Алешка Симкич Қазақстандықтарға Шенген визасын рәсімдеу бойынша кеңес берді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық студенттерге Еуропа елдерінде оқу немесе ұзақ мерзім болу жоспарланған жағдайда визалық рәсімдерді ерте бастау қажет. Ал қысқа мерзімді туристік виза алу салыстырмалы түрде жеңіл рәсім саналады. Дегенмен оның өзінде құжаттар мен қаржылық талаптар толық орындалуы тиіс.
Қазақстандағы Еуропалық одақтың елшісі Алешка Симкичтың айтуынша, әдетте 5 күндік Шенген визасы тез беріледі. Ал ұзақ мерзімді тұруға рұқсат алу үшін әлдеқайда көп уақыт қажет. Себебі мұндай рұқсаттарды елшіліктер емес, студент немесе өтініш беруші тұратын елдегі жергілікті құзырлы органдар рәсімдейді.
Елші студенттер тарапынан жиі айтылатын шағымдардың бірі — визаның тым қысқа мерзімге берілуі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл жағдай көбіне университеттердің оқу туралы ресми растауды кеш беруімен байланысты.
— Студенттер құжаттарды алған бойда бірден ұзақ мерзімді виза рәсімін бастауға тырысады. Бірақ бұл процесс бірден шешілмейді. Студент Еуропада оқитынын білген сәттен бастап визалық өтінішті бірден беріп, барлық құжатты алдын ала дайындауы қажет, — деп жауап берді Алешка Симкич журналистер сұрағына.
Сонымен қатар ол бірқатар ЕО мүше мемлекеттерде қысқа уақыт ішінде жүздеген өтініш түсіп, оларды өңдеу қиындық тудыратынын да мысал ретінде келтірді.
ЕО елшісінің айтуынша, туристік виза алу жеңілірек болғанымен, ұзақ мерзімді оқу немесе тұру үшін рәсімдер күрделірек және уақытты көбірек талап етеді. барлық рәсімдер уақытында басталған жағдайда процесс әлдеқайда жеңіл өтеді деп атап өтті.
Бұған дейін ЕО елшісі визалық рәсімдерді жеңілдету туралы келісімнің қашан күшіне енетінін айтты.