Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: ЮНЕСКО-дағы беташар, алтын көлемі, Шолпан-атаға жол және тойтарылған теракт
Бұл аптада әлемдік медиада Қазақстан хабары көбейді. Президенттің ҚХР елшісін қабылдауынан басталған ақпар елдегі алтын көлемі, Қырғызстанмен байланыс секілді жаңалықтарға жалғасқан. «Беташар» салтының ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енуі мен ҰҚК мамандарының террористік актінің алдын алғаны да айтылыпты. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

Daryo: Қазақстанда алтын қоры қазіргі өндіріс көлемінен асады
Қазақстандағы уран, алтын, мұнай, газ секілді стратегиялық ресурстар көлемі артып келеді. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев елдегі барланған алтын қоры қазіргі өндіріс көлемінен асатынын және алтынның орнын толтыру коэффициенті 1,2 екенін айтқан. Министр мәліметін өзбекстандық Daryo сайты таратты .
Министр Қазақстанның минералдық-шикізаттық базасында қатты пайдалы қазбалардың 987 кен орны бар екенін, оларды барлау динамикасы артқанын атап өтті. Оған қоса мыстың орнын толтыру коэффициенті 0,7-ге тең екен, тіпті жер қойнауын пайдаланушылар мыс болуы ықтимал аймақтарда барлау жұмыстарын жүргізуде.
Сондай-ақ сирек кездесетін металдары геологиялық барлаудың перспективалы бағыттары айқындалыпты. Сирек кездесетін металдар өнеркәсібін дамытуға бағытталған жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу аясында 12 учаскеде іздестіру жұмысы басталған.
«Бүгінгі таңда қоры 800 мың тоннаға жуық сирек жер металдарын құрайтын Күйректікөл учаскесінің келешегі туралы мәліметтер бар», – деді Қанат Шарлапаев.
Айта кетейік, Қазақстан 2024-2028 жылдары сирек кездесетін металдар өндірісіне инвестиция тарту көлемін 40 пайызға жеткізбек. Бұл Қытайдың сирек металдар өндірісіне бәсеке болып, әлемдік нарықтағы позициясын бекіте түседі.
CentralAsia: Президент Қытай елшісін қабылдады
Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшісі Чжан Сяоны қабылдап, екі ел арасындағы берік достық пен тату көршілік қатынас туралы пікір білдірген. Кездесу барысында елшіге II дәрежелі «Достық» орденін табыстағанын әрі оның екіжақты стратегиялық серіктестікті дамытудағы рөліне оң баға бергенін байқаймыз. Ақпаратты CentralAsia жазды.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел қарым-қатынасы қарқынды даму сипатына көшкенін атап өтті. Белсенді саяси диалог сауда-экономикалық байланыстардың өсуіне, мәдени және білім беру бағдарламасының ұлғаюына, ғылыми жобалардың іске асуына түрткі болғанын атаған. Халықаралық аренада екі мемлекет БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК және «Орталық Азия – Қытай» форматы шеңберінде белсенді ынтымақтасып келеді.
Trend: «Алматы – Шолпан-Ата» маршруты әзірленеді
Қазақстан мен Қырғызстан «Алматы – Ұзынағаш – Қастек – Михайловка – Шолпан-Ата» жаңа бағытының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жөнінде шешім қабылдады. Бұл қадам Бішкек қаласында өткен қазақ-қырғыз Үкіметаралық кеңесінің 12-ші отырысында нақтыланған. Азия даму банкінің гранты есебінен жүзеге асатын маршруттың ұзындығы 280 шақырым болмақ. Trend басылымы жоба туралы тақырыпты тарқатыпты.
Отырыста айтылғандай, бірқатар зерттеу мен жобаға бастау болған «Алматы – Бішкек экономикалық дәлізі» (АБЭД) бастамасы да назарда болмақ. Себебі жобада денсаулық сақтау, агробизнес, климаттық өзгеріс көліктік байланысы, ауа сапасын жақсарту, туризмді дамыту секілді бағыттар қамтылған болатын.
