауда-экономикалық, инвестициялық, транзиттік-көлік, су-энергетикалық, туристік, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері қамтылған. Сонымен қатар шара барысында Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастықтың кешенді жоспары сараланды.

Айта кетейік, қазіргі таңда қос мемлекет тиімді саяси қадамдар жасап жатыр. Мысалы, транзиттік-көлік саласында қазақ-қырғыз шекарасының өткізу қабілетін арттыру бойынша кешенді шара іске асырылуда. Шекарада «Ақсу» – «Камышановка» және «Бесағаш» – «Кичи-Капка» бекеттері сияқты автомобиль өткізу пункттерін жаңғырту және кеңейту жұмысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ «Сортөбе» – «Токмок» және «Ауқатты» – «Кен-Булун» өткізу бекеттерін дамыту жоспарланған.

Euronews: Цифрлық инновация Астананы қалай өзгертеді?

Euronews арнасының East-West Connect айдарында елордадағы «Ақылды қала» жобасы талқыланыпты. Бағдарламада цифрлық жобалардың қаланың тұрақты даму моделіне әсері талданып, жоба Орталық Азия экономикасына қалай ықпал ететіні зерттелген екен.

Қазақстан қаланы жақсарту және экономикалық өсімді ілгерілету үшін «ақылды қала» инновацияларын енгізбек. Астанада жасанды зейін, 5G және цифрлық көлік жүйелері секілді технологиялар қолданылуда. Арнаның айтуынша, бұл қадам шаһардағы тұрақтылық пен тиімді өркендеуге септігін тигізіп отыр.

Басым бағыт ішіне автобустарды нақты уақытта қадағалау, электр көлігі және қалалық қызметтерге арналған супер қосымша мүмкіндіктері айтылған. Жобалар тұрғындардың күнделікті өмірін өзгертіп, экологиялық және экономикалық шешімдерге жол ашыпты. Astana Innovations қолдаған бастамалар ақпараттық технология саласындағы мамандарға сұраныс арттырғанын әрі бизнес үшін жаңа мүмкіндік туғызғаны байқалады.

«2050 жылға қарай жер бетінде халық саны 9,7 млрд адамға жетуі мүмкін. Ал алдағы 5 жылда қазақстандықтардың саны 24 млн адамға жетуі ықтимал. Халық саны көбейсе, қаладағы тұрғын қатары да артпақ. Сондықтан транспорт, энергетика, денсаулық сақтау, білім беру, жасанды зейін салаларын дамыту маңызды. 2029 жылы «ақылды қалалар» арқылы Еуропа – 23,5 млрд еуро, Азия – 42,6 млрд еуро табыс табады деген болжам бар», – делінген бағдарламада.

Соңғы жаңалықтар