Әлемдік экономикаға төнген жаңа қауіп: хуситтер Моха портын басып алды

АСТАНА. KAZINFORM – Иран қолдайтын йемендік хуситтер соңғы күндері Баб-эль-Мандеб бұғазы маңында ауқымды жерүсті шабуылын бастап, бейсенбі күні бұғазға жақын орналасқан Моха портын басып алды. Қақтығыстың ушығуы әлемдік мұнай нарығына да әсер етіп, сәрсенбіде мұнай бағасы барреліне 100 доллардан асты. Бұл туралы ВВС жазды.

Әлемдік экономикаға төнген жаңа қауіп: Йемендегі хуситтер Моха портын басып алды
Фото: regionsamara.ru

Қызыл теңіздегі Баб-эль-Мандеб бұғазы – Парсы шығанағы, Азия мен Еуропаны байланыстыратын әлемдегі негізгі сауда жолдарының бірі. Таяу Шығыстағы соғыс жағдайында оның маңызы арта түсті, өйткені бұғаз Сауд Арабиясының мұнай экспортында маңызды рөл атқарады.

Хуситтердің қарқыны

Бейсенбі күні халықаралық агенттіктер Йемен билігіне сілтеме жасап, хуситтердің бұғаздан 80 шақырымға жетпейтін жерде орналасқан Моха қаласын басып алғанын хабарлады. AFP агенттігіне тұрғындар хусит жасақтарының қалаға кіргенін растады. Куәгерлердің айтуынша, қарулы топ мүшелері «Америкаға өлім, Израильге өлім!» деп ұрандатқан.

Қақтығыс бір аптадан бері жалғасып жатыр. AFP мәліметінше, осы уақыт ішінде 500-ден астам адам қаза тапқан. Олардың басым бөлігі әскери қызметкерлер мен қарулы жасақ мүшелері. Сонымен қатар 18,5 мың адам үйлерін тастап, қауіпсіз жерге көшуге мәжбүр болды.

Хуситтердің шабуылы Сауд Арабиясының аумағына жасалған соққылармен қатар жүріп жатыр. Сауд Арабиясы бастаған коалицияның мәліметінше, көтерілісшілер Абха, Хамис-Мушайт және Жизан қалаларына баллистикалық зымырандар мен дрондармен шабуыл жасаған. Корольдіктің оңтүстігіне жасалған соңғы шабуылдардың бірінен 73 бейбіт тұрғын зардап шекті.

Қарымта соққы

Эр-Рияд бұған жаппай әуе соққыларымен жауап беріп келеді. Хуситтердің мәлімдеуінше, Сауд Арабиясының авиациясы соңғы бірнеше сағаттың өзінде Таиз, Ходейда, Эль-Джауф және Мариб провинцияларына шамамен 40 соққы жасаған.

Аптаның басында хуситтер Сауд Арабиясын түрмеге әуеден соққы берді деп айыптаған. Йемен Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, шабуыл салдарынан 32 адам қаза тауып, көптеген тұтқын үйінді астында қалған.

Қазіргі эскалация 2022 жылдан бері Йемендегі азаматтық соғысты тежеп тұрған әлсіз бітімнің біржола бұзылу қаупін күшейтті. Қақтығыс 2014 жылы хуситтердің ел астанасы Сананы басып алуынан басталған. 2015 жылғы наурызда соғысқа Сауд Арабиясы бастаған коалиция араласты.

Бүгінде хуситтер Йемендегі ең ірі әскери күш болып отыр. Reuters агенттігінің бағалауынша, олар ел халқының 60–65 пайызы тұратын аумақты бақылауында ұстайды.

Айта кетейік, бұған дейін БҰҰ өкілі Йемен соғыстың жаңа әрі қауіпті кезеңіне өткенін мәлімдеп, дабыл қаққанын жаздық.

Сондай-ақ Йемен үкіметінің әскері хуситтерге қарсы шабуыл бастағаны хабарланды.