Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Әлемнің үздік Dota 2 жұлдыздары Астанада 1 млн АҚШ доллары үшін бақ сынайды

АСТАНА. KAZINFORM — Әлемге танымал Dota 2 ойыншылары мен жетекші халықаралық командалар Астанада 1 миллион АҚШ доллары көлеміндегі жүлде қоры үшін тартысқа түседі. Турнир 2026 жылғы 29 шілде — 9 тамыз аралығында өтетін халықаралық мультиспорттық «Болашақ ойындары — 2026» аясында ұйымдастырылады. 

Әлемнің үздік Dota 2 жұлдыздары Астанада 1 миллион АҚШ доллары үшін бақ сынайды
Фото: Ақорда

Жеңіс жолында Қытай, Қазақстан, Оңтүстік-Шығыс Азия, Оңтүстік Америка, Шығыс Еуропа және өзге де өңірлерден келген 16 команда бақ сынайды. Қатысушылар қатарында әлем чемпиондары, The International турнирінің финалистері, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі ең ірі жарыстарда танылған тәжірибелі киберспортшылар бар.

Dota 2 — дербес компьютерге арналған MOBA (Multiplayer Online Battle Arena) жанрындағы командалық стратегиялық ойын. Әр матчта бес ойыншыдан құралған екі команда виртуалды алаңда өзара бақ сынайды. Жеңіске жету үшін ойыншылар қарсыластың негізгі базасын жойып, өз базасын қорғауы тиіс. Бұл ойын стратегиялық ойлау қабілетін, үйлесімді командалық жұмысты және жедел шешім қабылдауды талап етеді.

Қазақстан намысын турнирде еліміздің жетекші Dota 2 командаларының бірі Rune Eaters қорғайды. Команда құрамында Даниял Әлібай (xsvampire), Әбдімәлік Сайлау (Malik), Әлім Беспаев (aik), Айбек Тоқаев (naive-) және Никита Остахов (Nicky`Cool) өнер көрсетеді. Астанада қазақстандық команда жергілікті жанкүйерлердің қолдауымен әлемнің мықты ұжымдарына қарсы ойнайды.

Турнирдің топтық кезеңінде 16 команда төрт топқа бөлінеді. Әр топтағы төрт команда тартысқа түседі. Кездесулер best-of-three форматында өтеді, яғни екі ойында жеңіске жеткен команда келесі кезеңге жолдама алады.

Плей-офф кезеңі тікелей іріктеу жүйесімен ұйымдастырылады: серияда жеңілген команда жарысты аяқтайды. Ал гранд-финалда командалар үш рет жеңіске жеткенге дейін ойнайды. Осылайша чемпион ең көбі бес ойынның қорытындысы бойынша анықталады.

MOBA PC дисциплинасы бойынша Dota 2 турнирі 2-5 тамыз аралығында Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді. 

Айта кетелік «Болашақ ойындары — 2026»: Астанадағы турнирге 50-ден аса елден адам келеді