Әлемнің алпауыт елдері де тұйыққа тірелген банктеріне қолдау көрсетіп отыр
АСТАНА. Ақпанның 16-сы. ҚазАқпарат - Әлемді жайлаған қаржы дағдарысы ең әуелі қаржы институттарына соққы болып тигендіктен, мемлекеттердің бірінші кезекте қолданған қорғаныс стратегиясы банктерді қолдаумен байланысты болды.
Бұл заңдылық та. Өйткені банктер экономиканың сан-саласына дем беріп отыратын қан тамырлары іспетті. Банк қаржыдан қысылса, экономиканың салалары да тарыға бастайды. Сондықтан, алпауыт елдердің өзі ең алдымен ірі банктеріне қаржылай қолдау көрсетуге кіріскенін әлемдік тәжірибеден көріп отырмыз. Мұндай дәстүрлі амалды біздің ел де қолданып, елдегі жүйе құрушы негізгі банктердің капиталына кіргені мәлім. Алайда ел үкіметінің осы қадамына күмәнмен қараушылар өз ішімізде де табылған сияқты. Соған орай, біз қаржы дағдарысы сансыратқан былтырдан бері қандай елдер ірі банктеріне қол ұшын созып, қайсысы капиталына қомақты қаражат салғанына шолу жасағанды жөн көрдік. Мәселен, өткен жылдың қыркүйек айының соңында Ұлыбританияның ірі ипотекалық алыбы, ауқымы жағынан елдегі сегізінші ірі банк ? Bradford & Bingley мемлекеттің қолына өтті. Қыркүйектің 29-ы күні (2008 жылы) аталмыш елдің қаржы министрлігі бұл шешім банктің күйреу қаупі туындауына байланысты қабылданғанын мәлімдеді. Британдық үкімет Bradford & Bingley банктің ипотекалық құрылымын өз бақылауына алып, оның 40 миллиард фунт стерлингке жететін осы саладағы барлық міндеттемелерін бюджеттік қаражаттармен кепілдендірді. Ал бұл банкте 2,5 миллионға жуық британдық жалпы сомасы 22 миллиард фунт стерлингке жуықтайтын салымдарын ұстайды. Тағы бір мысал, өткен күзде, сондай-ақ Ұлыбритания үкіметі ұлттық банк секторын тұрақтандырудың бірінші шұғыл бағдарламасының аясында Royal Bank of Scotland ?тың да капиталына 58 пайыздық үлеспен кірді. Мақсат ? банктің күйреуіне жол бермеу. Өйткені бұл қаржы институты елдегі екінші ірі банк саналады. Бірақ дағдарыстың кейінгі салдарларына байланысты мемлекет ондағы үлесін 58-ден 70 пайызға дейін ұлғайтты. Себебі өткен 2008 қаржы жылының алғашқы жартысында банктің шығыны 690 миллионнан астам фунт стерлингті құраған. Сөйтіп биылғы жыл Royal Bank of Scotland-тың 300 жылдан астам тарихында толықтай шығынмен аяқталған алғашқы жыл болатындығы болжануда. Байқап отырғанымыздай, осы жолғы қаржы дағдарысы экономикасының ауқымы біздікінен бірнеше есе үлкен, дамыған елдердің де қаржы институттарын шайқалтып, кейбіреулерін тіпті «құлаудың» аз-ақ алдына келтіруде. Мұндай жағдайдан Германия экономикасы айналып өткен жоқ. Мысалы, Германия үкіметі де елдегі екінші ірі банк саналатын Commerzbank-тің 25 пайыз және 1 акция үлесін алып, сол арқылы қаржы институтының ірі акционеріне айналды. Мемлекет соның негізінде банкке шатқаяқтап кеткен жағдайын түзеу үшін 10 миллиард еуро көлемінде қаржы бөлді. Қаржы министрі Михаэль Глос мемлекеттің бұл шешімі «банктің өз міндеттерін жақсы атқаруына және мәмілелерді қамтамасыз етуіне мүмкіндік беретінін» айтса, банктің бақылау кеңесінің төрағасы Клаус Петер мұны дер кезінде жасалған тұщымды қолдау деп бағалады. Германия Федералдық үкіметі мұнымен қатар, тұйыққа тірелген Hypo Real Estate банкіннің де 50 пайыз акциясын сатып алу турасында шешім қабылдап қойды. Ал Исландия былтырғы жылдың қазан айында елдегі үш бірдей ірі банк -Glitnir, Landsbanki Islands және Kaupthing Bankті мемлекеттің бақылауына алды. Бұл банктердің борышкерлік міндеттемелерінің жалпы көлемі 61 миллиард долларға бағаланады. Соған қарамастан, мемлекет қаржы институттарына қол ұшын созып, барлық салымдар бойынша кепілдік беріп отыр. Бұлай етпеске әбдісі де жоқ. Өйткені аталған банктердің артында салымшылар ? қарапайым халық тұрғандықтан, олардың мүддесін бірінші кезекте мемлекет қорғамаса, қазіргідей дағдарыста бұған банктердің өздері қауқарсыз. Қаржы дағдарысының құрдымына кетпес үшін банкті мемлекеттендіру қадамынан Бенелюкс елдері де бас тарта алған жоқ. Былтыр қыркүйекте Бельгия, Голландия және Люксембург Fortis банктер тобының өз аумақтарындағы өкілдіктерінің 49 пайыз акцияларын сатып алып, осы мақсатқа 11,2 миллиард еуро жұмсауға мәжбүр болды. Соның ішінде Бельгияның өзі банктің 49 пайыз үлесін 4,7 миллиард еуроға, Нидерланды 4 миллиард еуроға сатып алса, Люксембург 2,5 миллиард еуро көлемінде кредит ұсынды. Бұл кредит бойынша міндеттеме Fortis - тің люксембургтік құрылымының 49 пайыз акциясына конвертациялануы мүмкін. Осылайша, шамамен 16 миллиард АҚШ долларына бара-бар қаражат бөлу арқылы аталған үш ел бельгиялық ірі қаржы институтына деген сенімді қалпына келтіруге тырысып отыр.