Әлеуетті Әулие-ата: Жамбылдың өндірістік әлеуеті туралы деректі фильм жарық көреді
АСТАНА. KAZINFORM – Жаңа туынды «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Жамбыл облысында жүзеге асып жатқан істер туралы баяндап, өңірдің өндірістік әлеуетін көрсетеді.

Бүгінде облыста құны 3,6 трлн теңге болатын түрлі жоба жүзеге асып жатыр. Өңірдегі жеке кәсіпкерліктің арқасында 167 мың тұрғын өзін-өзі жұмыспен қамтып, атаулы әлеуметтік көмектен бас тартқан.
Облыстың өндірістік әлеуетіне айтарлықтай септігін тигізіп отырған алып зауыт – «Супер-фарм». Өндіріс орны 2006 жылы Айша бибі ауылында бой көтерген. Бүгінде онда 650 адам еңбек етіп, Қазақстанды медициналық жабдықпен қамтып отыр.

– Бастапқыда зауыт оншақты ғана медициналық бұйым шығаратын. 2012 жылдан бастап жыл сайын өнім санын көбейте бердік. Жаңа өндіріс алаңдарын салдық. Қазір 350 түрлі медициналық бұйым шығарамыз. Жылына 250 миллион шприц, 35 миллиондай система сияқты, жалпы 500 миллионнан аса зат өндіреміз, – дейді зауыттың өндіріс жөніндегі директоры Әлішер Анарметов.
Мұндағы үш цехта 400-ден астам станок жұмыс істейді. Ал бұл құрылғылардың тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істеуі – тәжірибелі мамандардың ерен еңбегінің нәтижесі.
– 2015 жылдан бері осы зауытта қызмет етемін. Мұнда алғаш 24 жасымда келген едім. Содан бері үш жыл қатарынан Қытайға барып, заманауи станоктармен жұмыс істеуді үйрендік. Қазір біз осы станоктардың 24 сағат бойы ақаусыз, үзіліссіз қызмет етуін қадағалаймыз. Басты талап – өндіріс көлемін толық әрі сапалы орындау. Зауытта 400-ден астам станок жұмыс істейді. Мұнда үш ірі цех бар, мен сол үшеуінің де құрылғыларын жақсы білемін. Өзімнің бригадамда 17 жұмысшы бар. Олардың бәрін осы кәсіпке өзім баулыдым. Қазір барлығы өз міндеттерін мінсіз атқарып жүр, – дейді аға электромеханик Ермек Спанов.

Зауыт соңғы жылдары толықтай отандық медициналық бұйымдарды шығарып жатыр. Кәсіпорын көрпе-жастықтан бастап, жаялық, халат, бахила, түрлі деңгейдегі маскалар сынды медициналық заттарды өздері өндіреді.
– 2022 жылы мата шығаратын зауытты ашып, іске қостық. Бұрын оны Ресейден, Қытайдан сатып алатынбыз. COVID кезінде шекара жабылып, еш жерден сатып алар мүмкіндік болмады. Сөйтіп, медициналық матаны өзіміз шығаруымыз керек деген шешімге келдік. Матаға қажет полипропилен Атырауда өндіріледі. Бір сөзбен айтқанда, бұл бұйымдар – толықтай Қазақстанда жасалған өнім, – дейді зауыттың өндіріс жөніндегі директоры Әлішер Анарметов.
Жамбыл облысы медициналық туризмімен де танымал. Өңірдегі «Меркі» шипажайы – елімізге белгілі орталықтардың бірі. Радон суымен емдейтін мекеме теңіз деңгейінен 750 метр биіктікте орналасқан.

