Әлемдік какао дағдарысы: Қазақстанның шоколад нарығында не өзгерді
АСТАНА. KAZINFORM – Осыдан бірнеше ғасыр бұрын шоколад бүгінгідей тәтті десерт емес, ащы сусын болған. Ал қазір ол - миллиардтаған доллар айналымы бар жаһандық нарықтың маңызды өнімдерінің бірі. Какао тапшылығы мен өнімнің қымбаттауы және халықаралық саудадағы өзгерістер Қазақстандағы шоколад өндірісіне, сыртқы саудасына және тұтыну көлеміне де ықпал етіп отыр. Бүгін әлемнің көптеген елінде аталып өтетін Дүниежүзілік шоколад күні отандық нарықты саралап көрдік.
Сусыннан тақтайшаға дейін
Шоколадтың тарихы үш мың жылдан асады. Орталық Американың ежелгі майялар мен ацтектер өркениеті какао бұршақтарынан сусын дайындаған. Какаоны ерекше құнды өнім деп бағалап, айырбас құралы ретінде де пайдаланған. Ол кездегі шоколадтың бүгінгі тәтті тақтайшаға ұқсастығы аз еді. Түрлі дәмдеуіш қосылған бұл сусынның дәмі ащылау болған.XVI ғасырда испан саяхатшылары какаоны Еуропаға алып келді. Кейін оған қант қосылып, дәмі біртіндеп өзгере бастады.
Ал XIX ғасырда өндіріс технологиясының дамуы шоколадты фабрикаларда көп көлемде шығаруға мүмкіндік берді. Осылайша бір кездері сирек кездесетін әрі қымбат саналатын сусын уақыт өте келе көпшілік тұтынатын тәттіге айналды. Қазір шоколад әлемдегі ең танымал кондитерлік өнімдердің бірі саналады.
Шоколад неге қымбаттады
Шоколадтың негізі — какао-бұршақтары, ал какао әлемнің санаулы ғана елінде өседі. Алқаптың 60%-дан астамы Кот-д’Ивуар мен Ганада. АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігінің (USDA) мәліметінше, 2023-2024 жылдары осы елдердегі какао өнімі қолайсыз күн райы мен плантациялар өнімділігінің төмендеуіне байланысты айтарлықтай азайған. Салдары — әлемдік нарықта какао тапшылығы туындап, оның бағасы күрт өсті. Халықаралық какао ұйымы (ICCO) 2025 жылғы нарыққа шолуында Батыс Африкадағы екі маусым қатарынан болған өнім тапшылығынан бағаның бұрынғы жылдармен салыстырғанда жоғары деңгейде қалып отырғаны айтылады.
Әлемдік нарықтағы какао тапшылығы бағаның өсуіне ғана емес, шоколад өндірісіне деген көзқарастың өзгеруіне де себеп болып отыр. Тапшылық өндірушілерді жаңа шешім іздеуге мәжбүрледі. Егер бұрын негізгі назар какао бағасына аударылса, қазір бірқатар компания өнімнің құрамын қайта қарастыра бастаған. Мәселен, азық-түлік индустриясына маманданған халықаралық FoodNavigator басылымының мәліметінше, ірі компаниялар мен стартаптар ферментация технологиялары мен какао баламаларын дамытуға инвестиция салып отыр. Кейбір өндіруші күнбағыс дәні, бұршақ тұқымдастар, кэроб және басқа да өсімдік негізіндегі шикізаттан шоколадқа ұқсас өнімдер әзірлеп жатыр.
Соған қарамастан, халықаралық сарапшылар мұндай технологиялар әзірге өндіріс шығынын толық өтей алмайтынын айтады. Бұл үрдіс Қазақстандағы шоколад бағасына да ықпал етіп отыр.
Қазақстан шоколадына сыртқы сұраныс артты
Әлемдік нарықтағы күрделі жағдайға қарамастан, қазақстандық өндірушілер шетелге өнім шығаруды тоқтатқан жоқ. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы төрт айында Қазақстан 8,7 мың тонна шоколад экспорттап, одан 50,8 млн АҚШ доллары көлемінде табыс тапты. Сыртқы нарықтағы үлестің біртіндеп артуы өндірушілердің іргелес елдердегі позициясы нығая бастағанын көрсетеді.
Экспорт географиясына қарасақ, Қазақстан шоколады негізінен ТМД елдеріне жөнелтілген. Ең ірі сатып алушылардың қатарында Ресей мен Әзербайжан бар. Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан сияқты Орталық Азияның өзге де елдеріне жеткізіледі.
Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, бұл елдермен логистикалық байланыс жақсы жолға қойылған. Жол жақындығы тасымалдау шығындарын азайтып, өнімнің бағасын бәсекеге қабілетті етеді. Екіншіден, Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болғандықтан, Ресеймен саудада кедендік рәсімдер жеңілдетілген. Ал Орталық Азия мемлекеттерімен көп жылдан бері қалыптасқан сауда байланыстары экспорттың тұрақты сақталуына мүмкіндік береді.
Экспорт көлемінің сақталуы Қазақстанның шоколад өндірісі ішкі сұраныспен ғана шектелмейтінін және алдағы уақытта географияны кеңейтуге әлеует бар екенін білдіреді.
Импорт көлемі азайды
Қазақстан шоколад өнімдерін сырттан да көп көлемде сатып алады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы қаңтар–сәуірде 168,3 млн АҚШ долларына 27,2 мың тонна шоколад пен құрамында какаосы бар дайын өнім импортталған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда импорттың ақшалай көлемі 23,5 пайызға артқанымен, физикалық көлемі 1,6 пайызға азайған.
Қазақстанға импортталатын шоколадтың басым бөлігі Ресейден жеткізіледі. Мысалы, есепті кезеңде 19,6 мың тонна өнім әкелінген. Одан кейінгі орындарда Украина, Түркия, Қытай, Германия, Иран, Аустрия, Италия, Беларусь, Бельгия, Польша және Болгария тұр.
Жекелеген бағыттар бойынша өсім де байқалады. Мәселен, Ираннан импорт көлемі 10,5 есеге, Бельгиядан 1,5 есеге, ал Қытайдан 43 пайызға артқан. Керісінше, Украинадан жеткізілетін өнім көлемі 1,9 есе, Болгариядан 31 пайызға, Германиядан 24 пайызға азайған.
Қазақстандықтар шоколадты аз жей бастады
Өзгеріс сыртқы саудада ғана емес, ішкі нарықта да байқалады. DATA HUB аналитикалық Telegram-арнасы Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйеніп жасаған талдауға сәйкес, 2025 жылдың үшінші тоқсанында бір тұрғын орта есеппен 195 грамм шоколад тұтынған. Бұл — алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда 21%, ал бір жыл бұрынғыдан 24% аз. Шоколадпен қапталған кәмпиттерді тұтыну да бүкіл бақылау кезеңіндегі ең төмен деңгейге түскен.