Оған қоса Қазақстан-Қырғызстан мемлекеттік шекарасында автомобиль өткізу пункттерін дамыту жөніндегі Жол картасы іске асады деген болжам бар. Әзірге бірлескен 7 өткізу пунктін жаңғырту көзделген. Қазақстан тарапы бұл жұмысты заманауи және автоматтандырылған бақылау-тексеру жүйелерін енгізу арқылы жүргізуді жоспарлап отыр.
Кеңес қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа, олардың арасында Ауыл шаруашылығы өнімдерін өзара жеткізуді ұлғайту жөніндегі жол картасы, Туризмді дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұдан басқа, Ыстықкөл облысының аумағында орналасқан курорттық-рекреациялық шаруашылық нысандарына қатысты Қазақстанның меншік құқығын реттеу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
ТАСС: ҰҚК 4 терактінің алдын алды
Ұлттық қауіпсіздік комитеті 4 террористік актінің алдын алып, терроризм мен экстремизмге қатысы бар 44 адамды құрықтаған. Мұны Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаевқа ведомствоның жыл басынан бері атқарған жұмысын баяндаған ол терроризм мен экстремизм бойынша 84 адам сотталғанын да айтты. Жаңалықты ресейлік ТАСС ақпарат агенттігі бөлісті.
«Лаңкестік сипаттағы қылмыс жасады деген күдікпен іздеуде жүрген қазақстандық 6 азамат Сирия мен Түркиядан экстрадицияланды, олардың екеуі сотталды. Терроризм мен экстремизмге қатысы бар 824 шетелдіктің Қазақстанға кіруіне жол берілмеді.
Есірткі өндіретін 33 зертхана, оны тасымалдайтын 35 халықаралық және 31 өңірлік арна жойылды. Сондай-ақ 3,2 тонна есірткі құралдары және психотроптық заттар, 4,5 тонна көкнәр шикізаты, 18,8 тонна прекурсорлар тәркіленді. Есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қатысы бар 162 адам сотталды», – делінген мәліметте.
Сонымен қатар ҰҚК Ішкі істер министрлігімен бірлесу нәтижесінде 19 ұйымдасқан қылмыстық топты әшкерелеп, 60 адамды қамаған. Заңсыз айналымдағы 505 атыс қаруы, 5 қолдан жасалған жарылғыш құрылғы, 45 жарылғыш топтама және 15 046 оқ-дәрі тәркіленген көрінеді.
Anadolu: «Беташар» салты – ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізімінде
Парагвайда өткен ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Үкіметаралық комитетінің 19-сессиясында «Беташар» салты Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енді. Аталған сессияда ЮНЕСКО 58 ұсынысты қарастырып, олардың арасында «Беташар» номинациясы мақұлданды. Жағымды жаңалықты Anadolu ақпарат агенттігі жеткізді.
«Беташар – қазақ халқының рухани мұрасындағы ең әсерлі және кең таралған салттарының бірі. Оның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының ажырамас бөлігі ретінде мойындалуы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан баға жетпес дәстүрлерді зерттеу, сақтау және насихаттау бойынша ортақ әрекетімізді одан әрі нығайтуға тамаша мүмкіндік береді», – деп атап өтті Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов.
ҚР Сыртқы істер министрлігі «Беташар дәстүрлі үйлену салты» номинациясын ЮНЕСКО-ның қарастыруына ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен енгізген болатын.
Осылайша, ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраның репрезентативтік тізіміне Қазақстанның қатысуымен енгізілген элементтер саны 14-ке жетті. Олардың алтауы ұлттық сипатқа ие: «Домбырамен күй орындау өнері», «Қазақ күресі», «Асық ату», «Қазақ жылқышыларының көктемгі мерекелік салттары», «Ортеке» және «Беташар». Сегіз элемент бірнеше мемлекеттің ортақ мәдени мұрасына жатады: «Киіз үйді жасау», «Айтыс», «Наурыз», «Қатырма», «Қорқыт ата мұрасы» және «Тоғызқұмалақ», «Құсбегілік», «Қожанасырдың әзілдері».