– ТМД елдері бойынша біздің шипажайдағы радон суының концентрациясы ең жоғарғы болып есептеледі. Жер шарында концентрациясының жоғарылығы бойынша үшінші орын алады. Сондықтан басты бес бағыт бойынша ем жүргіземіз. Мұнда буын-тірек қимылдары жүйесі аурулары, тері аурулары, жүрек-қан тамыр жүйесі аурулары, гинекологиялық және зәр шығару жүйесі ауруларына ем жасалады және неврологиялық ауруларына ем береміз, – дейді бас директордың медицина бойынша орынбасары Әлия Тасжүрекова.
1959 жылы киіз үйден басталған шипажай бүгінде жылына 10 мыңнан аса адам қабылдайды.
– Менің білуімше, Белокурихада радон суының концентрациясы бір дециметр кубқа 25 нанокюриге дейін жетеді. Ал біздің шипажайдағы радонның мөлшері әлдеқайда жоғары – бір дециметр кубта 80-нен 120 нанокюриге дейін барады, – дейді шипажай маманы.
Жамбыл облысы инвестиция тарту бойынша еліміздің жетекші өңірлерінің біріне айналып отыр. Аймақтағы агроөнеркәсіп, тау-кен, құрылыс химиясы және өңдеу салаларында үлкен мүмкіндіктер көп. 2025–2028 жылдар аралығында жалпы құны 3,6 триллион теңге болатын 82 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде 2,5 триллион теңге тұратын 16 ірі жоба шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асады.
- Жергілікті бюджеттің кірісін ұлғайту мақсатында, облыс аумағында жұмыс істейтін, бірақ басқа өңірлерде тіркелген 78 ірі кәсіпорынды өз өңірімізге салық төлеуші ретінде қайта тіркеу бойынша жұмыс жүргіздік. Соның нәтижесінде 2024 жылдың басынан бері бұл кәсіпорындар жалпы 5,6 млрд теңге салық төледі. Оның 2,7 млрд теңгесі – жергілікті бюджетке түскен түсім, - дейді Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев.
Қордай ауданына қарасты Қарасу ауылының жанында ашылған жаңа цемент зауыты – соның айғағы. Бұған дейін жергілікті әктас көрші Қырғызстандағы зауытқа жөнелтіліп келген. Енді Қазақстан мен Сингапурдың бірлескен жобасы – KORCEM зауыты жылына 1,5 миллион тонна цемент өндіреді. Экологияға зияны жоқ бұл зауытта жол, көпір, метро, тұрғын үй құрылысына қажетті М400, М450, М500 маркалы цемент шығарылады.
– Бұл – бесінші буын зауыт. Мұнда 77 фильтрдің 38-і қолданылады. Шаң бес сатылы фильтрациядан өткізіліп, қайтадан өңделіп цементке айналады. Қырғызстандағы зауыттан қандай шаң шығып жатқанын білетін боларсыздар. Ал бізде шаң жоқ. Шаңның өзін кәдеге жаратып жатырмыз, – дейді әкімшілік бөлімінің басшысы Ғазиден Әбдірайымов.
Зауыттың тағы бір пайдасы – жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту. Мұнда Қарасу мен Өтеген ауылдарынан 240 адам жұмыс істеп жүр. Зауыт толықтай іске қосылған соң тағы 587 адамға жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, жергілікті бюджетке жыл сайын 3 млрд теңгеге дейін салық түспек.
Айта кету керек, алдағы он жылда инвесторлар өндірісті отандық мамандарға толықтай тапсыруды көздеп отыр.
– Бұл он жылдық инвестициялық жоба. Осы уақыт ішінде барлық цехта өзіміздің мамандарды дайындап шығаруымыз керек. Қауіпсіздік инженері сияқты негізгі мамандықтардың бәрін олар үйретіп береді. Он жылдан кейін зауытты толық қабылдап, басқарады, – дейді Ғазиден Әбдірайымов.
Облыста «Шатырқұл» кен байыту фабрикасы, «Жайсан» кен орны сынды ірі кәсіпорындар да жұмыс істейді. Оған қоса, Қазақстандағы ең үлкен шағынаудан да Жамбыл өңірінде орналасқан. 45 мың тұрғыны бар бұл аймаққа 144 көпқабатты, 967 жер үй салу жоспарланған.
Еске сала кетейік, жақында ғана Jibek Joly арнасынан Қазақстанға қайта оралған Тұран жолбарысы туралы жаңа деректі фильм көрсетілген еді.